Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысындағы 600-ге жуық балаға ҚР Президентінің құттықтау хаты мен мерекелік сыйлықтары тапсырылды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Төлеби ауданындағы балалар үйі мен оңалту орталығына және аудандық ауруханаға барған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев тәрбиеленушілер мен емделуші балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Олармен жүздесіп, мерекелік лебізін білдіріп, Президенттің құттықтау хаты мен сыйлықтарын ұсынды.
– Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Армандарыңыз орындала берсін. Денсаулық, амандық, отбасыларыңа береке тілеймін, – деген Бейсен Дәулетұлы балалармен пікір алмасып, сыйлықтарын тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесті. Одан кейін Төлеби аудандық ауруханасындағы 40-тан астам балаға сыйлық тапсырды. Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-сінде де болды. Бүгінгі таңда 55 қызмет алушы тіркелген орталықта Жаңа жылдық шырша мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Мұнда да Қазақстан Республикасы Президенті атынан балаларға планшеттер табыстады. Балалар өз кезегінде ән шырқап, би билеп, өнерлерін көрсетті.
Жалпы, Жаңа жыл мерекесіне орай облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 3 білім беру ұйымдарындағы 140 балаға, әлеуметтік мекемедегі 55 балаға және облыстағы 25 аудандық, қалалық балалар ауруханаларында ем қабылдаушы 400 балаға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Жаңа жылдық мерекелік сыйлықтар берілді.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі