Бүгін Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориал-ескерткіштің ашылуы рәсімі өтті.
Шараға Мемлекет басшысы арнайы келіп, тағзым етті. Аталған мемориалда жыл басында елімізде орын алған қайғылы оқиға бейнеленген. Бұл – бейбіт наразылыққа шығып, елдің тұтастығын бұзуға ниеттенген топтың кесірінен опат болған боздақтардың рухына тағзым ретінде орнатылған ескерткіш.
2022 жылдың қаңтарында еліміз дүр сілкінді, көптеген жазықсыз адамдар қайтыс болды, олардың арасында балалар да бар. Өкінішке қарай, бұл қазақстандықтардың көптеген отбасылары үшін сынақ болғаны рас. Орнатылған белгіде соңғы 30 жылдық тарихымыз қамтылған. Мемориалдан желтоқсан оқиғаларының жаңғырығын және қаңтар оқиғалары кезеңіндегі халықтың қайғысын көреміз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тағзым» мемориалының ашылу рәсімінде қасіретті қаңтар - Тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын айтты.
– Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Күштік құрылымдарға шабуыл жасалып, қару-жарақ қоймалары тоналды. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді Президент.
Қазіргі әлемдік саясат – тек ел болып біріккенде ғана мемлекеттің шаңырағы шайқалмайтынын, уығы сынбайтынын, керегесі құламайтындығын көрсетті. Демек, біз осындай оқиғалардан сабақ алып, кез келген мәселені бейбіт жолмен шешіп, революциялық емес, эволюциялық жолмен қадам басуымыз қажет. Бұл – Тәуелсіздігіміз бен бейбіт өміріміз үшін маңызды екендігін уақыт көрсетті. Ендеше ынтымағымыз бен бірлігімізден айырылмайық, ағайын!
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық Ардагерлер алқасының төрағасы