Қазақстандағы балық шаруашылығы, оның қазіргі жағдайы мен даму перспективалары

Қазақстандағы балық шаруашылығы, оның қазіргі жағдайы мен даму перспективалары

ашық дереккөзі

Әлия Лазарқызы, оқырмандарымызға Қазақстандағы балық шаруашылығы, оның қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы жалпы айтып беріңізші.

Балық шаруашылығы экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі болып табылады.

Сарапшылардың пікірінше, балық шаруашылығының одан әрі дамуы үшін үлкен әлеуеті бар.

Осыған байланысты, біз Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының индикаторларына қол жеткізуге бағдарланып отырмыз.

Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және балық өсіру.

Бүгінгі таңда 1600-ден астам су айдыны 1200 субъектіге бекітілген, онда 12 мыңнан астам адам балық аулаумен айналысады.

Табиғи су қоймаларында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады және бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде.

Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі, онда ірі балық шаруашылығы су айдыдары бар: Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан көлдері, Арал теңізі және басқалары.

Балықты өндеумен 72 кәсіпорын айналысады, оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және балық өнімдерін Еуропа Одақ елдеріне экспорттау құқығын алған, қалғандары ішкі нарыққа және жақын және алыс шетелдерге бағдарланған.

Келешекте табиғи су айдындарының табиғи ресурстарын сақтап, орнықты пайдаланумен қатар, балық өсіру шаруашылығының үдемелі дамуын қамтамасыз ету көзделген.

Мұнда біз балық аулаудан балық өсіругебіртіндеп қайта бағдарлау бойынша әлемдік тәжірибеге сүйеніп отырмыз.

Дәл осы балық өсіру шаруашылығы балық саласының өсу нүктесі болып табылады.

Мәселен, 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін балық өсіру жоспарлануда және осы негізде балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарлануда.

Аталған индикаторларға қол жеткізу үшін біздер бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шаралары енгізіліп, кеңейтілуде, бірінші кезекте бұл субсидиялау.

Қабылданған шаралардың арқасында бизнес субъектілерінің іскерлік белсенділігінің артуы байқалады. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есеге артып, 2022 жылы 380-ге жетті. Өсірілген балық көлемі де соңғы 5 жылда жылына 3 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсті.

Жалпы алғанда, мыңнан астам жаңа шаруа қожалықтарын құру жоспарлануда, олардың 47-сі бүгінгі таңда ірі болып табылады, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 150 млрд.теңгені құрайды.

Сіз осы жаңа саладағы мемлекеттік қолдау туралы айтып өттіңіз. Олар туралы толығырақ айтып берсеңіз?

Саланы табысты дамытудың маңызды факторы – бизнесті бастапқы кезеңде субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде қолдау.

Бүгінгі таңда балық өсірудің бірқатар бағыттарын субсидиялау көзделген:

Атап айтқанда , бұл субсидиялар:

- балық шаруашылығы саласындағы техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық салымдар кезінде 25%-ын өтеуге, оның ішінде 2022 жылғы маусымда тоған балық шаруашылығына, балықты қайта өңдеуге және балықтарға жем-шөп өндіруге арналған техника мен жабдықтарды сатып алу кезінде қосымша енгізілген субсидиялар;

- балық жемдерін сатып алу кезіндегі шығындардың 30%-ын өтеу;

- балық өсіру – биологиялық негіздемелері, балық отырғызу материалын, дәрілік препараттарды сатып алу құнының, балықтардың жөндеу-аналық табындарын сатып алуға және ұстауға арналған шығындар 50%-на дейін өтеу.

Сондай-ақ, акваөсіру субъектілері үшін 70% мөлшерінде арнайы салық режимі көзделген.

Біз тұрақты негізде өңірлерде осы саладағы бизнестің әртүрлі өкілдерімен кездесеміз. Олар саланың дамуын тежейтін өзекті мәселерді көтереді, оның ішінде мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларының жеткіліксіздігін атап өтеді және оларды шешу бойынша жүйелі шаралар ұсынылады.

Сондықтан, мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары Президенттің Алматы және Атырау облыстарының тұрғындарымен кездесу барысында берген тапсырмасына сәйкес пысықталатын болады.

Менің түсінуімше, акваөсіруді дамытуға баса назар аударылып отыр. Мұнда қандай негізгі проблемалар бар?

Иә, балық өсіру шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, шешуді талап ететін бірқатар мәселелер бар. Мұнда келесі жағдайларды бөліп көрсету керек:

1. Су ресурстарының тапшылығы артып келеді. Өкінішке орай, су аз болғандықтан, бүгінгі таңда балық өсіретін шаруашылықтар су тапшылығы проблемасына тап болуда.

2. Балық өсіру көлемінің ұлғаюына байланысты балық ауруларының әртүрлі түрлерінің пайда болу қаупі артады. Сондықтан, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті мәселе болып табылады, бірақ бүгінде балық ауруларын зерттеу бойынша мамандар (ихтиопатологтар) жоқ.

3. Бекіре және албырт балық түрлерін өсіруге арналған балық азығы мен балық отырғызу материалындағы импортқа тәуелділік. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанда жоғары сапалы балық азығын өндіретін кәсіпорындар салу үшін инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмыстаржүргізілуде.

4. Балық өсірудің тиімді биотехнологияларын трансферттеу кезіндегі әлсіз ғылыми сүйемелдеу және білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

Журналист: Сіз саланы дамыту проблемаларының бірі ретінде су ресурстарының тапшылығының артуын атап өттіңіз. Балық өсірушілердің суға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесін қалай шешпексіздер?

Осыған байланысты акваөсіру субъектілерін тұйық сумен қамтамасыз ету қондырғыларын пайдалануға және су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру жөнінде шаралар қабылданды. Яғни, мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде балық өсіру бассейндерімен, суды тазарту жүйелерімен, суды оттегімен қанықтырумен және т.б. жабдықталған сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру кешенін салуға немесе кеңейтуге инвестициялық субсидиялар беріледі.

Бұдан басқа, жер үсті су көздерінен көлемдер жеткіліксіз болған кезде балық өсіретін тоғандарды немесе бассейндерді сумен толтыру үшін жер асты суларының әлеуетін пайдалану жоспарлануда.

Сонымен қатар, бизнес субъектілері ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу қажеттілігі туралы мәселені көтеруде, сондықтан бүгінгі таңда біз бұл мәселені пысықтап жатырмыз.

Журналист: А.ж. 6 желтоқсанында өткен Үкімет отырысында Экология министрі «Акваөсіру туралы» арнайы заң әзірленіп жатқанын атап өтті. Бұл туралы не айта аласыз?

Иә, «Акваөсіру туралы» заң жобасының тұжырымдамасы ағымдағы жылдың қыркүйегінде ведомствоаралық комиссияда мақұлданды. Заң жобасын Парламентке 2023 жылдың қараша айында енгізу жоспарлануда.

«Акваөсіру туралы» заң екі негізгі мәселені шешеді:

Бірінші. Акваөсіру саласындағы қатынастарды реттеудің құқықтық негізін қалыптастыру.

Екінші. Бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауды және салаға инвестициялар тартуды мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдарын енгізу.

Біз білетіндей, Мемлекет басшысы өңірлердегі халықпен кездесу барысында балық шаруашылығының проблемалық мәселелеріне назар аударып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мысалы, браконьерлікпен күресті күшейту. Осы бағытта қандай шаралар қабылдануда?

Шынында да, су айдындарында браконьерлік бар және онымен күресті күшейту Министрліктің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда біз тыйым салынған құралдармен балық аулауға жауапкершілікті күшейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, аталған бұзушылық үшін айыппұлды 20-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту, ал жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамақ қарастыру жоспарда бар.

Сонымен қатар, көлеңкелі айналыммен жүйелі күресу мақсатында ағымдағы жылы балық өнімдерін бақылаудың ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда, ол ауланған немесе өсірілген балықтың су айдынынан түпкілікті тұтынушыға дейінгі барлық жолын қадағалайтын болады.

Бүгінгі таңда жүйе әзірленуде. Сонымен қатар, балық өнімдерінің пайда болуының заңдылығын растайтын құжаттарды қалыптастыруға және беруге қатысатын мемлекеттік органдардың жүйелерімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Жүйені әзірлеуді аяқтау 2023 жылы жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық инспекцияларының материалдық-техникалық базасы айтарылықтай нығайтылды. Айталық, жоғары өтімді автокөлік, сондай-ақ жаңа жүзу құралдары сатып алынды. Осылайша, жаңарту 37% құрады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Әлия Лазарқызы, сіз бұрын бекіре тұқымдас балықтардың жалпы әлемдік көлемінің шамамен 90%-ы Каспий теңізіндегі болғанын білесіз. Өкінішке орай, әртүрлі факторларға байланысты олардың саны азайды, осыған байланысты 2010 жылдан бастап оларды аулауға тыйым салынды.

Осы реликті балық түрлерін қалпына келтіру шаралары туралы және жалпы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан балықтар мен жануарлардың басқа түрлерін сақтау жұмыстары туралы айтсаңыз?

Сұрағыңыз үшін рахмет. Бүгінгі таңда бекіре тұқымдас балықтардың қорын сақтау және қалпына келтіру өте өзекті мәселе болып табылады, былайша айтқанда, біз үшін басым міндеттердің бірі. Ол үшін біз кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл браконьерлікпен күресу, балық ресурстарының жасанды өсімін молайту және олардың табиғи уылдырық шашуына жағдай жасау. Ағымдағы жылы көктемгі кезеңде еліміздің батыс өңірінде «БЕКІРЕ-2022» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтті. Акция барысында 1200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, 54 қылмыстық іс қозғалды, заңсыз айналымнан 21 тонна балық, оның ішінде 1,8 тонна бекіре, 755 кг уылдырық тәркіленді.

Сонымен қатар, Атырау қаласында орналасқан екі мемлекеттік бекіре балық өсіру зауыты өсіретін бекіре тұқымдас балықтардың 7 млн. дана шабақтары жыл сайын Жайық өзеніне жіберіледі.

Аталған зауыттардың өндірістік базасы тозған, бұл оларды реконструкциялау мен жаңғыртуды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз инвестициялық ұсыныс әзірлеп жатырмыз, оны 2023 жылдың бірінші тоқсанында Ұллтық экономика министрлігінің қарауына енгізу жоспарланып отыр.

Бекіре балық өсіру зауыттарының өндірістік базасын реконструкциялау және жаңғырту олардың жобалық қуаттылықты жылына 7-днен 12-15 млн данаға дейін ұлғайтуды және бекіре тұқымдас балықтардың өзіндік аналық табынын қалыптастыруды көздейтін болады.

Сондай-ақ балықтардың уылдырық шашуына жағдай жасау бойынша шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларын тереңдету жұмыстары жүргізілуде. 2018-2020 жылдары ұзындығы 194 км балық өтетін арналарда су түбін тереңдету жүргізілді. 2022 жылы осы мақсаттарға 3 млрд.теңге бөлінді және қыркүйек айынан бастап арналарда 32 км жұмыс жүргізілді.Жұмыстар келесі жылыда жалғасатын болады.

Сонымен қатар, балықтар мен басқа су жануарларының сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін сақтау бойынша шаралар қабылдануда. Жыл сайын республикалық және халықаралық маңызы бар су айдындарында ғылыми зерттеулер жүргізіледі, олардың шеңберінде олардың жай-күйіне мониторинг және бағалау жүзеге асырылады, нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар әзірленеді.

Мысалы, биылғы жылы ғылымның ұсынысы бойынша күтім балығы Қызыл кітапқа енген балық түрлерінің тізімінен алынып тасталды, бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы балық түрлерінің түрлік құрамын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл өңірде балық өңдеуді одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде қазіргі уақытта Каспий итбалығының популяциясын сақтау, олардың мекендеу және көбею аумақтарын қорғау үшін мемлекеттік табиғи резерват құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда табиғи-ғылыми негіздеме әзірленуде, оны 2023 жылдың қаңтарында алуды және одан әрі технико-экономикалық негіздеме әзірлеуге кірісуді жоспарлап отырмыз.

Жалпы, балық шаруашылығы саласындағы көзделген шаралар экономиканың осы секторындағы кәсіпкерліктің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз деп ойлаймын.

Жүктелуде...