Түркістан қаласында 110 кВ солтүстік қосалқы станциясы салынып жатыр. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін Түркістан қаласының индустриалды аймағында орналасқан шағын және орта бизнес нысандары мен қоса, қаланың «Бекзат», «Бірлік» мөлтек аудандары және жақын маңда орналасқан Сауран ауданының Теке, Нұртас елді мекен тұрғындары, әлеуметтік, шағын бизнес нысандары сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін құрылыс алаңында болып, жұмысшылармен кездесті. Жауапты басшыларға құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Бүгінде қосалқы станцияның ішкі жұмыстары жүргізілуде. Тура бір жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстарын келер жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Республикалық және облыстық бюджеттен 6 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған.
– Түркістан облысы және осындағы индустриалды аймақтар үшін электр қуатының маңызы зор. Қуат көздерін арттыру, сапалы электрмен қамту өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан бұл станцияның құрылыс уақтылы аяқталуы тиіс. Әлі де мұндай жобаларды көбейту жолын қарастырамыз. Өндірісті, кәсіпкерлікті дамытамыз десек қуат көздері мен инфрақұрылым сақадай-сай болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы Сауран ауданындағы жиһаз цехында болды. 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жылына 2500 дана жиһаз шығарады. Кәсіпорын жұмысын кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, жұмыс күші екі есе артпақ.
Сауран ауданы алып құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығы Шорнақ елді мекенінен 38 га жер бөлініп, мемлекеттік органдардың 5 әкімшілік ғимараты бой көтерді. Онда аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелерінің ғимараттары және мәдениет үйі орналасады. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.
– Сауран ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы керек. Әкімшілік ғимараттары мен осы аумақтағы нысандардың сәулеті бір-бірін толықтырып тұруы қажет, – деген Дархан Сатыбалды Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековке тапсырмалар берді. Мердігерлермен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады. Жауапты басқарма басшыларынан аудандағы нысандарды қаржыландыру бойынша ойларын тыңдап, мәселелерді талқылады.
Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысына 1 млрд. теңге қаралды. Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Білім ұялары Оранғай мен Ибата елді мекенінде салынып жатыр.
Аудан орталығын ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстарына Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Нысандар жыл қорытындысымен пайдалануға беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 7 жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы мен футбол алаңшасын салуға 530 млн. теңге қаралды. Автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі