Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
29 қараша, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Саусақтар сөйлейді» жобасының екінші кезеңі: Ата-аналар балаларымен «қайта қауыша» бастады

«Саусақтар сөйлейді» жобасының екінші кезеңі: Ата-аналар балаларымен «қайта қауыша» бастады

«Саусақтар сөйлейді» жобасының екінші кезеңі: Ата-аналар балаларымен «қайта қауыша» бастады
ашық дереккөзі

Ақтөбеде әлеуметтік «Саусақтар сөйлейді» жобасының екінші кезеңі жүріп жатыр. Биыл жаз мезгілінде алғаш рет Ақтөбеде басталған тегін ым-ишара тілі курсы араға уақыт салып, жергілікті әкімдіктің қолдауымен қайта жалғасты, деп newsroom.kz хабарлайды.

Жоба авторлары – танымал журналистер Әлия Таласова мен Нұргүл Қалиева.

«Ұзақ жылдар бойы телеарналарда, аутсорсинг компанияларда қызмет етіп келемін. Бағдарламалар әзірлейміз, режиссерлік жұмыстармен айналысамыз. Түрлі ойлар келеді. Оны эфирге шығару үшін көп еңбектенеміз. Ал, әлеуметтік жобамен алғаш айналысуым. Жұмыс барысында сурдоаудармашылармен сөйлескенде көптеген проблемаға қанық болдым. Солардың бірі – нашар еститін, дұрыс сөйлемейтін балаларды ата-аналарының түсінбеуі», – дейді журналист Әлия Таласова.

Жоба авторы ойлана келе, ата-аналар мен балалары бір-бірімен тіл табысуы үшін жоба ойластырып, Назарбаев қорына ұсыныс жасайды.

«Өмір бойы редакциядан шықпаған мен үшін әлеуметтік жобамен айналысу – жаңа дүние еді. Дегенмен, ойыма алған нәрсені соңына жеткізбейінше тыным таппаймын. Содан әріптесім Нұргүл Қалиевамен ақылдаса келе, осы жобаны қолға алу жөнінде ұсыныс айттым», – дейді Таласова.

Екі журналист алдымен концепциясын әзірлейді. Сурдоаудармашылармен ақылдаса отырып, оларға не керектігін, қандай проблемалар бар екенін біледі.

«Жобаны алдымен Назарбаев қорына ұсындық. Олар біздің жобаны көпшілікке үлгі ете отырып, қолдады. Екі ай көлемінде Ақтөбеде тегін ым-ишара тілі курстарын ұйымдастырдық. Балалары сөйлей алмайтын ата-аналардың қуанышы көздерінен көрініп тұрды. Әдетте, «тамақ іш», «киіміңді ки», «ұйқыдан тұр» дегеннен аспайтын ата-ана мен бала қатынасы бұрынғыдай емес, өзгере бастады. Өзара тілдесіп, бір-бірімен жақын араласа бастағандарын айтты. Түрлі отбасы, түрлі жағдай. Әр баланың оқиғасын естігенде жүрегім ауырады. Бірақ, титтей пайдамыз тигенге қуанып қаламыз», – дейді журналист, «Жас өрен» қоғамдым бірлестігінің жетекшісі Нұргүл Қалиева.

Айта кетейік, бүгінде Ақтөбеде «Саусақтар сөйлейді» жобасы аясының екінші кезеңі өтіп жатыр. Бастауыш және жалғастырушы топтар аптасына бірнеше рет сабақ алады. Қатысушылардың жалпы саны 60-тан асады.

Дәрісті білікті педагогтар оқиды.