Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
22 қараша, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Астаналық ұстаз: Ел ертеңі – жастардың қолында

Астаналық ұстаз: Ел ертеңі – жастардың қолында

Астаналық ұстаз: Ел ертеңі – жастардың қолында
ашық дереккөзі
Астана қаласы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Асқар Сағынғалиұлы биылғы Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info. Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуына қызмет ететін болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру, білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қасым-Жомарт ­Кемелұлының бұл Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындайды. Президенттің әрбір Жолдауы өз жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен еліміздің өркендеуіне, жаңғыруына негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Биылғы Президент Жолдауының негізгі мәні жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп арқылы еліміздің дамуына арналып отыр. Маған ұнағаны – 2023 жылы жаңа Салық кодексінің әзірленуі, ол бойынша «сән-салтанатқа салық» енгізу. Бұл біздің қазақ тарихындағы кешегі Алаш зиялыларының Алашорда бағдарламасындағы салық табысқа қарай байға-байша, кедейге-кедейше әділ жолмен салыну керектігімен ұштасып жатқандай. Ауыл шаруашылығын дамыту, су мәселесін шешу жолдары – бүгінгі ауылдағы шаруашылықпен айналысып отырған халықтың өзекті мәселесі. Қазақ – ежелден жерден бұрын мал өсіріп, берекесін келтірген халық. Алайда бүгінгі күнде көршілеріміз Ресей, Қытай, Орталық Азия елдерінен келетін су көздерінің азаюынан шабындықтардың кеуіп, құрғап қалып, ауыл шаруашылығын кері кетіруде. Одан ауыл халқы мал шаруашылығымен айналысу қиындығынан аудан, кент, қалаға урбанизацияланып, жас пен кәрінің екі қолға бір күрек таба алмай жатқандығын ешкім жоққа шығара алмас. Алайда Президентіміздің бастамасы оңынан болса, көптеген ауыл халқының арман-тілегі орындалып, ауыл тамырына қан жүріп, шаруашылықтары алға басары сөзсіз. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер, әсіресе, өсіп келе жатқан жастарды қуантқаны сөзсіз. Себебі көп жастар мемлекеттік грантқа үмітті талапкерлердің көптігінен жоғары оқу орындарына түсе алмай қалып жататыны жасырын емес. Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін қиындық туғызып отыр­ғаны мәлім. Жолдауда жастарға 2-3 пайыздық несие беру арқылы ЖОО оқи алатыны көптің үмітсіздігіне қуаныш сыйлады деп айта аламын. Қазіргі қоғамда бәсекеге қабілетті жастардың жоғары білім алғаны қай ел үшін болса да маңызды. Себебі елдің ертеңі – осы жастардың қолында. Қазақстанның жарқын болашағын жанкешті еңбек арқылы құруға болады. Қазақстан үшін қызмет ету – бұл кедейлікті, ауруларды, теңсіздікті келмеске келтіру. Біздің заманымыздың Алаш қайраткерлерінің жоғары мақсаты мен асыл арманы – әр қазақтың көзіндегі әрбір жас тамшысын сүрту болатын. Осы жолдағы қызметіміз Президентімізбен бірге ар-намыспен жүре отырып өз елімізге, оның халқына және бұдан кең ауқымда қызмет етуміз керек деп есептеймін.