Қарауылан Валентина Евстафьевна 1941 жылы Украинада дүниеге келген. Мектепті 1958 жылы бітіріп, бірден Одесса гидрометеорологиялық институтының "метеорология және агрометеорология" факультетіне оқуға түсті, деп newsroom.kz жазады.
Институтты бітіргеннен кейін 1963 жылы Қазақстанға жіберілді. Алматыға келгеннен кейін 3 айлық тағылымдамадан өтіп, Солтүстік Қазақстанның бес облысын біріктірген тың өлкенің астанасы — Целиноград қаласына жұмысқа жіберілді.
Тың және тыңайған жерлерді игеру, Ақмола гидрометеобюросының қайта құрылуына себеп болды, оның функциялары Целиноград гидрометеорологиялық обсерваториясына (ЦГМО) дейін кеңейтілді.
Обсерватория штаты негізінен Кеңес Одағының әр түкпірінен келген жас мамандармен жасақталды. Арнайы жастарды орналастыру үшін, Лесной көшесінде (қазір Жангелдин көшесі) 4 қабатты тұрғын үй салынды.
Келген бойда, Валентина Евстафьевна метеорология бөліміне инженер-метеоролог лауазымына тағайындалды. Әр бақылау пунктінің қызметін бағалау маұсатында, жұмыс тың өлкенің желілік бөлімшелеріне жиі шығумен байланысты болды.
Метеостанцияларға бару мамандарға өз білім деңгейін арттыруға, өз мамандығын игеруде практикалық дағдыларды алуға, гидрометеостанциялардың қызметкерлеріне жәрдем көрсетуге мүмкіндік берді.
Валентина Евстафьевна инженер, аға инженер лауазымында 15 жыл жұмыс істеді. Кейін метеорология бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Жұмыста ол жаңа бақылау пункттерінің ашылуына, метеостанциялардың ауысуына, әдістемелік тексерулерге, құрылғыларды орнатуға ат салысты.
Обсерваторияның қызметі уақыт өте кеңейе түсті. Химиялық және агрохимиялық зертханалар ашылды. Целиноград гидрометеорологиялық обсерваториясы барлық бастамаларда әрдайым алдыңғы қатарда болды. Бақылау желісінің штатын оқыту және жүргізілген бақылаулардың сапасын арттыру мақсатында, барлық желілік қызметкерлер үшін семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын өткізу шешімі қабылданды.
Жазда ГМО-ға Қазақстанның барлық облыстарынан қызметкерлер келіп, оларға қазіргі заманғы қашықтықтан басқару аспаптарымен жұмыс істеуге, метеорологиялық бақылауларға техникалық және сыни бақылауды қалай дұрыс жүргізуге, физикалық процестерді талдауға үйретті.
1987 жылы КСРО қайта құру кезеңінде, ЦГМО ұжымының жалпы жиналысында Валентина Евстафьевна гидрометобсерваторияның директоры болып сайланды және он жыл бойы осы лауазымда жұмыс атқарды.
Зейнеткерлік жасына қарамастан, еңбек жолын Астана қаласының гидрометеорологиялық мониторинг орталығында, содан кейін "Қазгидромет" РМК бас кәсіпорнында 2018 жылға дейін метеоролог ретінде жалғастырды.
Фото: egemen.kz