Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
15 қараша, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Құлықсыз» кинотеатрлар қоғам пікірін ескере ме?

«Құлықсыз» кинотеатрлар қоғам пікірін ескере ме?

«Құлықсыз» кинотеатрлар қоғам пікірін ескере ме?
ашық дереккөзі

Бәріне белгілі жайт – қазақ тілінде дыбысталған шетел кинолары кинотеатрларда мүлде прайм-тайм кезіне қойылмайды, деп newsroom.kz хабарлайды aikyn.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

Ал мұны көбіне кинотеатрлар «қазақтілді киноларға сұраныс аз» деген пікірмен ақтап алады. Сондықтан ол фильмдер жұрт қарбаласып, жұмыста жүретін уақытта көрсетіліп, ақыры аудитория жинамайды. Осындай көзқарасқа көпшіліктің көндігіп қалғаны жасырын емес. Бірақ жағдайды түбегейлі бұлай бағалауға болмайтын секілді. Жұртшылық таяуда ғана кинотеатрлардан көрсетіле бастаған «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» фильмінің қазақтілді сеансының прайм-таймына шағымданып, керісінше, сұраныстың көп екенін аңғартуда.

Баға арқылы безіндіру

Жақында Қызылорда қаласы­ның тұрғыны Жазира Бағлан «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» фильмінің қазақтілді сеансына кинотеатрлар өздері көрермен жинағысы келмей­тінін айтып шағымданды. Оның сөзінше, қаладағы Kinoplexx кино­театры фильмді көрермендер үшін қолайсыз уақытқа белгілеген.

– Жаңа әрі көрсетілім сапасы жақ­сы болған соң қаладағы кино­сүйер­лердің көпшілігі Kinoplexx кино­театрына барады. «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» фильмінің қа­зақ тіліне дубляж­дал­ғанын естіп, көптен күттік. Алайда кинотеатр кү­ні­не бір рет қана көрсетілетін қазақ­тілді сеанстың уақытын 16:50-ге, яғни, жұртшылық үшін қолайсыз уақытқа белгілеген. Оның үстіне орыстілді сеанс бағасы 2 600 теңге бол­са, қазақтілдісіне кіру 4000 тең­ге. Осыдан соң кинотеатр­лар «қа­зақ­тілді сеансқа сұраныс жоқ» деп қалай айтады?, – дейді ол.

Расымен де, көпшілік бағасы ар­занына таңдау жасайтыны белгі­лі. Аталған кинотеатр желісі мұның нақты себебін түсіндіріп берген жоқ. Дегенмен кинотеатрлардың жеке­меншік екенін ескерсек, олар­дың да «мұртын балта шаппайтын­дай», ішкі саясаты ретінде қарас­тырып, мәселені айналып өтеді. Біз осыдан кейін еліміздің барлық қала­сын­дағы кинотеатрларда «Қара қабылан:Ваканда жасасын!» фильмінің көр­сетілу уақыттарын шолып шық­қан­быз. Сол баяғыдай, 10:00-ден басталып, әрісі 17:00-ге дейін ғана ба­ра­ды. Бірақ Қызылорда өңірін­дегідей қазақтілді сеанстың бағасын аса көтеріп қойғандары байқал­майды. Тек Шымкентте 200 теңге шама­сында айырмашылық бай­қала­ды. Дегенмен бұл оларды ақ­тау­ға негіз емес. Прайм-тайм жайы жұртшылықты одан әрі тол­ған­дыра бермек. Мысалы, Алматы­дағы «Kino­park» желісінде 8 кино­театр бар, оның тек төртеуі «Қара қабылан» фильмін 1 ғана сеанстан қазақ тіліндегі дубляжын көрсетуде. Оның үстіне 15:30-15:50 секілді ыңғай­сыз уақыттарға қойған. Бір қарасаңыз, бұл – қазақтілді көрер­меннің таңдау құқын шектеу екені анық.

Мейлі, көрсетіп-ақ жатыр дей­сіз ғой. Әйткенмен кинотетарлар қазақ­тілді сеанстың уақытын ысыра салып, кейде көрсетпей тастауда. Ал­маты тұрғыны Ернар Бекенов осындай жайсыз оқиғаға тап бол­ған.

– Жексенбіде балаларымды ер­тіп, «Қара қабылан» фильмін көріп қай­тқымыз келген. Кинопарк желі­сі­нің Атакенттегі кинотеатарына 14:00-ге онлайн билет алдық. Енді фильмді қарауға келгенде «қазақша сеансты алып тастадық» деп қарап отыр. Оның орнына орысша сеанс­қа кіруді немесе кешкі 19:00-ге де­йін күтуімді ұсынды. Келіспедім, билет құнын қайтаруды сұрасам, «онлайн төлем қайтарылмайды» дей­ді. Сауда саласында жүрген адам ретінде айтарым, төлемнің қай­тарыл­майтын түрі болмайды. Ақы­ры кассадан билет ақшасын алдыр­тып, көңіл күйіміз түсіп үйге қайт­тық, – дейді азамат.

Министрлік міндеттей алмайды

Жалпы, осыған дейін кинотеатр нарығының сарапшылары барлық облыс орталықтарында, елордада қазақ киносын көрсету үшін бір муниципалды мемлекеттік кино­театр­ды қалдыру керек екенін ай­тып келді. Олар әсіресе қазіргідей жағдайда прайм-тайм мәселесін реттеуге көмектесуі тиіс болған. Бірақ іске аса қоймады. Ал қазақ­тілді фильмдерге сұраныс жоқ деген пікірмен келісе алмаймыз. Мысалы, 2019 жылы Еуразия кинофестивалі болған кезде «Күлтегін» мульт­фильмі Астанадағы Хан шатыр мен Mega Silk Way сауда орталықтарында көрсетілді. Орын жетпеген балалар баспалдақ пен экран алдына жиналып тұрды. Ешкім тұрып кетіп қалған жоқ. Сол жылы сәуір айында «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» мульт­фильмі Қазақконцерт залында көр­сетілген. Сонда фильмді екі күн ішін­де 10 мыңнан астам бала келіп тамашалаған.

Қош, «Қара қабылан»-ның қазақ­тілді сеансы жайына қайта оралайық. Прайм-тайм мәселесін айтып Мәдениет және спорт ми­нис­трлігіне хабарласқан едік. Ве­дом­ство өкілдері жауапты қысқа қайырды. Олардың айтуынша, кинотеатрлар жекеменшік, соған қарамастан министрлік қазақтілді сеанстарды прайм-таймға қойға­нын қалайды. Осыған дейін ведом­ство басшысы Дәурен Абаев қазақ тіліндегі кино прокатын көбейтуге күш салатынын жеткізген еді.

Сарапшылар айтар сын көп

Осы мәселемен көп жылдан бері айналысқан адамдар болды. Соның бірі – «Болашақ» корпора­тив­тік қорына қарасты Қамқор­шы­лық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан. Біз оған қазақтілді сеанс­тардың прайм-тайм проблемасы жөнінде сұраған едік. «Болашақ» қоры бұған дейін Disney-дің таны­мал фильм­дерін қазақ тіліне сапалы дубляж­даған болатын. Алайда ки­но­театрларға келгенде ұжымға осын­дай мәселелер кедергі келтірген.

– Біз «Өзіңнен баста» жобасын іске асырғанда кинотеатрларда көр­сетілетін қазақтілді фильмдердің қолайсыз кестесіне байланысты проблемаға тап болдық. Менің жеке пікірім бойынша, бұның себе­бі – халықтың Голливуд фильмдерін тек орыс тілінде көруге менталды дағдысы қалыптасып қалған. Бұл бұрын теледидардан көрсетілген фильм­дердің өте сапалы дубляжына байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ кинотеатрлар мен дистрибью­тор­лардың қазақтілді фильмге қы­зығу­шылығы төмен, – дейді ол.

Динара Гапланның ойынша, халықтың кинотеатрда қазақ тілін­дегі фильмдерді көру дағдысын қалып­тастыру үшін көп уақыт пен мазмұн қажет. Адамдар қазақ тілін­де жақсы дубляждалған фильмдер­дің кинотеатрлар прокатында үнемі шығатынын біліп, соған үйреніп алса, көрермендер сапаға да сене бастайды. Бұл жерде кинотеатр­лардың қолдауы мен фильмді қазақ тілінде прокаттау уақыты туралы келісетін прокатшының да еңбегі маңызды. Маман мәселенің түбе­гей­лі шешілуі үшін жауапты орган мен кинотеатрлар талқылау өткіз­гені жөн екенін айтады.

Қайткен күнде де біз біржақты пікір қалыптастырғымыз келмейді. Көрерменнің де, кинотеатрлардың да өз шындығы бар. Екі тарапқа да күйе жаға алмаймыз. Әйткенмен кинотеатрлар қазақтілді сеанстар­дың прайм-таймына бір көз жүгі­р­тіп, көрермен көзқарасын бажай­лап көрсе, артық етпейтін еді.

Фото: aikyn.kz / коллаж: Елдар Қаба