Қуғын-сүргін құрбандары толық ақталар күн жақын. Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргіндерді ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды, деп newsroom.kz хабарлайды aikyn.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
Тиісті құжат ел тарихын түгендеп, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы кезеңдерді толық қалпына келтіру үшін қажет болды. Осылайша тарихты зерделеудің, зұлмат оқиғалар хроникасын толық қалпына келтіру мен тоталитаризм жағдайында зардап шеккен қазақстандықтар туралы тарихи естелікті сақтаудың жаңа кезеңі басталды.
Мемлекеттік комиссия аясындағы зерттеу жұмыстарының нәтижелері тарихтағы әділетсіздікке объективті баға беріп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтарды ақтауға және ұрпақтары үшін ата-бабаларының халық жауы емес екенін дәлелдеуге негіз болары анық. Ал комиссия құрылған осы екі жыл уақытта бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. Астана қаласы бойынша комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құрманғали Дәркеновтің айтуынша, бұған дейін 1921-22 жылдар мен 1930-33 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргінге байланысты тақырып ішінара айтылғанымен, толыққанды зерттелмей келді. Сондықтан комиссия қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдарды қайта көтеріп, толыққанды ақтау мәселесі қолға алынуда. Мәселен, Астана қаласында саяси науқанда байлардың дүние-мүлкі тәркіленіп, қуғын-сүргінге ұшырағандар, ашаршылық жылдарында билікке наразылық танытқаны үшін қудаланғандар, 1923-33 жылдарда зардап шеккендер, Халық жауы аталып, «Алжир», «Карлаг» секілді лагерьлерге түскендер мен соғыс жылдарында депортацияланып, айдауға жіберілгендер секілді арнайы 10 топ құрылыпты. Олардың әрқайсысы өз бағыты бойынша зерттеу жүргізеді.
– Соның ішінде біздің топ қазақ байларының дүниесін тәркілеу және олардың жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырауын зерттеуге жұмыс істейді. Әсіресе, Ақмола өңіріне қатысты материалдарды іздестіру барысында ел ішіндегі аймақтардан Мәскеуге дейін іссапарға бардық. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен елорданың мемлекеттік архиві және Сейфуллин даңғылында орналасқан бұрынғы архивтің қорында біраз деректер табылды – дейді Құрманғали Дәркенов. Сондай-ақ тарихшы Қылмыстық кодекстің 61-бабы 3-тармағы бойынша сотталған Телқожа Сауғабаев Ақмола қаласы Ақмола округі Ақмола еңбекпен түзеу колониясына түскенін айтады. 65 жастағы қарияның ісі 1931 жылдың 23 шілдесінде басталып, 1932 жылдың 22 қаңтарына дейін қаралған. Ол жайында Астана қаласының мемлекеттік архивінде дене бітімі сипатталған мынандай деректер табылған: «Оң қолының бес саусағынан таңба алынған. Бойы – 1,75 см, шашы – қара, түсе бастаған. Мұрны шағын, толық». Сол секілді Темірбай, Әжібай және Айтбек есімді Рақымжановтар әулетінен үш ағайындыларды соттатып, басқа жаққа жер аудартқан. Сол кезде үйдің кенжесі Әжібай Рақымжанов бар-жоғы 21 жаста болған екен. Қорғалжын аудандық соты 1931 жылы 8 маусымда 61-баптың 3-тармағы және 79-бап бойынша Әжібайды бас бостандығынан айырып, бес жылға жер аудартып жіберген. «Қорғалжын ауданының екінші ауылында дүниеге келген жас жігіт ауқатты отбасынан шыққан. Өзі сауатты жігіт, партия қатарында болмаған. Қорғалжындағы Жер одағында жауапты хатшы қызметін атқарған. Жергілікті халықтың қолындағы малды алып, сойып, Совет үкіметіне өткізген. Сол кезде «мал сою қарқыны осылай болса, елде мал қалмайды» деген сөзі үшін жауапқа тартылған», – дейді тарихшы.
Сонымен қатар Құрманғали Дәркенов еліміздің өзге өңірінен Ақмолаға жіберілген тұтқындар туралы деректер де көп екенін алға тартты. Мысалы, архивтегі құжатта 1863 жылы туған Кәрібжан Сабдалинов деген тұтқын Семей облысы Бесқарағай округінің 13-ауылынан Ақмоладағы еңбекпен түзеу лагеріне түскені көрсетілген. Егер оның ұрпағы бар болса, бұл мәліметтерді Астана қалалық архивінің 65-қорында бірінші тізбеде, 696 істің 10 байламынан көруге болады. Ол үлкен отбасының жалғыз асыраушысы болған. Бірақ ешқандай партияда құрамында жоқ 68 жастағы қартты 61-баптың 3-тармағы, мемлекеттің берген салығын орындаудан бас тартқаны және 58-баптың 10-тармағы антисоветтік үгіт-насихат жүргізу мен 79-баптың өз малын сойып алғаны үшін соттап, ересек балаларын да лагерьге жіберген. Сондай-ақ тарихшы саяси қуғын-сүргін жылдары байлар өзге өңірлерге көшірілгеніне тоқталды. Оның сөзінше, қуғын-сүргін құрбандарының көпшілігі 61-баптың 3-тармағы, 58-баптың 10 тармағы және 79-бап бойынша жауапқа тартылған. Яғни 61-баптың 3-тармағы мал және астық салығын төлемегені үшін іс қозғалған. Бұл әрекетті сол кезде «кулак пен байлармен сөз байласқан тапсырманы орындамауы» деп жалаң шешім қабылдап, өз малын сойып, отбасына бергені үшін де жауапқа тартылған. Ал «малды сойып алу немесе қасақаны жару» деген 79-бап «ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға нұқсан келтіру» деген бап бойынша жүргізіле бергенін байқауға болады. Ол түгілі, өлген малды сойса да «мемлекеттің мүлкін пайдаланды» деген айып тағылған. Сол секілді 58-баптың 10 тармағы Совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, оны құлатуға, оған нұқсан келтіргені үшін жауапқа тартуға жұмыс істеген.
Қарап отырсақ, қазақ халқының басына түскен нәубетке қатысты ортақ шешімге келіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау маңызды. Өйткені ел басына күн туған сонау Ақтабан шұбырындыдан бастап ХХ ғасырдағы отаршыл саясаттың салдарлары – ашаршылық пен репрессия еліміздің дамуын кешеуілдетіп, өсіп-өркендеуіне тосқауыл болғаны анық. Ендігі жерде егеменді елдің өткенін жаңғыртып, әділетсіз баға алған тарих қатпарындағы дәлел-дәйектер нақты оқиғаларға негізделіп, лайықты бағасын алуы керек.
Фото: aikyn.kz