Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қарақат Әбден Қызылорда облысындағы өңірлік сайлауалды штабына барды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Кандидаттың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бұл аймақта 100-ден астам адам жұмылдырылған.
«Бүгін Қызылордадағы штабтың жұмысымен таныстым. Қызылорда облысы – еліміздегі ең ірі аймақтардың бірі. Жергілікті штабта 10 қызметкер, 100 волонтер жұмыс істейді. Штаб өкілдері аудан және ауыл тұрғындарымен де кездесу өткізеді. Жұмыс үйлесімді әрі талаптарға сай іске асырылып келеді»,- деді Қарақат Әбден.
Штаб өкілдері мәлімдегендей, сайлаушылар тарапынан жолданған сауалдар мен ұсыныстарға баса мән беріледі. «Жергілікті тұрғындар көбінесе әлеуметтік тақырыптарға қатысты сауал жолдайды, тұрғындармен кері байланыс жақсы дамыған. Жалпы алғанда, сайлаушылар Қ.Әбденнің әлеуметтік бағдары басым бағдарламасын қолдайды», деді өңірлік штаб жетекшісі Маржан Бисенова.
Штабтың үгіт-насихат жұмысы әртүрлі санаттағы азаматтарды қамтиды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ол үшін штаб мүшелері сайлаушылардың үйлерін аралап, үміткер бағдарламасының негізгі бағыттары жайлы мәлімет беріп жүр.
Еске салсақ, Қ.Әбден ел аймақтарын аралап, 11 қала мен бірнеше ауылдық елді мекенде 20-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта үміткер Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарына барып, сайлаушылармен кездесу өткізеді.