Жаңалықтар

Түркістан облысы репрессия қайраткерлері жайлы ақиқат негізі

Түркістан облысы репрессия қайраткерлері жайлы ақиқат негізі

Соңғы кездерi баспасөз беттерiнде жұртшылықты елең еткiзген бiрер хабар болды. «Жас Алаш» газетi көтерген мәселеге байланысты, Мағжан Жұмабаевтың сүйегiн iздеген арнайы экспедиция Магаданға барып қайтты. (Бiреулер сол өңiрден өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Сәкен Сейфуллиндi де таппақ болған-тын). Халықтық кино саласының белгiлi маманы Еркiн Рақышев Мәскеуден әйгiлi қайраткерлерiмiз Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзiр Төреқұловтың атылғаннан кейiн жерленген орнын тапқанын айтып жүр, деп newsroom.kz жазады turkystan.kz дереккөздеріне сүйене отырып. Осыларға байланысты, Қазақстанның «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамы өзi шаңырақ көтергелi шұғылданып келе жатқан кей жәйттерге жұртшылық назарын тағы бiр аударуды қажет деп тапты. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құру жөніндегі бастама қайта құру жылдары Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгісімен дүниеге келген болатын. 1988 жылы дайындық комитеті құрылды. Комитет жұмысы барысында бастамашылар тоталитарлық биліктің өз халқына қарсы жасаған қылмыстарын әшкере етуді, ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргіннің шындықтарын ашуды мақсат еткен ортақ мұратқа тоқайласты. Содан, 1989 жылғы көктемде, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Жандосовтың басшылығымен республикалық ерікті қоғам дербес шаңырақ көтерді. Көп кешікпей, «Әділеттің» орынды талаптарына байланысты, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті «үлкен террор» жылдары атылған қазақстандықтардың алғашқы тізімін берді (назар аударыңыздар: тізімнің бірінші данасы «Әділетке», екінші данасы Қазақ республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жіберілді! Бұл – демократиялық ахуал өмірге әкелген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының беделі өсіп, әміршіл жүйені мойындатқанының нақты көрінісі болатын). Ұзамай «Әділет» пен республикалық МҚК арасында жақсы байланыс орнады. МҚК қызметкерлері Алматыда НКВД подвалында атылған азаматтардың қайда жерленгенін анықтауға көмектесті, тіпті үкімді орындаған жендеттердің бірін тауып, «әділетшілердің» онымен кездесуін мүмкін етті; «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы көтерген «Азалы кітап» тізбегін шығару идеясын қолдап, атылғандардың толық тізімі мен деректерін табуға жәрдемдесті. Бұларға қоса, жаппай қуғын-сүргін жылдары күллі Қазақстан бойынша түрлі мерзімге сотталғандардың аты-жөндері мен өмірбаяндық деректері жазылған көп томдық іс-қағаздарды ресми де салтанатты түрде «Әділетке» табыс етті…Жарты ғасырдан астам құпия болып келген «Жаңалық» ауылы маңындағы қорым табылғаннан кейін, «Әділеттің» өтініші нәтижесінде, ҚР Президенті Алматы облысының басшылығына саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан орынға мемориалды ескерткіш орнату жөнінде тапсырма берді… Бүгінде «Әділет» Алматы облысы әкімдігінің көмегіне сүйеніп, «Жаңалық» ескерткіші тұрғызылған аумақты мемориалдық кешенге айналдыру ісімен шұғылдануда. Жаңалықта жерленген 4 мыңнан астам атылғандардың деректері бар «Азалы кітап: Жаңалық зираты» кітабының қолжазбасы баспаханаға тапсырылды. Ескерткіш жанына құрбандар тізімі қашалып жазылатын естелік қабырға орнату жобасы жасалды. Болашақта мұнда саябақ, мұражай, кіші архитектуралық мүсін-ескерткіштер орын тебеді… Мағжан Жұмабаев халқымыздың өзге де ардақты ұлдарымен (мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушыларымен, өнерпаздарымен) бірге осында жатыр. 1938 жылғы 19 наурызда атылған… Ол алғаш рет 1929 жылы қамалып, 1931 жылы он жылға кесілген-ді. Сталиндік лагерьден 1936 жылғы жазда босап, Петропавлға барады. Сонда қысқа мерзімдік курста дайындықтан өтеді де, мектеп мұғалімі қызметіне орналасады. Одан Сәбит Мұқановтың шақыруымен Алматыға келеді. Бірақ «халық жауын» іздеу науқаны басталып кеткен астанада күйі болмайды. 1937 жылдың соңына қарай қайтадан тұтқындалады. Абақтыда толтырылған тұтқын анкетасы мәліметтеріне қарағанда, Мағжан сол кезде Алматының Лесная көшесіндегі 89-шы үйде тұрған. Әлеуметтік жағдайын «мал бағушы орташа шаруалардан» деп, өз қызметі жайындағы сұраққа: «белгілі-бір жұмысы жоқ», мамандығы жөнінде: «жазушы және медфельдшер» деп жауап берген. Үй мүліктерінен басқа ештеңесі жоқ екенін, 1917 жылға дейін оқуда болғанын, әке-шешесінің табысымен күн көргенін айтыпты. Білімі жоғары, 1925 жылы Мәскеудегі әдеби-көркем институтты бітірген. Саяси жолы жайында: «1917 жылдан 1923 жылға дейін «Алаш» партиясында болдым» деген. Істі болған: «1929 жылы ОГПУ Алқасы Қылмыстық кодекстің 58-ші бабының 10–11 тармақтары бойынша 10 жылға кесті». Алғашқы қамалғанында сот үкімінің шығуы бір жарым жылдай күттірген болса, бұл жолы, ұсталғанына бір жарым айға жетер-жетпесте – (ыңғайы, оның ісін қайта қарауды 1960 жылы қолға алған Түркістан әскери округінің құзырлы орнына жіберілген) «өте құпия анықтамаға» қарағанда – «Солтүстік Қазақстан облысы, Бейнетқор ауданында 1893 жылы туған» ақынды 1938 жылғы 11 ақпанда НКВД және КСРО Прокурорының Комиссиясы соттап үлгерді (хаттама № 377). Үкімді орындау туралы актіден жасалған көшірмеде: «КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 1938 жылғы 11 ақпандағы, хаттама № 377, Жұмабаев Мағжан Бекенұлын ату жайындағы шешімі жүзеге асырылды. 19 наурыз 1938 ж.» деп көрсетілген. «Әділет» – халықаралық «Мемориал» қоғамының ұжымдық мүшелері өзекті мәселелерді бірге талқылап, өзара мәліметтер алмасып тұрады. «Мемориалдың» деректер базасында Мағжан туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша Департаменті берген екі анықтамалық мәлімет бар. Бірінде оны «ҚазКСР НКВД-сы (Ішкі істер халық комиссариаты) 1937 жылғы 29 қарашада», екіншісінде ҚКСР ІІХК Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының 3-ші бөлімі 1937 жылғы 27 желтоқсанда» тұтқындаған деп көрсеткен. Екеуінде де НКВД және КСРО Прокурорының Комиссиясы оны РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-6, 58-11 баптарымен айыптап, 1938 жылғы 11 ақпанда үкім шығарғаны, ату жазасына кесілгені айтылған. Алғашқы мәліметте «қылмыс құрамы болмағандықтан, ҚазКСР Жоғарғы соты 1988 жылғы 4 қарашада», екіншісінде – «қылмыс оқиғасы жоқ болғандықтан, Түркістан Әскери округінің Әскери трибуналы 1960 жылғы 8 шілдеде» ақтаған деп жазылған. Бұдан шығатын қорытынды – Мағжанды 40-шы–50-ші жылдары Қиыр Шығыстың әр қиырынан көрдік деген (биыл «Жас Алаш» бетінде көтерілген, ертеректе Бауыржан Момышұлы айтқан) әңгімелердің бәрі шындыққа жанаспайды. Бұл мұндай мәліметтерді айтушылардың ақ ниетіне шүбә келтіру емес, оларды ешқандай да кінәламаймыз. (Біз саяси репрессияларға ұшыраған жүз жиырма мыңнан астам адамның бір ширегі атылғанын тәуелсіздік жылдары ғана білдік, ал кеңестік заманда олар ату жазасына кесілді деген хабар айтылмайтын. 1938 жылғы ерте көктемде 19 қайраткердің атылғаны жайында ғана жалғыз ресми мәлімде жасалған болатын. Талайлар түрмеге тұтқын атылып кеткеннен кейін де киім-кешек, ас-су апарып жүрген, олардың сәлем-саухаттарын түрме әкімшілігі алғашқы кезде қабылдай берген, қабылдауды кейінірек, «пәленше хат жазысу құқынан айрылып, басқа жаққа жіберілді» деген желеумен ғана доғарған). Саяси қуғын-сүргін мәселесімен көптен шұғылданып жүрген белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің пайымына қарағанда, репрессияға ұшырап, жазасын өтеп жүргендердің арасында, жазықсыз жапа шегу ашындырғандықтан шығар, бейтаныс адамдарға өздерін «Мағжанмын», сондай-ақ «Сәкенмін» деп таныстырғандар кездескен. Олар бертінге дейін тірі болған екен делінетін түрлі қисынсыз дақпырттың сондайдан тарағаны сөзсіз… Қазақ қайраткерлерінің бірқатары Мәскеуде атылғаны мәлім. Бүгінде Мәскеу түрмелерінде құрбан болғандардың беті жабылған бес қорым анықталып, ресми мұрағаттық құжаттармен расталған. 1926–1935 жылдары Мәскеуде атылғандар (олардың қатарында – 1930 жылғы 21 сәуірде құрбандыққа шалынған Жүсіпбек Аймауытов, Дінмұхамед Әділов, Әбдірахман Байділдин, Ахметсафа Юсупов бар) Ваганьково зиратына жерленген. Астана түрмелерінде 1934 жылдан 50-ші жылдарға дейін атылғандар Мәскеу (Дон) крематорийінде өртелген. «Мемориал» кремацияланған құрбандардың күлі крематорийдің жанындағы зиратқа жерленген болуы мүмкін деп есептейді, бірақ бұл жорамалға әзірге құжаттық айғақ табыла қойған жоқ. 1936–1937 жылдары Мәскеу түбіндегі екі арнайы аумақта жаппай ату және жерлеу жұмыстары жүргізілген: Бірі – Бутово поселкесі (Бутово полигонында 25–26 мың атылған жан тыншулы), екіншісі – бұрынғы НКВД-нің қосалқы шаруашылығы болған «Коммунарка» кеңшары (мұнда жатқандардың саны – 10–14 мың). 1994 жылы Ваганьково зиратындағы қорымға, 1991, 1994 жылдары Мәскеу (Дон) крематорийінің зиратындағы құрбандар жаппай жерленген бейіттерге, 1993 жылы Бутово қорымы аумағына естелік белгілер қойылған. Бутовода, сондай-ақ, естелік айқыш (крест) тұрғызылып, шіркеу салынған. Ал «Коммунарка» «зонасына» кірер қақпаның жанына 1999 жылы мемориалды тақта орнатылды. Кеңшар аумағындағы «наркомның дачасы» деп аталатын арнайы объект көпке дейін қауіпсіздік қызметінің қарамағында, тиісінше, көпшілік үшін жабық болып келді. «Мемориал» ғылыми-зерттеу және ағарту орталығы мұрағатында мынандай анықтама бар: «Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлы 14.12.1894 Алматы (Жамбыл) облысында туған; қазақ; білімі жоғары; 09.1917 жылдан ББ(б)П мүшесі, РСФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары. Мәскеуде тұрған. 1937 жылғы 21 мамырда тұтқындалған. 1938 жылғы 8 ақпанда КСРО ЖС ӘК (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы сотының Әскери алқасы – Б.Қ.) соттаған. Үкім: ВМН (высшая мера наказания – жазаның жоғарғы шарасы – Б.Қ.). 1938 жылғы 10 ақпанда атылды. Жерленген орны – Мәскеу, «Коммунаркаға» жерленген. 1956 жылғы 8 желтоқсанда КСРО ЖС ӘК ақтаған». Осы дерекке орай, «Әділет» қоғамынан 1995 жылы «Коммунаркаға» репрессия құрбандарының ұрпақтары Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова мен Сәуле Рахымқызы Айтмамбетова (Сүгірова) да барған еді, бірақ бұл арнайы объект ол уақытта көпшілік үшін жабық болғандықтан, кіре алмай, жанындағы Бутовода саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткішке тағзым етіп оралумен шектелген болатын. «Коммунаркадағы» «ату полигонының» аумағы тек 1999 жылғы көктемде ғана орыс православие шіркеуінің қарамағына берілді. Қаза тапқандардың ұрпақтары ол жерге содан кейін ғана тұңғыш рет аяқ баса алды. Сол «Коммунаркаға» кинорежиссер Еркін Рақышев секілді арнайы рұқсат алып барғандар ұзын бір қабатты үйді – бұрынғы нарком Ягоданың дачасын көреді. Кейбір деректерге қарағанда, бұл оның құпия қызмет басшыларымен мәжілістер өткізетін қала сыртындағы резиденциясы болған. Ал ол қамалғаннан кейін, оның ізбасары Ежовтың тұсында (жаңа наркомның жұмыс дәптерінде Сталиннің нұсқау: «Ягоданың дачасы – чекистерге» деп қысқаша тұжырымдаған жазба сақталған), ғимарат чекистердің «үлкен террор» кезіндегі міндеттерін атқаруына қызмет етіпті: адамдарды атар алдында, орман ішінен ор қазылып болғанға дейін, осында қамай тұрған болса керек… Бутово полигонына әкелінгендер, әуелі, санитарлық өңдеуден өткізу желеуімен, баракқа қамалған. Оларға атар алдында үкім хабарланған, анкеталық деректері мен фотосуретін салыстырып тексерген. Сосын әрбір жендет құрбандығын барактан жеке-жеке алып шығатын да, ордың жиегіне айдап апаратын. Одан желкесінен атып, өлікті траншеяға құлататын. Бұрынғы Батыс Алаш-Орда төрағасы Жаһаншаһ Досмұхамедов осындай жағдайда опат болды. Бутово полигонының ату тізімінде ол жайында мынандай анықтама берілген: «Дос-Мухамедов Джаганша. 1887 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, № 3 ауылда туған; қазақ; білімі жоғары юристік; партияда жоқ; зейнеткер, бұрынғы Бүкілроссиялық мұсылман комитеті төрағасының орынбасары, революцияға дейін – Том округтік соты прокурорының жолдасы (орынбасары – Б.Қ.). Тұрған жері: Москва, Хавско-Шаболовский шолақ көшесі, 11-ші үй, 265-ші пәтер. 1938 жылғы 1 маусымда тұтқындалған. 1938 жылғы 16 шілдеде НКВД-нің Москва облысы басқармасы жанындағы үштік соттаған, қазақ контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның лидерлерінің бірі және «халық жауларымен» тығыз байланыста болғандығы үшін айыпталды. 1938 жылғы 3 тамызда атылған. Жерленген орны – Москва облысы, Бутово. 1957 жылғы 2 желтоқсанда ақталды». 1937 жылғы 27 қыркүйекте оққа ұшқан Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақов Мәскеудің Дон зиратында жатыр. Ал 1937 жылғы 9 қарашада ату жазасына кесілген Нәзір Төреқұлов пен атуға 1938 жылғы 8 ақпанда үкім шыққан Сұлтанбек Қожановтың аты-жөндерін жоғарыда аталған зираттардың осы уақытқа дейін анықталған атылғандар тізімінен кезіктіре алмадық. Егер Еркін Рақышев өзінің деректі киносын түсіру барысында олардың да «Коммунаркада» жатқанын дәлелдесе, тек ризашылығымызды білдіреміз. Ішкі істер халкоматының Мәскеу облысы бойынша басқармасын 1934 жылдан 1938 жылдың 20 қаңтарына дейін басқарып, құрбандықтар «атып өлтірілсін» деген бұйрыққа қол қойып отырған 1-ші рангілі мемқауіпсіздік комиссары С.Ф.Реденс Қазақстанға Ішкі істер халкомы болып келісімен, жазалау машинасы жұмысқа айрықша екпінмен кірісті. Айналдырған екі-үш айдың ішінде қазақ елі қоғамының күллі қаймағы сыпырып алынды… Алматыда да, Мәскеуде де қазақ азаматтарына «конттрреволюциялық ұйым мүшелері, жапон-неміс барлауының агенттері», «Қазақстанды кеңестік Ресейден бөліп әкетіп, жапонның протектораты етуге тырысқан» деген сықылды қисынсыз айыптар тағылғаны белгілі. Дөрекі тергеу амалдарын қолдану арқылы олардың «қылмыстарын» «мойындауға» мәжбүр еткені де мәлім. Бірақ репрессияланғандардың істері күні бүгінге дейін зерттеушілер үшін жабық болғандықтан, абсурдты айып қалайша бәрін бірдей бір тұзаққа түсіргенін байыппен сараптау мүмкін болмай тұр. Большевизм төңкеріс жасап өкімет басына келгенде, оның билікті ұзақ уақыт ұстап қаларына ешбір саяси ұйым сенбеген еді. Сол ретте қазақ қайраткерлері де, совет үкіметі толық мойындалмай тұрған шақта, дамудың өзге де балама мүмкіндіктерін қарастырды. Мәселен Шығыстан Әлихан Бөкейханов, Батыстан Уәлитхан Танашев Омбыға барып, Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізді, сол кезде олардың Омбы мен Новосібірдегі жапон консулдығына да кіруі ықтимал. Семей облысынан Райымжан Мәрсековтің Қытайға кеткені, Түркістан өлкесінен Серәлі Лапиннің Германияға барып қайтқаны, ал Мұстафа Шоқаевтың батыстағы белсенді эмигранттық ғұмыры соғысқа дейін созылғаны белгілі. Кеңес өкіметі бір топ түркістандық жасты Германияға оқуға жіберді, олардың соңынан Тұрар Рысқұлов барып қайтты… Әйгілі саяси айыптарды «дәйектеуде» кеңестік құпия полиция назарынан осы деректер қалт қалмаса керек, мұны олар қалай және қайтіп бұрмалап пайдаланды? Жалпы, өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі тарихи шындық қандай еді? Сол заман ақиқатын қазақ қайраткерлерінің «қылмыстық істерімен» мұқият танысу арқылы толық және жан-жақты ашуға боларына күмән жоқ…Біздің ұғымымыз бойынша, саяси репрессиялар құрбандарын ақтау дегеніміз – заңсыз жолмен қылмыстық жауапкершілікке тартылған, бас бостандығынан айырылған, өлім жазасына кесілген жазықсыз жандардың жоғалтқан құқтарын қайтару, оларға жасалған құқықтық шектеулерді жою, олардың кінәсіз екенін ашық мойындау және мемлекет тарапынан кешірім сұрау. Күллі қиянатқа тұнған солақайлықтарды жасаған кеңес өкіметі бүгінде тарих сахнасынан кеткендіктен, тәуелсіз мемлекетіміздің өткенді байыппен талдау жасауға мүмкіндік туғызғаны жөн. Алайда саяси репрессияның алғашқы толқыны көтерілгелі сексен жылдан асып кетсе де, кеңестік билік кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған жеке тұлғалардың «қылмыстық істерін» сараптап, тарихи мәнмәтін ауқымында зерттеу мүмкіндігіне тәуелсіздік ғалымдарының қолы әлі күнге жетер емес. Демократия лебімен есігін айқара аша бастаған мұрағаттарды өткен ғасырдың 90-шы жылдарында біздің билік іс жүзінде жабық жағдайға түсіріп, тергеу материалдарымен танысуға заңмен тыйым салған еді, соны қайта қарайтын мезгіл жетті. Еліміздің жоғарғы басшылығы, парламенті, үкіметі тарих үшін маңызды осы мәселеге сергектік көрсетіп, дұрыс шешуге уақыт табар деп сенеміз. Ult.kz дереккөздеріне сүйене отырып, атылып кеткен алаш азаматтары жайлы сөз қозғайық. Өткен ғасырдың басында қызыл империяның қанды қылышы мен зұлмат пиғылы ешкімді  аяған жоқ. Ашық айтылып жүрген тарихи деректерге сүйенсек, 1920-1950 жылдары Кеңестер Одағы бойынша 4 миллонға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Тек қазақ даласына ғана 1,5 миллоннан астам өзге ұлт өкілдері жер аударылған. Олардың 600 мыңнан астамы атылды немесе жазаның басқа түрі қолданылды. Әсіресе, 1937-1938 жылдары «шаш ал десе, бас алған» қызыл империяның жендеттері қазақ халқының оқыған көзі ашық азаматтарын қынадай қырып жіберді. Тек осы екі жылдың ішінде қазақтан 25 мыңнан астам адам жазаланып, атылып кетті. Күні бүгінге дейін сол құрбандардың көбісінің есімдері де белгісіз. Ал қуғынға ұшыраған оқыған көзі ашық азаматтардың бірден көзін жоюға асықты. Осыдан 80 жыл бұрын болған қырғын құрбандарын ақтау және жыл сайын еске алу күні ретінде бүгінгі 31-мамыр белгіленген болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың осы күнді белгілеу туралы Жарлығының шыққанына да биыл 20 жыл толып отыр. Әрине, зұлмат жылдары зұлымдықтың құрбаны болған азаматтар жайлы көптеген естеліктер жазылып, олардың айтқан сөздері мен болашақ ұрпаққа арыз-армандары бүгінде естелік ретінде шығып жатыр. Солардың бірі белгілі журналист Берік Уәлидің «Алаш айтқан асыл сөз» жинағы. Осы кітаптағы тарихи деректерге сүйене отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының біренешеуінің есімін тағы бір жаңғыртып қоюды жөн көрдік. Ұлт үшін құрбан болған азаматтардың есімдері ел есінде жүрсін, жадымызда жаңғырып тұрсын! Әлихан Бөкейхан  (1866 жылдың наурызы – 1937 жылдың  27 қыркүйегі) Қарағанды  облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген.  1879-1886 жылдары  Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте  оқыды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде  білім алды. 1890-1894 Санкт-Петербургтегі  Орман технологиялық  институтының  экономика факультетінде  оқуын жалғастырды. 1906 – «Голос степи», «Омич», «Иртыш» газетінде, 1908- «Товарищ», «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. 1909-1917 – Дон егіншілік банкі бөлімшесінде  жұмыс істеді. 1917 – «Алаш» партиясының негізін қалап, төрағасы болды. 1917 – 25 орыннан тұратын «Алашорда» Үкіметі құрылды, басшысы – Әлихан Бөкейхан. 1937 – КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді. 1989 – КСРО Жоғарғы сотының қаулысы  бойынша ақталды. Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858 – 1931) Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келді. 5 жасынан бастап хат таныған, Абай Құнанбайұлының немере-ағасы. 1898-1899 – мұсылмандық парызын өтеу үшін, қажылыққа барады. 1917 – Алаш қозғалысының бел ортасында жүрді. 1919-1937 – «Таң» , «Қазақ тілі» басылымдарына мақала жазады. 1930 – Ғафур Семей түрмесінде  үлкен ұлы қорлықпен қаза табады 1931 – ізіне түскен жендеттермен шайқаста оққа ұшты 1961 – құдыққа тасталған сүйегі алынып, мұсылман ғұрпымен Абай зиратының қасына  жерленді Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1938) Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек  ауылында дүниеге келді. 1882-1884 –  өз үйіінде  алғаш хат танып, ауыл мектептерінен білім алады. 1886-1891 – Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша  училищеде  білім алады 1891-1895 – Орынбордағы мұғалімдік мектепте білім алады 1895 жылдың  1 маусымы – Ақтөбе, Қостнай, Қарқаралы атырабында бала оқытады 1913-1918 жылдары жалпыұлттық «Қазақ» газетінің Бас редакторы. 1917 – «Алаш»  партиясы мен Алашорда үкіметінің  белді мүшелерінің бірі 1919-  Кеңес үкіметінің сапына өтіп, Қазақ өлкесін басқару  жөніндегі әскери төңкерістік комитеттің мүшесі 1937 – Репрессияға ұшырады 1938 – Ату жазасына кесілді Ғұмар  Қарашұлы (1875 – 1921) Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1902-1910 –  Ауылы Тіленшісайда жәдитше бала оқытады. 1907 – татар және қазақ тілінде мерзімді басылымдарға  мақала жариялай бастайды. 1911-1913 – «Қазақстан» газетін шығарусыға, саяси-мәдени әлеуетін көтеруге атсалысты. 1917-1919 – «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшесі. 1921 – Құнаншашпақ деген жерде қашқын әскерилер қолынан қаза тапты Мұхаметжан Тынышбай   (1879 – 1937) Алматы облысы, Қабанбай ауылында дүниеге келді. 1900 – Верный ерлер гимназиясында  оқып, үздік бітірді. 1900-1906 – Санкт-петербургтегі  I Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта білім алады. 1905-1907 – Ресей империясының  қоғамдық саяси өміріне белсене араласады. 1907 – Ресей II-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат   болып сайланды. 1917 – Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесіосы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалды 1919 – Бүкілодақтық Атқару комитеті бұрынғы алашордалықтарға  кешірім жарияланғаннан кейін, ол әртүрлі  салада еңбек етеді. 1930 –  Тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. 1937 – Ташкент түрмесінде «Халық жауы» деген желеумен ату жазасына кесілді Халел Досмұхамедұлы (1883 – 1939) Атырау облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келді. 1894 – Орал әскери-реалдық училищесіне түсті 1912 – Орал әскери-реалдық училищесін тәмамдады 1903 – Санкт-Петербор императорлық әскери – медицина академиясына түсті 1909 – Әскери медицина академиясын үздік бітірді 1917 – Алашорда үкіметінің Ұлт кеңесі  құрамына сайланды. 1920 – Түркістан республикасы халық ағарту комисариаты жанынан  Түркістан халықатарының  оқу-ағарту, мәдени һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланды. 1924 – Ресей Ғылым Академиясының Орталық өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі болды 1930 – тұтқындалды 1932 – ОГПУ үштігінің шешімімен Воронежге  5 жылға жер аударылды 1939 – әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді Міржақып Дулатұлы (1885 -1935) Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келді. 1897 – Торғайдағы екі сыныптық орыс-қырғыз школына қабылданды 1902-1904 – Торғай уезінде мұғалімдік қызмет атқарды 1909 – «Оян қазақ!» кітабы шықты 1917-1919 – «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшесі 1921 – Қазақ мемлекеттік баспасының бөлімін басқарды 1922-1926 – Орынборда Қазақ халық ағарту  институтында ұстаз болды 1928 – Тұтқындалды 1930 – Ақтеңіз-Балтық каналының  жұмысына жер аударылды 1935 – Сосновец жерінде дүние салды Жанша Досмұхамедұлы (1886-1938) Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келді 1899-1905 – Орал әскери реалдық училищесінде  оқыды 1906 – Орал облысының  стипендиаты ретінде  Мәскеу университетінің  факультетіне түсті 1917 – Томск сот округі прокурорының   орынбасары болып қызмет етті. 1917 – «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды 1930 – Тұтқындалды 1932 – Воронежге  5 жыл мерзімге жер аударылды. 1938 – қайта ұсталып, ату жазасына кесілді Жүсіпбек Аймауытұлы (1890-1930) Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1911 – Керекудегі екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде білім алды 1914 – Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсті 1919 –  Семинарияны бітірді 1917-1919 – Алаш партиясына кіріп, Алашорда үкіметінің құрылуына қатысты 1921 – Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметін атқарды 1924-26 – «Ақ жол» газетінде  бөлім бастығы  міндетін атқарды  1926 – Шымкент педагогикалық техникумының оқытушысы әрі  директоры 1930 – Мәскеудегі Бутырька түрмесінде ату жазасына кесілді Мұстафа Шоқай (1890-1941) Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келді. 1902-1910 – Ташкент гимназиясында  оқып, алтын медальға бітірді. 1914 – Петрогард университетін үздік бітірді 1914 – Әлихан Бөкейхан IV Мемлекеттік думасының мұсылман фракциясының хатшысы ретінде ұсындды 1918 – Түркістан Ұлттық кеңесінің тұрақты атқарушы комитетінің төрағасы болып сайланды 1941 – Берлин ауруханасында  жұмбақ жағдайда қайтыс болды Елдес Омарұлы (1892-1937) Қостанай облысы Таран ауданында дүниеге келді. 1907 – Қостанайдағы  2 сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқыды 1911 – Орынбордағы  орыс-қазақ мектебін бітірді 1920-122 – Орынборда халық ағарту комиссариматында  инструктор, кеңестік партия мектебінде оқытушы болды 1926 -1929 –  Саяси қуғынға ұшырап,  Ташкентте педагогикалық институтта, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультетінде  оқытушы болды 1929 – Тұтқындалды 1930 – ату жазасына келісіп, 10 жылға архангельскіге жер аударылды. 1937 – Кеңес үкіметі ату жазасына кесті Мағжан Жұмабай (1893-1938) Солтүстік Қазақстан облысы, М.Жұмабаев ауданында дүниеге келді. 1905-1910 – Қызылжардағы медреседе оқыды 1910 – «Медресе-Ғалияда», Омбыдағы Мұғалімдер семинариясында білім алды. 1912 – Қазан қаласында (Шолпан» атты тұңғыш жинағы басылды. 1917 – «Алаш» партиясы мен алашорда үкіметін құруға белсене қатысты. «Бостандық туы» газетінде жұмыс істеді. «Шолпан», «Сана» журналы мен «Ақжол» газетінде жұмыс істеді. 1929 – «Алқа» жасырын ұйымын құрды деген айыптаулармен  10 жылға сотталды. 1936 – М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алды 1937 – Қамауға алынды 1938 – Ату жазасына кесілді Сұлтанбек Қожанұлы (1894-1937) Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келді 1913-1917 жылдары Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер  семинариясында оқыды 1920 – Коммунистік партия қатарына қабылданды 1920-1924 – Түркістан компанртиясы  ОК мүшесі, Түркістан орталық атқару комитетінің орынбасары, Түркістан республикасының ішкі істер халық комисары, «Ақжол» газетінің редакторы 1924-1925 – қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы 1925 -1926 – БК(б) П ОК ұлт республикалары мен облыстары  бойынша жауапты нұсқаушы 1937 – Ұсталды 1938 – Ату жазасына кесілді Қошке Кемеңгерұлы (1896-1937) Ақмола облысы, Теке болысы, Қаржас ауылында дүниеге келді. 1913 – Омбы ауылшаруашылығы училищесіне түсті 1914-1918 – Қазақ жастарының  тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы «Бірлікке» мүше болды. 1916-1918 – «Балапан» қолжазба  журналының редакторы. 1918- «Жас азамат»  газетінің редакторы  сынды әртүрлі қызмет атқарды. 1930 – ОАМУ-дің аспирантурасында  оқып жүрген жерінен, М.Әуезовпен бірге тұтқындалып,  Алматы абақтысында екі жыл отырды. 1935 – Омбының Шарбақкөл аудандық ауруханасында дәрігер болады. 1937 – Қайта ұсталып,  Омбы қаласында ату жазасына кесілді. Телжан Шонаұлы (1894-1938) Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1908-1912 жылдары Ырғыздағы орыс-қырғыз училищесінде, 1912-1916 жылдары Орынбордағы Мұғалімдер институтында оқыған. 1917 жылы І және ІІ жалпықазақ съезіне қатысқан. 1926-1929 жылдары Қызылордада Халық ағарту комиссариатында жауапты қызметкер; 1934 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде доцент болған. 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы ату жазасына кесілген. Сонымен қорытындылай келе, abai.kz дереккөздеріне сүйене отырып репрессия құрбандарын қалай еске алатынымыз жайлы сөз қозғайық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ел болып еске алатын 31 мамыр біздің еліміздегі қастерлі күндер қатарына кіргелі, міне, жиырма жыл болып қалды. Дәлірек айтқанда, 31 мамыр айрықша мәртебеге ширек ғасырдан бері ие. Алғаш рет бұл күн еліміз мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген бетте, 1992 жылы, ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген болатын. Содан соң ауқымы кеңейтілді. 1997 жылдан бастап әр мамырдың соңғы күнінде 30-шы жылдарғы ашаршылық пен репрессия құрбандарын бірге еске алып келеміз. Бұл оң өзгерістер совет өкіметінің тынысы тарылып, қайта құру саясатын жария еткен шағынан бастау алған болатын. Қайта құру саясаты біз білмейтін демократияның хабаршысы еді. Ол біз көзімізді ашқалы көрген тоталитарлық мемлекетте сана азаттығына бастайтын революциялық ахуал орнатқан. Сондағы революциялық ахуалды билеуші партия жасады. Билеуші партияның қажеттілікті түйсінгендік яки мәжбүрлік жетегімен, еріксіз де ерікті күйде қолға алған ашықтық және жариялылық саясаты жасады. Ашықтық пен жариялылық – жаңа саясат көкке көтерген негізгі ұрандар еді. Бұлар орасан зор елде ұзақ жылдар бойы коммунистік билік қалыптастырған стандарт өлшемдеріне оғаш көрінген, сөйтсе де, сол шақта буалдыр аңсар боп, көптің көкейін тескен ұрандар болатын. Жасампаз ұрандар еді. Сол ұрандар рухани шектеу қалыпты жағдайға айналған советтік империяда «алтын күрекше» екпіндей есіп, еркін ойды тұншықтырған қасаң тоталитаризмнің сірескен мұзын тез еріте бастаған. Тегеуірінді жаңа леп күллі империя аумағында, әсіресе, отар елдерде айрықша сезілді. Жер-жерде сананың оянуы өріс алды. Алайда кеңес билігінің өзі, соншама жылылығы бар қайта құру саясатын жариялаған кеңестік өкіметтің өзі, шынтуайтында, пролетариат диктатурасы қалыптастырған көне тәртіптің отарларда өзгеріссіз сақталуына мүдделі боп шықты. Біздің елде өзіндік ойы барлар көшеге шыққанда, саяси реакция қаһарына мінді. Сол реакция Сексен алтының Желтоқсанында қазақ жастарының демократиялық қозғалысын қаскөйлікпен арандатып, ұлт азаттығын көксеген саяси көтеріліске ұластырды. Сөйтті де оны қанға бөктіріп, басты. Оған жаппай үрей шашқан «Кіші 37-ші жыл» ызғарын сабақтастырды. Алайда, бәрібір, жеңімпаз қайта құрудың «алтын күрегіне» төпеп бере алмады. Өзгеріс дәуірінің туғаны біздің елде де мойындалды, өйткені кеңес империясының орталығынан дүр етіп көтерілген жариялылық пен қайта құру ұрандары селдей тасып, шартарапқа жайылған. Сол сел екпіні біздің республикамызда күш көрсетіп жатқан жаңа саяси репрессияның қанатын жайғызбады, шапшаң қайырды. Сонымен, не керек, біз жаңа саясатпен, ашықтық, жариялылық, қайта құру саясатымен ықыластана қаруландық. Тездетіп, сталинизм жылдары тарих қоқысына тасталған қаралы тарихымызды жаңғыртуға ұмтылдық. Бұрын оңашада сыбырлап қана сөз ететін ашаршылық тақырыбын көтердік. Қара таңба тағылып, санадан өшірілгендей болған асыл тұлғаларымызды тірілтуге асықтық. Сол асығулы алғашқы топ қатарына тағдыр мені де қосқан болатын. Бұл топ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған кеңестік ұлт қайраткерлерінің адал есімдерін қоғам өміріне қайтарумен шұғылданды. Сол шақта мен де бірқатар аяулы халық ұлдары және «ауытқушы-коммунистер» Смағұл Садуақасов пен Сұлтанбек Қожанов жайында қалам тербедім. 1988 жылдың соңына қарай Алаш азаматтары да ақталды. Сонда Алашорда көсемдерімен қатар, Смағұлдың құрдасы, үзеңгілесі, Сұлтанбектің белгілі дәрежеде әріптесі, інісі болған Дінше Әділовтің өмірі де менің назарымды аударды. Көптеген зерттеу мақала жаздым, 2000 жылы «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» атты кітап та шығардым. Репрессияға ұшыраған зиялылар мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының ұйымдастыруымен, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры ғимаратында сол өнер ордасының түтінін тұңғыш түтеткен мәдениет қайраткерінің туғанына жүз жыл толуына және кітапты жұртшылыққа таныстыруға арналған кеш өткіздік. Бертінде де Дінше жайында түрлі жағдайға орай  жазып келем. Жақында Алаш қозғалысы тарихымен тиянақты шұғылданып жүрген белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев маған даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының жазушы Мамытбек Қалдыбайға Дінше туралы айтқан естелігін оқып, өзіне ғаламат жаңалық ашқанын айтты. Баукең тұтқын Діншені он жеті жасар бозбала шағында көріпті. 1928 жылғы желтоқсанда Шымкенттен Шу бойына Әділовтерді тұтқындау үшін аттанған ГПУ-дің қарулы жасағы басшысының тілмашы болған екен.  Баукеңнің айтуынша, қысқы құм ішінде айдалып келе жатып, Дінше ән шырқайды. «Даусы ғажап екен, – депті Баукең сол сәтті еске алғанында. – ...Бір кезде Мұқыш (Діншені айтады – Б.Қ.) «Елім-айды» көңілі босап, қайғыра шырқады. Оған Жорабек (дұрысы: Ағабек – Б.Қ.) қосылып еді, құм іші күңіреніп кетті. Маған айнала төңірек солығын баса