Қазіргі таңда әлемде түрлі саяси қоғамдық қақтығыстар күннен-күнге шиеленісіп барады. Мұның дені адамдардың астамшыл, өктем, өркөкіректігі мен менмендігінің, оның сыртында, масылдығының да өршіп бара жатқандығынан деп ойлаймын.
Шүкір дейміз, Қазақстан қоғамында тыныштық, береке бар. Түркістан өңірінде мұсылман діні мен ата-ананы, үлкенді сыйлау, адамгершілік негізіне, дәстүр-салтты мойындауға бағытталған тұрақты түрдегі ақыл-кеңестердің нәтижесінде ұлдарымыз иманды, қыздарымыз ибалы болып қалыптасып келеді.
Мемлекет басшысының Түркістанды облыс орталығы деп жариялауы, Саммитте түркі дүниесінің рухани орталығы деп тануы да барлығымызға үлкен аманат жүгін арқалатты. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруі жөніндегі тапсырмасы да бізді алдағы саяси һәм қоғамдық жұмыстарға бұрынғыдан да құлшына кірісуімізге ерекше дем берді.
Алдағы, қарашаның 20-сындағы кезектен тыс президенттік сайлауға түркістандықтардың дайындығы жоғары. Сайлау орталығы бекітіп берген барлық мектептердегі сайлау орталықтарының жабдықтары түгел жеткізілген. Сайлаушылардың тізімі нақтылана түсуде. Түркістандықтар биылғы Референдумдағы белсенділігі Қазақстанда ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл бұрынғы кездегідей саяси науқаншылдық және басшылық тарапынан қысым көрсетушілікке емес, әрбір түркістандықтың азаматтық позициясын көрсететін кезең екендігін терең түсінгендігінен деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда әрбір түркістандықтың өзін-өзі дамытуына, қалаған жұмысын жемісті жүргізуіне толық мүмкіндігі бар.
Тұрмысы төмендерге мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде. Оның сыртында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлер де жоқ жітіктерге демеушілік көрсетіп келеді. Сондықтан, киелі шаһардың тұрғындары ынтымақ пен береке-бірлікті, еліміздің тыныштығын қолдап дауыс беретіндігі даусыз.
Ғалымжан ҚҰДИЯРОВ,
Түркістан қаласы мәслихатының депутаты