Елімізде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына байланысты Түркістан және Кентау қалаларында тәуелсіз «BAQYLA» қоғамдық қозғалысы жұмысын бастады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық қозғалыстың Түркістан қаласы бойынша жетекшісі Олжас Мамыр мәлім етті, деп newsroom.kz хабарлайды.
– Сайлау процесіне белсенді қатысатын топтың бірі – бақылаушылар. Алматы қаласында 17 қазан күні белгілі саясаттанушылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен тәуелсіз бақылаушылардың «BAQYLA» қоғамдық қозғалысы құрылды. Негізгі мақсат - биыл 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауында елішілік тұрақтылық пен сайлау барысының қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Аумақтық бақылаушылар желісінің жұмысы Алматы қаласындағы Орталық штаб пен еліміздің 26 қаласында орналасқан өңірлік штабтар арқылы жүргізіліліп, 6 мыңнан астам бақылаушы оқытылып жатыр. Ерікті түрде әрекет етіп жатқандықтан тұтас облысты қамту мүмкін емес. Бұл орайда қазіргі таңда Түркістан мен Кентау қалаларында қоғамдық қозғалыс жұмысын бастап кетті, - деді Олжас Қайратұлы.
Спикердің айтуынша, қоғам белсенділерінен құрылған ұйым тәуелсіз бақылаушыларды оқытып, сайлауға дайындайды. Дәрісте сайлау процесінің бүге-шүгесі түсіндіріліп, құқықтық білім беріледі.
Аталған қоғамдық қозғалыс мүшесі Қайрат Сүлейменұлының сөзінше, саяси науқан туралы білімін жетілдіргісі келетін тәуелсіз бақылаушылар 18 жасқа толған болуы керек. «Елімізде әділ әрі шынайы сайлау өткенін барлығымыз да қалаймыз. Біздің көздегеніміз де осы - азаматтардың дауысының бұрмаланып кетпеуін, бюллетеньдерді ысырап етпеуді қадағалау. Тәуелсіз бақылаушылар арнайы курстардан өтіп, сайлау күні барлық процестің әділ, шынайы өтуіне бақылау жүргізеді», – деді ол.
Брифингте сөз алған қоғамдық қозғалыстың Кентау қаласындағы жетекшісі Асхат Есенбекұлы бақылаушылар институтын нығайту еліміздегі Сайлау жүйесінің жақсаруына сеп болатынын айта келе, өңір тұрғындарын саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.
– Біз сайлау учаскелерінің дайындық жұмыстарына күнделікті бақылау жүргізіп тұрамыз. Кемшіліктері айтылып, дер кезінде түзетіліп жатыр. Тексеріс жұмыстарынан босаған уақыттарда тәуелсіз бақылаушыларды оқытамыз. Біз осы дәріс беру жұмыстары арқылы халықты сайлау туралы жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етеміз, - деді ол.
Айта кетейік, Түркістан мен Кентау қалаларында жалпы 85 сайлау учаскесі бар. Оның 2-і жабық сайлау учаскесі, ал 35-і Кентау қаласында. Сондай-ақ, сайлау кезінде ерекше қолдауды қажет ететін жандар үшін арнайы тасымалданатын жәшік арқылы дауыс беру мүмкіндіктері де қарастырылған. Қоғамдық қозғалыстың бақылаушылары да осы тасымал жәшіктері арқылы дауыс беру жұмыстарын қадағалайды.
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі