Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанынан құрылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.
Жиында 20 қарашада өтетін Президент сайлауында мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі үшін қолайлы жағдай жасау мәселесі қаралды.
- Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының ережесін және жұмыс тобының жаңа құрамын бекіттік. Оның құрамына 19 адам, яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді, - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Осыдан кейін ҚР ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректерге сәйкес, еліміздегі сайлау учаскелерінің 92 пайызы пандустармен, 82,3 пайызы ғимаратқа кіреберістегі тактильді белгімен қамтамасыз етілгенін айтты.
- Учаскелердің 95,2 пайызында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнаулы бұрыш жабдықтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар учаскелердің 94,1 пайызында кабиналарды кресло-қоларбамен жүретін азаматтарға қолжетімді етіп жабдықтау көзделіп отыр. Дауыс беретін күні инватакси қызметі жұмылдырылатын болады, - деді ол.