Әулиекөл ауданындағы өрт толық сөндірілді, деп хабарлады Newsroom.kz тілшісі.
«Биыл 10 қыркүйекте сағат 10:00-де Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы орман өрті толық сөндірілді. 7 қыркүйекте сағат 15:00-де өрт ауыздықталды», - деп жазылған Қостанай облысы ТЖД таратқан хабарламада.
Айта кетейік, биыл 2 қыркүйекте сағат 15:10-да Әулиекөл ауданы Басаман және Семиозер орман шаруашылығы басқармаларының аумақтарында ағаш пен құрғақ шөп өртенген еді.
Өрт аумағы – 43 мың гектар. 2 елді мекендегі 91 үй жанып кетті.
Эвакуацияланғандар үйлеріне оралды, қалғандары туыстарында қалды. Өрт басталғаннан бері барлығы 2 мың 91 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
12 адам өрт кезінде жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат алып, күйік шалып, уланды.
Бүгінде зардап шеккен 3 адам Әулиекөл аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. 1935 жылы туған бір адам қаза тапты.
Жедел штаб жұмысы басталғаннан бері ТЖМ жедел желісіне 38 қоңырау келіп түсті. 87 адамға консультациялық-психологиялық көмек көрсетілді.
Тікұшақтар әуеден 327 рет су шашты. Өртті сөндіруге 1 785 адам және 207 бірлік техника жұмылдырылды.
Жедел штаб өз жұмысын аяқтады.
Сондай-ақ Қостанай облысында орман өртінен жапа шеккен тұрғындарға үй салу жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілген болатын.
Аудан орталығы маңынан бөлінген жер телімінде 91 үй бой көтереді. Құрылысшылар болашақ баспаналардың іргетасын салып, су және газ құбырларын төсеуге кіріскен.
«Құрылыспен тоғыз компания айналысып жатыр. Олардың қатарында, «БК-Строй», «Рудный СоколовСтрой», «Алюминстрой», «СК КБС» секілді тәжірибелі мол компаниялар бар. Үйлердің көлемі 100 шаршы метр, ауласының ауданы 10 сотық болады. Сондай-ақ 280 орынға шақталған балабақша құрылысы да жоспарға енген», – деді облыстық құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.
Құрылыс және абаттандыру жұмыстарына облыстың барлық өңірлері жұмыла жәрдемдесіп жатыр. Олар аудан аумағын қалыпқа келтіруге, оның ішінде саябақтар мен скверлер, сәулетті нысандар салуға, сондай-ақ ауданды санитарлық тазартуға үлес қоспақ.
Жаңа үйлер 2-2,5 ай ішінде салынып бітеді. Оған мемлекеттік бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар елдің басқа аймақтары да құрылыс материалдарын жөнелтіп жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Әулиекөл ауданындағы өртке қатысты пікір білдірген еді.
«Өрттің аумағы 43 мың гектар болды. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары ұйымдастырылды», - деді министр.
Оның айтуынша, өртті сөндіру жұмыстарына жұмылдырылған күштер мен құралдар азайтылған. Көмек көрсету үшін Ақмола облысының күштері мен құралдары, Восток РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жырту жұмыстарымен айналысады.
«ТЖМ полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыстарын жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады, - деді Юрий Ильин.
Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабының мәліметінше, өртті сөндіруге құрамында ТЖМ, ІІМ ҰҰ Қостанай қаласындағы академиясы, Қорғаныс министрлігі, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары: 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 1785 адам жұмылдырылды.
Өрт сөндіру басталған сәттен бастап, тікұшақтар әуеден 272 рет су шашты.
Өрт басталғаннан бері барлығы 2 мың 91 адам эвакуацияланды (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан – 1841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына – 250 адам).
Әулиекөл орта мектебінің (16 адам), Әулиекөл мектеп -интернатының (1 адам) эвакуациялау пунктінде 17 адам, оның ішінде 7 бала бар. Эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде.
ТЖМ жедел желісі жұмыс істейді, ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түсті.
Әулиекөл ауданының эвакопунктінде 7 психолог шұғыл психологиялық көмек көрсетеді. Консультативтік көмек 124 адамға көрсетілді және топтық жұмыс форматымен 45 бала қамтылды.
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов