Ақпан айының басында бауырлас ел, түркі тілдес халық, оның ішінде оғыз тармағында сөйлейтін Әзербайжан еліне сапарлаудың сәті түсті.
9 ақпан күні Парламент сайлауы өтіп, бақылаушы мәртебесінде барғандықтан болар, біздерге деген ықылас ыстық болды. Гейдар Әлиев әуежайынан аяқ-қолымызды жерге түсірмей күтіп алғанымен, әуе кемелерінің айлағы ерекше әдемі көрінді. Ерінбей сұрап, асықпай қарап, интернет беттерін шолып шықтық. Сөйтсек, футуристік стильде соғылған Халықаралық әуе терминалы қайбір жылдары әлемдегі ең әдемі, ең сұлу әуежайлардың ішінен 5 жұлдызды жеңіп алыпты. Осы мәліметті мақтанышпен айтып, біздерді күтіп алған Шамсия қыз жымия күлді. Жаңылмасам, бізде де бар есім. Сөздіктерді сүзіп шыққанда «күн» деген мағынаны білдіретін қыз балаға қойылатын ерекше есім екен.
Байқасаңыздар, мақала кіріспесінде ел атауын Әзербайжан деп жазуымыз да тегін емес. Жергілікті жазарман тілші қауым өкілдерінен де сұрадық, негізінен Әзірбайжан емес, осы елдің тілдік үндестігіне сай, «әзер» - деп жазылып, айтылғаны дұрыс екен. Алдағы уақытта есте болатын жайт екен деп, бауырлас елде болған бір аптаның ішінде, кезінде Қап тауын мекендеген албан мемлекетінің мол мұрасын көрдік. Шығыс Еуропада Албан мемлекеті, қазақ халқында албан руы кездесіп жатады емес пе? Журналиске тән қызығушылықпен Бакуден 118 шақырым алыс жатқан Шамахы қаласының маңындағы Дәмірчі (темірші) ауылында орын тепкен Албан мемлекеті туралы музейге бас сұқтық. Осы орайда айта кететін жайттың бірі – біз осы сапарымызда Әзербайжан еліндегі Газах (қазақ) ауданына бармаққа ниеттенгенбіз. Өкінішке орай, ел астанасынан 700 шақырымдай алыста, теңіз деңгейінен 300 метрдей биікте жатқан ауданға жету мүмкін болмады. Тіпті оны айтасыз – дәл сайлау күні Бакуден 100 шақырымдай қашықтағы Ширван өлкесіне барып бақылаушы болсақ дегенбіз, ауа-райы күрт өзгеріп, бүкіл жоспар бұзылды. Есесіне, албан мемлекеті туралы мәлімет тауып, қоржынымызға біраз дерек жинап, қолымызға қалам алатын сәт бұйырды.
Қазіргі Әзербайжан елінде біршама этнос екілдері шоғырланған. Рутул, молокан, тат, будуглы, цахур, ингилой, хынылаг, талыш секілді ұлттар таулы елде ауыл-ауыл болып, аудандарда өзара бірлікте ғұмыр кешуде.
Темірші ауылындағы тарих музейі
Біз барған Темірші ауылын тат ұлтының өкілі мекендейді. Ұзын бойлы, сары шашты, көкшіл көзді келетін таттардың тілі әзербайжан бауырлардан мүлде бөлек көрінді. Бұл сөзімізді құптаған жолсерік Эльчин таттардың өзіндік түрлі салт-дәстүрлері де бар деп қалды. Дегенмен, ұстахананың қасында шоққа таба нан жауып, пешке қаттама нан пісіріп жатқан ауыл әйелдері нанды ұсынып жатып, -«гаттама», «гатыг» дегенде кей сөздердің ортақ екенін аңғарып қалдық. Тамырын тереңге жайған түркінің бір бұтағы шығар деп тат халқы туралы көп ізденіп, оқуға тура келді. Бұл өзі бір ауқымды тақырып секілді.
IV ғасырларда грек тарихшысы Аррианның жазбаларында жазылған Кавказдағы Албан мемлекеті де көп ұлтты һәм көп тілді болған. 26 тайпа бірігіп, Кабала қаласын астана еткен. Бір патшаны сайлап, бір орталықтан басқарылған албан мемлекеті қазіргі Әзербайжан жерінен шығып, 331 жылы Гавгамел маңында өткен гректермен соғыста парсы шебінде ерлікпен соғысқан.
Музей ішіндегі түпнұсқада сақталған албандардың қаңқа сүйектеріне үңіліп қарасаңыз, ұзын бойлы, иықты келген жауынгер халық болғанын байқайсыз. Жанымда жүрген музей қызметкері кейбір қаңқа сүйектердің қару-жарағымен және бірден көзге түсетін ұзын қылыштарына ерекше назар аударуымды сұрады. Шынымен де, тарихты қазбаласақ, албандар 65 жылы Рим қолбасшысы Помпеймен ашық соғысқа түседі. Алайда, жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болады. Дәл осы жорықтың нәтижесінде албан мемлекетінің құрамына кірген: албан, гел, лег, ути, гаргар, шілбі, сілбі және лпин секілді тайпа атаулары жылнамаға жазылады.
Америкалық кавказтанушы-ғалым Роберт Хюсеннің пікірінше албан тайпалары автохтонды кавказ тайпаларының негізгі өкілі болған. Албандар кавказ тайпаларының одағын құрып, негізгі күшті құраған. Кеңес ғалымы К.Тревердің жазуынша, албан тайпаларының ішіндегі мәдени тұрғыдан алғанда гаргарлар алдыңғы қатарда болған. Фолк-хистори жанрының хас шебері Мұрат Әжі өз шығармаларында Кавказдағы Албания елін осы өлкедегі ондаған халықтың отаны деп жазады.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, албандар лезгин тармағына жататын нах-дағыстан тілінде сөйлеген, біртұтас албан этносы болмаған дейді. Дегенмен, діл мен дін мәселесінде албандар 314 жылы христиан дінін қабылдаған. Бұл Урнайр патшаның тұсында орын алған. V ғасырларда албан жазуы пайда болады. Христиандықты қабылдаған албандар осылайша жаңа дінмен қатар өз әліпбилерін дүниеге әкеледі. Мақаламыздың басында жазғандай, 460 жылдары албандар парсыларға қарсы соғыс бастап, жеңіліс табады да, нәтижесінде парсы сатраптарының бірі – Албан марзпандығына айналады. Бұл – 462-703 жылдары өмір сүрген сасанидтық Иранның тұсында орын алған оқиға.
Рим тарихшылары болса, албандардың кеңпейіл және қонақжай қасиеттерін қағазға түсіріп, көп дүниеге бей-жай қарайтындықтарын байқаған. Қарт кісілер үлкен құрметке ие болғанымен, қайтыс болғанда бүкіл дүние-мүлік бірге жерленіп, балаларына мұра қалмаған.
Археологиялық музейдегі тарихи жәдігерлер
ІІІ Вачаган патша тұсында өз тәуелсіздіктерін қайтарып алған албандар 510 жылы қайтадан мемлекеттіктерін жоғалтады. VI ғасырдың соңында Каспий теңізінің жағалауы мен Кура өзенінің бойын және Қап тауын жағалай қоныстанған албандар Ираннан шыққан Михранидтар тұсында дербестігін қайта қалпына келтіреді.
705 жылы болған араб шапқыншылығының тұсында Кавказдағы Албания мемлекеті тарих сахнасынан мәңгілік жоғалады.
Осылайша, І ғасырда Аран патша билеген тұста қазіргі Аракс өзенінен Газах – Борчалы жеріне дейінгі ұланғайыр аумақты алып жатқан алып мемлекет өмір сүруін тоқтатады.
Археологиялық музейдегі тарихи жәдігерлер
Себебі, дәл осы кезеңдерде Қап тауына мұсылманшылық кеңінен тарап, 734 жылы Дербент қаласында және 742 жылы алғашқы мешіттер бой көтере бастаған еді.
Осылайша, 743 жылы соғылған Жұма мешіттің көне қабырғалары мен Темірші ауылындағы қаншама сырды ішіне бүккен археологиялық жәдігерлерга қарай отырып түйгеніміз осы болды. ХХ ғасырда өмір сүрген атақты шығыстанушы И.А.Орбели 300 жуық албан ескерткіштерін зерттеп, монография жазғанымен, типографиядан шыққан бүкіл тиражды өзі сатып алған екен. Ал, ол еңбектің одан кейінгі тағдыры белгісіз.
642-681 жылдары билік құрып, артында күшті мемлекет қалдыра білген Джаванширдің мұрасы да албандар еліне құт болмады. Әйтпесе, Хазария және Византия, Сасанидтік Иран мен араб Халифатымен дипломатиялық байланыс орнатып, ел тәуелсіздігін сақтай білген еді. Алайда, Джаванширдің өліміне 25 жыл толмай жатып, албан мемлекеті араб шапқыншылығына қарсы тұра алмады. Албандардың 26 тайпасы өзара қырқысып, бір ортақ мәмілеге келе алмайды. Күш біріктіріп, арабтардың шапқыншылығына қарсы тұрарлықтай қауқар әйтсе болды. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші бәрінен биік тұратын бірліктің күші сарқылған соң, албандар жеңіліске ұшырап, тарих сахнасынан да алшақтай берді. Мұның себебін ғалымдар мен тарихшылар әр түрлі түсіндіреді. Дегенмен, бұл біздің пікірімізше басқа бір тарихи мақалаға жүк болатын тақырып деп ойлаймыз...
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
Баку – Шамахы – Баку
Әзербайжан Республикасы
Суреттерді түсірген автор
Осы сапарды ұйымдастыруға ұйытқы болған Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетіне Алғысымызды білдіреміз.