Сауран ауданында жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жиһаз өнімдерін шығаратын цехтардың қатары артып, бүгінде аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуда, деп newsroom.kz хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қасиетке ие адамдар құрметке лайық болуы тиіс екендігін айтып, оларға қолдау білдірген болатын. Осы орайда, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының шағын және орта бизнеспен айналысуына көптеген мүмкіндіктер қарастырылған.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев ауданға қарасты Иассы ауылдық округіне іссапармен барып, «SEM BRAND» жиһаз цехының ұжымымен кездесу өткізді. Кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, қызметкерлерге елде орын алып жатқан саяси өзгерістер жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Насиба Атаева және аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейсов те қатысты.
Аталған цех биыл іске қосылған. Заманауи технологиямен қамтамасыз етілген кәсіпорынның аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Жылына 80 мың орындық және 15 мың үстел өндіреді. Цех директоры Бабыр Шереханұлы ауданның 150 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айтуынша, кәсіпорынды кеңейтіп мамандар санын 300-ге дейін арттыру жоспарда бар. Саурандық ұжымның өнімдері көрші Қырғызстан еліне экспортталады. Болашақта Түркия, Қытай және Ресей елдерімен қарым-қатынас орнату көзделуде. Атап өтерлік, кәсіпорын биыл тамыз айында Түркістан қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысты. 80-нен астам тауар өндірушілердің арасынан “Халыққа арналған үздік тауарлар” номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.
Жиын барысында Б.Тәжібаев жұмысшылармен еркін пікірлесіп, мемлекет үшін маңызды оқиғалармен бөлісті. Шағын ауылда сапалы өнімдерді шығарумен айналысатын ұжымның еңбегіне ерекше тоқталып өтті.
– Таяуда ғана Астана қаласында «AMANAT» партиясының ХХIV Съезі өтті. Онда бірқатар мәселелер қаралып, партияның жаңа Саяси тұғырнамасы қабылданды. Тұғырнама өздеріңіз секілді қарапайым тұрғындардың талап-тілегі мен ел Президентінің реформалары негізінде әзірленді. Съезге республика бойынша 1200 адам қатысса, соның 65-ы Түркістан облысының азаматтары болды. Яғни сіздердің аманаттарыңызды арқалаған делегаттар, бүгінде сол шараның өзекті тұстарымен сіздермен бөлісу үстінде. Сол сапарда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Форумда Қ.К.Тоқаевты қолдауға арналған халықтық коалиция құрылып, құрамына біздің партиядан бастап бірқатар саяси ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер енді. 20 қараша күні ҚР Президент сайлауы өтетіні белгілі. Қазіргі таңда үміткерлер тіркелді. Саяси науқанда азаматтық белсенділіктеріңізді көрсетуге мүмкіндік туып отыр. Әсіресе өздеріңіз секілді еңбек адамдарының көзқарастары біз үшін өте маңызды, – деген Атқарушы хатшы жиынды қорытындылады.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі