Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 қазан, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық жарыс басталды

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық жарыс басталды

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық жарыс басталды
ашық дереккөзі
Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің ең бірінші иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XХ халықаралық турнир басталды, деп newsroom.kz хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. Дүбірлі сынға Қытай, Қырғыз республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Йемен мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірінен 160-қа жуық спортшы келді. Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысушылар мен спорт жанкүйерлерін құттықтады.
– Түркістан төріндегі халықаралық турнирге қош келдіңіздер! Бокстан жастар арасындағы бұл жарыс өңірімізде 20-шы рет өткелі жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын үнемі қолдап келеді. Түркістан облысында да спорт саласына үлкен мән беріліп, спорт нысандары салынды. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынып жатыр. Жаңа қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында «Теннис орталығы» бой көтерді. «Мұз сарайы» мен ескек есу каналы салынуда. Түркістан өңірі талай спорт саңлағын баптап шығарды. Оның ішінде бокс мектебіміз өте мықты. Солардың бірегейі Бекзат Саттархановты Қазақ елі ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі дода өңірдегі жас спортшыларға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Д.Сатыбалды.
Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова, Олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов пен Серік Сәпиев те құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жарысқа Бекзаттың спорт саласындағы әріптестері мен достарымен қатар еліміздегі бокс спортының майталмандары, кейінгі буын чемпиондары арнайы келіп, жастардың деңгейін саралауда. Жарыста 2004-2005 жылдары туған жастар 13 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салып жатыр. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық атағы беріледі. Турнир 16 қазанға дейін жалғасады. Түркістан облысында 8 облыстық, 18 қалалық және 7 аудандық спорт мектептерінде бокс бөлімдері жұмыс істейді. Онда 252 жаттықтырушы 6277 спортшыны сайыстарға дайындап келеді. Айта кетейік, Бекзат Сейілханұлы Саттарханов  – қазақстандық боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері. 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының жартылай жеңіл салмақ бойынша чемпионы (57 кг дейін). І дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері. 1995 жылы он бес жасында Түркістан қаласында өткен З. Сейітбековты еске алу турнирінде тұңғыш рет топ жарған Бекзат өмір бойы осы жүлдесінің өте ыстық екенін айтып өтті. «Түркістан 95» деген жазуы бар қыш құмыраны Сидней Олимпиадасының алтынымен тең көрген. Дәл сол жылы жасөпірімдер арасындағы халықаралық жарыста жеңімпаз атанып, бапкерлер көзіне түсе бастайды. 1996 жылы Қостанай қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының ішкі біріншілігінде чемпион атанады. Дәл сол жылы шымкенттік Анатолий Визириякин атты бапкердің қарамағына өтіп, облыс орталығындағы мектеп-интернатта жаттыға бастайды. 1997 жылы Қарағанды және Германияның Кельн қалаларында өткен халықаралық турнирлерде топ жарады. Сонымен қатар Олимпиадаға даярлау облыстық орталығына қабылданады. 1998 жыл Бекзат үшін табысты болды. Сол жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Қостанай қаласында өткен жарыста 54 келіде сынға түскен ол Марат Мәзімбаевтан ұтылып қалғанымен, бапкерлер сенімінен шығып, ұлттық құрамаға қабылданады. Түркістан қаласында Әбдісалан Нұрмахановтың құрметіне өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанып қоймай, жарыстың ең үздік боксшысына берілетін сыйлыққа ие болады. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанады. Таиландта өткен бүкіл Азия біріншілігінде жүлдегер қатарына ілігеді. 1999 жылы Венгрия және Болгарияда өткен халықаралық турнирлерде оза шауып, Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізеді. Дәл осы күміс жүлдесімен бірге Сидней Олимпиадасының жолдамасына да ие болады. Бекзаттың қысқа ғұмырында 2000 жыл тек Сидней Олимпиадасындағы жеңісімен ерекшеленбейді. Ол мұхиттың арғы бетіндегі төртжылдық додасына аттанғанға дейін Қырғызстанда өткен Орта Азия ойындарында, Испанияда жалауы желбірген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріледі. Астана қаласындағы «Қазақстан-Куба» кездесуінде қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Чехияда өткен «Гран Приде» жеңімпазға берілер Кубокті төбесіне көтереді. Мәскеудегі ТМД елдерінің біріншілігінде 4 жүлдемен қатар, сайыстың үздік боксшысы деген атақты еншілейді. Ташкентте бокстан өткен Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп алған Бекзатты бапкерлер жартылай жеңіл 57 келі салмақ дәрежесіне лайық көреді. 57 келіде ел намысын Атланта Олимпиадасында қорғаған Бақтияр Тілегенов көп салмақ қуатындықтан, бапкерлер оған сенбейді. Оның үстіне 1999 жылы Хьюстон қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Бақтияр жеңіліс тауып, бапкер үмітін ақтамайды. Қазақстандық жанкүйерлер мен бокс мамандары Бекзаттың жастығын алға тартып, оны Олимпиадаға жібергісі келмейді. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың көзінде от барын байқап, ел намысын қорғауды Түркістандық жас ұланға сеніп тапсырады. Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: «Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!» деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезген. Бекзаттың финалдағы қарсыласы әлем чемпионы, америкалық Рикарду Хуарес еді. Ол Сидней финалына жету жолында Атланта Олимпиадасының чемпионы С. Камсингті тізерлеткен мықты боксшы болатын. Атағы алысқа кеткен қарсыласын Бекзат Саттарханов 22-14 есебімен жеңіп, Сидней Олимпиадасының чемпионы атанады. Бекзат рингте тек жұдырықпен ғана емес, ақылмен де жұмыс істейтін боксшылардың қатарынан. Әсіресе аяқпен қимылдауда ерекше белсенділік танытқан. Сидней рингіндегі қарсыласы Джеффри Матебула: «Бекзаттың аяғы мықты екен, жорға жүрісті боксшы есімді алды. Осы жігіт финалға ілігеді» деп дөп басып айтыпты. Жаттығу кезінде аяғына 3-4 келілік қорғасын байлап алып жүгіреді екен. Аяғына ауыр тас байлап алғандығына қарамастан, құрамадағы әріптестерінің үнемі алдын орап кететін. Бокс мамандары мен жанкүйерлер Бекзаттың бокстасу техникасы қазақтың даңқты боксшысы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевқа ұқсайтынын ерекше атап өтті. 2000 жылдың 31 желтоқсаны күні сағат 23-45-те Шымкент қаласының маңындағы Темірлан бекетінде Бекзат Саттарханов жол апатына ұшырап, қайтыс болды. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі