Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
10 қазан, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан: Созақта майдангерлер мен батыр аналар дәріптелді

Түркістан: Созақта майдангерлер мен батыр аналар дәріптелді

Түркістан: Созақта майдангерлер мен батыр аналар дәріптелді
ашық дереккөзі
Түркістан облысы, Созақ ауданы орталығынан шалғайда орналасқан Шу ауылының 60 жылдық мерейтойы игі істермен өрнектелді, деп newsroom.kz хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. Шу ауылының орталық алаңында Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушы ардагерлер және батыр аналардың есімі жазылған құрмет тақтайшасының лентасы қиылды. Мерейтойға арнайы қатысқан аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, ауыл тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
– Қойнауы қазынаға толы, тарихы терең киелі Созақ ауданының іргелі ауылдарының бірі – Шу ауыл округі. Өзіндік қалыптасқан тарихы бар Шу ауылы биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бүгінде еліміздің дамуына еңбек сіңіріп жүрген ғалымдар – Түктібай Тасмағанбетов, Сәуле Мұсаева қазақ ән өнерінің жұлдыздары – Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жәнәбіловты дүниеге әкелген құтты мекен. Берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл тәуелсіздік жылдары да дамып, көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Жаңа мектеп, балабақша, мешіт пен жолдар төселіп, көше жарықтандырылды. Міне, мұның бәрі егемендік алғалы халық игілігіне берілген дүниелер. Ауылды бойлай өтетін Шу өзенін жергілікті халық тиімді пайдаланып отыр. Өзен бойынан қыстық мал азығын жинап, жазда өріс қылып, ата-бабадан қалған мал шаруашылығын дамытып келеді. Алдағы уақытта да Шудың текті жұрты ауданның дамуына үлкен үлес қоса береді, –деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.
Аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев, Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов та ауыл тұрғындарына деген ыстық ықыласын білдірді. Ауылдың дамуына еңбек сіңірген ардагерлер мен азаматтарға аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың алғыс хаты табыс етілді. Шу ауылының тумасы меценат Әлжанов Ерғали Төлегенұлына ауылдастары ардақтап ат мінгізді. Мерейтойға келген қонақтар күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілген «Борсабай» мешітінде жұма намазын оқыды. Салтанатты шарада спорттық бәсекелер өтті. Қазақ күресінен тараздық Мергенбай Бақберген «түйе балуан» атанып, жүлдеге тігілген өгізді алды. Екінші орынды Созақ ауданының балуаны Досыбаев Дәулет иеленіп, қошқарды қанжығаға байлады. Гір тасын көтеруден Қобыланды Орынбасар бас жүлдені иеленді. Қошқар көтеруден арыстық Азамат Мақұлбеков бас жүлдені алды. Сондай-ақ бәйге, көкпар бәсекесі де өтіп, ұлттық спорт ұлықталды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлделі орын иелері қомақты сыйлықтармен марапатталды. Шудағы думан қазақ эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты. Туған ауылына әннен тарту жасаған Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбілов, Жұбаныш Жексенұлы сонымен қатар, Заттыбек Көпбосынұлы, Марат Имашев, Наркенже Серікбаева, Ернар Айдар, «Диета KZ» тобы және өзге де әншілер мереке көркін кіргізді. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі