Осыдан төрт жыл бұрын қайта құрылған Келес ауданының әлеуметтік - экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. Бұл жұмыс жаңа қарқынмен жалғасады. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауданға арнайы барып, келестіктермен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылады, деп newsroom.kz хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, барлық сауалдарына жауап берді. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен жүздескен облыс әкімі бірде-бір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес облыста жоспарланған және атқарылатын жұмыстар барысын баяндады. Осыған дейін облыс басшысымен кездесуде тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқан.
– Атап айтқанда, Келес ауданының орталығы Абай ауылынан тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер учаскелерін беру үшін 96 гектар жерге электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталады. Кезекте тұрған 500-ге жуық азаматқа кезең-кезіңмен жер учаскесін беру жоспарлануда. «Ақылбексай» су қоймасынан ауылға су беру мәселесі бойынша қажетті жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мемлекет басшысының тарапынан қойылған міндеттер еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар да ары қарай жалғасын табатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз маңызды, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесуде және жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан өткір сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, үй салуға жер беру, кітапхана салу, жұмыссыздық, жастардың синтетикалық дәріге құмарлығы, мал шаруашылығын дамыту, Келес өзенінің экологиялық ахуалы, бау-бақша шаруашылығына субсидия беру, спорт кешенін салу және өзге де мәселелер көтерілді. Өңір басшысы ұсыныстар орынды екенін, назарға алынатынын атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы саласын Келес ауданының брендіне айналдыруға болады. Өйткені мұнда егін, мал шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Осында өстік, бала кезде таңғы 7-ден бастап малға су беріп, қораны тазалап, бақшамызда түрлі дақылдар егіп өстік. Бір жылда 2-3 өнім алынатын. Осы үрдіс жалғасуы тиіс. Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жобаларды толық қолдаймын. Ордабасы ауданында ірі мал шаруашылығы кешенін ашуды жоспарлап отырмыз. Келесте де салуға болады. Мал шаруашылығымен айналысатын 25 шаруа қожалығы мен кәсіпорындардың тізімі бекітіліп, Өзбекстан Республикасына ет экспорттауға рұқсат алынды. Келестік шаруаларды да осы тізімге қосып, ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Спорт кешенін, Оқушылар сарайын, кітапхана салу мәселесін де қарастырамыз. Бұл аймақтың мәселелерін жақсы білемін. Жалпы өңір тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауыл-аймақтарда тұрады. Сондықтан енді аудандарға қолдау күшейтіледі, – деген Дархан Сатыбалды Келес өзеніндегі заңсыз карьер қазушылардың жұмысын тоқтату, синтетикалық дәріге қарсы күресті күшейту жөнінде жауаптыларға тапсырма берді. Сарыағаш пен Келес ауданындағы қордаланған мәселелер бойынша арнайы жиналыс өткізіп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Аудандағы елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы құны 2 358,5 млн. теңгені құрайтын 2 мектептің құрылысы жүргізіліп, 1 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Келер жылы тағы бір жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында биыл 3 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді сапалы электрмен жабдықтау жұмыстары қолға алынған.
2022 жылы «Абай» АГТС-нің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 10 елді мекенде 18 жоба іске асырылуда. Мектептерге қажетті қосымша ғимарат салынып, күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Кітапхана және мәдениет үйлер салынып, Қызыләскер ауылында қуаты 220/110/10кв қосалқы станциясын іске қосу және «Жылға» ТҚС-ны 220/110/10кв қосалқы станциясын қосуға 188,5 млн. теңге қаралған.
Айта кетейік, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
1-қыркүйек күнгі Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылық секторын ерекше атап өткен болатын:
- Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады... Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі