Салтанат Тұрсынбекова "Қазақ аналары - дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат ретінде ұсынылды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Ұйым мәліметінше, 11 қазанда Астанада "Қазақ аналары - дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтіп, онда президенттікке кандидат ұсыну мәселесі қаралған.
"Жиналысқа қатысушылар белгілі қоғам қайраткері, құқық қорғаушы Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызын алдағы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Бірлестік басшысы Айнұр Жүгінісова Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы ана мен баланы қорғауға, отбасы институтын нығайтуға, ұлттық-рухани құндылықтарды насихаттауға белсенді атсалысып жүргенін айтты", - делінген хабарламада.
Салтанат Тұрсынбекова көптеген жылдар бойы азаматтық құқықтар, әсіресе әйелдер мен балаларды қорғау туралы мәселе қозғайды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында ерекше белсенді.
Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, "Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі болды. Ол 1966 жылы Жамбыл облысында туған, отбасылы, 2 бала тәрбилеп отыр. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 30 жылдан асады.
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі