Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
30 қыркүйек, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістанда «Түркістан – рухани, қауіпсіз қала» форумы өтті

Түркістанда «Түркістан – рухани, қауіпсіз қала» форумы өтті

Түркістанда «Түркістан – рухани, қауіпсіз қала» форумы өтті
ашық дереккөзі

Бүгін облыс орталығындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Түркістан - рухани, қауіпсіз қала» тақырыбында форум өтті. Аталған форум Түркістан облысы Полиция департаментінің  бастамасымен, Түркістан облысы қоғамдық даму  басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды, деп newsroom.kz хабарлайды.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың мәлімдеуінше, қалада «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қылмыстар саны төмендеген. Мәселен, «Керуен сарай» сауда әрі ойын-сауық кешенінің басшылығымен және «Бірлік» мөлтек ауданындағы кафе иелерімен кездесіп, қауіпсіздікті сақтау бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісімге келген. Сервистік полиция моделін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп, рейдтер ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар өз жемісін беруде.

 width=

– Түркістан шаһарында тұрғындармен ашық әрі тығыз байланыс орнату, «сервистік полиция» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жұмыстары күшейтіле түсті. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрақтылықты ту ету басты орынға шықты. Шаһарда «Азаматтарға арналған қабылдау» фронт-кеңсесі жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтың ашылуы арқылы полиция қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Кеңес беріп, жаңа форматта жұмыс істеуде. Соның бірі – арыз, шағымдарды бейнежазу арқылы қабылдау. Арнайы техникамен жарақталған бөлме бар, сол жерде шағымданушының сөзін, айғақ заттарын таспаға басып алуға болады. Бұл өз кезегінде іс қағаздарының бұрмаланбауына әсер ететін бірден-бір фактор, - деп атап өтті қаланың бас полицейі.

Аталмыш форумға спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, медиаэксперт, журналист Өркен Кенжебек, сарапшы, журналист Нұрділда Ораз, кәсіпкер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Олжас Сүлейменов, әнші, спортшы  Ескендір Ибрагим арнайы спикер ретінде келді.

Сахна төріне шыққан спикерлер рухани астана атанып келе жатқан облыс орталығын қауіпсіз қала ету төңірегінде өздерінің пікірлерін жеткізіп, көрермендермен пікір алмасты.

 width=

Форум соңында Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы тұрғындарды қоғам тыныштығын бірлесе қамтамасыз етуге шақырды.

– Түркістан – руханият орталығы әрі қауіпсіз қала. Біз осы ұстанымды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бұл ретте, киелі шаһардың тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген міндеттер мен Президент, министрлік тапсырмаларын бұлжытпай орындауға күш салып келеді. Біз үшін басты құндылық – адам мен оның құқығы. Барша әріптестерімізді, Түркістан тұрғындарын бізбен бірлесе жұмыс істеп, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге шақырамын. Қоғам мен мемлекеттік мекемелер өзара үйлесімді байланыс орнатса ғана мемлекетіміз дамиды! – деді қорытынды сөзінде Б. Жанаев.

Айта кетсек, бүгінде Түркістан қаласының Полиция басқармасында 500-ден аса қызметкер еңбек етуде, оның ішінде 103 учаскелік полиция және 214 патрульдік инспекторлары қоғам тыныштығына үлес қосуда.

Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі