Ресейлік фотограф, фоторедактор Александра Астахова өз елінен кеткісі келмейтінін әрі жерлестерін қабылдап жатқан елдерге «рақмет» айтты, деп хабарлады newsroom.kz тілшісі.
«Қолым жүрмей, зорға жазып отырмын. Тек Ресейде емес, әлемде болып жатқан трешті, әділетсіздікті көргенде бар дауысыммен айғайлағым келеді. Әлем бүлінді. Гранатасы бар макака бастады, кейін бәрі бүлінді. Екіжүзділік пен бассыздық сыртқа жарылып шыққалы тұрған іріңдей көрінді», - деп жазды Александра Астахова
Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, Ресейден басқа жерлерде де қайғылы оқиғалар болып жатыр. Бірақ оны ешкім байқағысы келмейді.
«Үнемі байланыста жүрген адамдардың айтқаны бар. Шамамен ондаған оқиға. Ресей Федерациясында болмаған ондаған қорқынышты жағдай. Бірақ бұл жағдайға байланысты бассыздыққа жол берген елдердің тұрғындары да, ол жаққа барған «жақсы» орыстар да ешқандай митингке шыққан жоқ.
Бұл елдерде митингке шыққандарды таяқпен ұрып-соқпайды, үйге тінтумен келмейді, адамның артына гантель тықпайды әрі майданға алып кетпейтін сияқты. Алайда олардың бәрі бізге митингке қалай шығу керегін біледі», - деді фотограф.
Александра Астахова Ресейдің қазіргі ұстанып отырған саясаты дұрыс болмаса да, өз мемлекетінен кеткісі келмейтінін жеткізді.
«Жоқ, мен ақылынан алжасқан елімнен кетпеймін. Басқа жаққа барудың керегі де жоқ. Мұнда да іспен айналысуға болады. Тіпті, осында керекпін», - деді ол.
Ресейлік фотограф жерлестерін қабылдап жатқан, елдерге «алғыс» айтты.
«Біздің босқындарды қабылдап жатқан елдерге алғыс айту – жақсы идея. Лондондағы Моңғолия, Қазақстан, Армения және Грузия елшіліктеріне эмигранттар гүл апарып, «рақмет» айтады.
Мұны Мәскеуде де істеуге болады.
Қазақстан елшілігі – Чистопрудный бульвары, 3с2
Моңғолия елшілігі – Брисоглебский қиылысы, 11А, б. 1
Армения елшілігі – Армянский қиылысы, 2с2
Бізде Грузия елшілігі жоқ. Біз Грузияның алдында кінәліміз. Айтпақшы, 2008 жыл есімізде», - деп түйіндеді сөзін Александра Астахова.
Фото:
Facebook (c) Александра Астахова