Қызылорда облысының аумағындағы Ресейге ұзақ жылға жалға берілген Байқоңыр қаласында қазір 67 мың тұрғын бар. Олардың арасында сол елдің азаматтығын алған қазақтар жетерлік. Ал бұл азаматтар Ресейдегі ішінара мобилизацияға міндеттеп шақырыла ма? Exk.kz тілшісі осыны ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртайдан сұрап көрді, деп newsroom.kz хабарлайды.
Қалада қазір тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының саны 75 пайызды құрайды. Қайрат Нұртай олардың мобилизацияға шақырылмайтынын айтады. Сондай-ақ заң бойынша осы қалада тұратын Ресей азаматтарын да көрші елдің қарулы күштері міндеттеп әскер қатарына қоса алмайды дейді арнаулы өкіл.
Қаладағы Қазақстанның да, Ресейдің де азаматтарының мобилизацияға қатысы жоқ. Оған тек сол Ресей аумағындағы азаматтар міндеттеледі. Ал Байқоңыр Қазақстанның аумағында ғой. Сондықтан міндеттемейді. Ресей азаматтары өз еркімен кетемін десе, барады, — дейді Қайрат Нұртай.
Ал қазірге дейін осы Байқоңырдағы ресейліктердің мобилизацияға өз еріктерімен қосылғандары бар ма, жоқ па белгісіз.
Өз еріктерімен Ресейдің қарулы күштеріне қосылғандардың бар-жоғын біз білмейміз. Өйткені олар туралы бізге есеп бермейді. Олардың өздерінің осында құзырлы органдары бар, — дейді арнаулы өкіл.
Сондай-ақ соңғы күндері Ресейдегі мобилизациядан үдере қашқан азаматтар да бұл қалаға кіре алмайды дейді Қайрат Нұртай. Оның айтуынша, Байқоңыр режимді қала болып есептеледі. Сондықтан бұл жаққа осында тұратындар мен рұқсат қағазы бар азаматтарға ғана кіріп-шығуға рұқсат етілген.
Бұған дейін Ресейде ішінара мобилизация басталып, одан қашқан азаматтардың Қазақстанға ағылып жатқаны туралы жазғанбыз. Соның кесірінен елімізде жалдамалы пәтерлердің бағасы да шарықтап кеткен еді.
Фото: SERGEI FADEICHEV/TASS