26 қыркүйекте Халықаралық Түркі академиясы түркі әлемінің мәдени астанасы Бурса қаласында 130 жылдан бергі ең ауқымды тарихи-археологиялық жаңалық саналатын Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымын өткізді, деп newsroom.kz хабарлайды.
«Орхоннан Орхан Ғазиге дейін» атты халықаралық археологиялық-мәдени экспедиция аясында ұйымдастырылған алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу, Моңғолия Ғылым академиясының Археология институтының директоры Гелегдорж Эрэгзэн бастаған ғалымдар делегациясы, Tүрік тілі қоғамының төрағасы Гүрер Гүлсевин, профессор Кадыралы Конкобаев, Кавказ университеттері қауымдастығының президенті Рамазан Коркмаз, Измир Катип Челеби университетінің профессоры Шабан Доған, Едитепе университеті тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор Ахмет Ташағыл, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, бауырлас елдердің БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды Академиясының президенті міндетін атқарушы Ф. Мәжидли ашып, шараның сәтті өтіуіне тілектестік білдірді.
Бұдан кейін Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтының директоры Г. Эрэгзэн Номғон жазығында жүргізген ғылыми археологиялық экспедициясының нәтижелері туралы баяндады. Ол Құтлық қаған кешенін Моңғолияда табылған көне түркі дәуіріне қатысты соңғы жылдардағы ең маңызды жаңалық екенін атап өтті.
Құтлық қаған кешенін таныстыруға арналған арнайы жиында Моңғолия Ғылым академиясына қарасты Археология институты Ортағасыр археология орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөр, Түркі академиясының ғалымдары Нәпіл Базылхан мен Нұрболат Бөгенбаев аталған көне түркі жазба ескерткіш кешені туралы жан-жақты баяндап берді. Сонымен қатар, жиында профессор Гүрер Гүлсевин, Рамазан Коркмаз, Ахмет Ташағыл, Хатидже Шырын және тағы да басқа ғалымдар сөз алып, өздерінің пайымды пікірлерін ортаға салды. Ғалымдар «Номғон» экспедициясы тапқан Құтлық қаған кешенінің маңыздылығына тоқтап, оның түркологиядағы елеулі оқиға екенін атап өтті. Тың жаңалықтың табылуы Академияның ұзақ жылғы бірлескен ғылыми жұмыстары жемісі екенінін айтып, ұйымның еңбегін жоғары бағалады. Әсіресе кешеннен табылған бітіктастағы көне түркі, соғды және брахми жазбаларын тереңірек зерттеу түркі тарихының жаңа парақтарын ашатын айтты.
Жиын аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Тоныкөк» және «Күлтегін» жинақтары көпшілік қауым назарына ұсынылды. Аталған кітаптарға түркі жазба ескерткіштері мәтіндерінің әлемнің әртүрлі тілдеріндегі ғылым және әдеби аудармалары топтастырылған.
Сондай-ақ жиын барысында Tүрік тілі қоғамының президенті Г. Гүлсевин Түркі академиясы мен Номғон экспедициясының мүшелері Напил Базылхан, Алтангэрэлийн Энхтөр, Нұрболат Бөгенбаев, Цэрэнхандын Буянхишиг, Гончигийн Батболдке аталған ұйымның арнайы марапатын табыс етті.
Айта кету керек, биыл Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлесіп жүргізген Монғолияның Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылды.