«AMANAT»: Қоғамдық кеңесте кәсіпорындардың салығын жеңілдету туралы ұсыныстар айтылды

«AMANAT»: Қоғамдық кеңесте кәсіпорындардың салығын жеңілдету туралы ұсыныстар айтылды

ашық дереккөзі

Түркістан облысында жыл соңына дейін құны 913, 8 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылмақ, деп newsroom.kz хабарлайды. Олар: керамзитті кірпіш өндіретін «СимТас» ЖШС, темір бетон бұйымдарын өндіретін «МЖ Алихан» ЖШС және газобетон өндіретін «EuroBlock Production» ЖШС. Жобалар аясында 74 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес мәжілісінде «Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» ЖШС директорының міндетін атқарушы Қанат Ұзақбайұлы мәлімдеді. Ол жиын барысында өнеркәсіп орындарын дамытудағы кедергілерге де тоқтала кетті және кәсіпкерлердің салығын жеңілдету туралы да ұсыныс білдірді. Жиынға қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Серманизов модераторлық етіп, партияның облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық мәслихат депутаты Жомарт Әбдібаев, жауапты басқарма басшыларының орынбасарлары, «Turkistan» индустриалды аймақтарының басқарушы компаниясы» ЖШС өкілі және кеңес мүшелері қатысты. Кеңестің күн тәртібінде 5 бірдей мәселе қаралды. Аймақта автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 17 500 шақырымды құрайды. Облыстық және аудандық маңызы бар көлік жолдарының қанағаттанарлық деңгейі 87%-ға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 92%-ға жеткізу көзделуде. Осылай мәлімдеген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ш.Сүттібаев автожолдар сапасын жақсарту жұмыстарының барысын баяндады.

- Биыл автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 53 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат 1967 шақырым жолды жөндеуге жұмсалады. Ал, облыс орталығы Түркістан қаласының жолдарын жөндеуге 6,9 млрд. бөлініп, 52 шақырым жол жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда жол құрылысы барысында негізігі басымдық облыс орталығы мен елді мекендерді байланыстыратын, туристік нысандар шоғырланған аймақтарға бағытталған жолдарға берілуде. Мәселен, бүгінде Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жолдың 35 километрінде қайта салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - дейді Шерзат Анарбайұлы.
Отырыс барысында өңірдің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Қолдасбекұлы биыл 7 айдың қорытындысы бойынша аймақта 960 пәтер берілгенін айта кетті. Баспаналардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілген. Сондай-ақ жалдамалы пәтер жоспары негізінде әлеуметтік осал топтағы жандарға 241 пәтер, ал көпбалалы аналарға 1462 тұрғын үй үлестірілген. Ал, аймақтық энергетика басқармасының өкілі Роза Олжабайқызының айтуынша Түркістан облысы тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету, тозығы жеткен электр желілерін азайту мақсатында өткен жылы 53 нысанның құрылысына 7,9 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде 364, 68 шақырым электр желісі жаңартылып, 32 мыңнан астам тұрғынға сапалы жарық жеткізілген. Жиынды қорытындылаған Полат Мұратұлы Түркістан облысында жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының саны артқаны жақсы көрсеткіш екенін айта келе, ұсыныстар жауапты орындарға жолданып, партия тарапы бақылауға алатынын жеткізді. Фото: «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Жүктелуде...