Түркістанда құқық қорғау органдары мен бизнес кездесті

Түркістанда құқық қорғау органдары мен бизнес кездесті

ашық дереккөзі

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдары мен облыстағы бизнес саласының өкілдерінің кездесуі өтті, деп newsroom.kz хабарлайды. Жиынға Түркістан облысының прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы, «Әділдік жолы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының өкілдері қатысты. Онда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндалды.

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін нақты айтқан болатын. Осы орайда құқық қорғау органдарымен бірлесе келе кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша заңдылықтың жай-күйін, сондай-ақ бизнестің өткір және маңызды мәселелерін шешудегі проблемаларды есту мақсатында бизнес өкілдерімен кездесудеміз, - деді облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев.
Мемлекет Басшысының бизнестің құқығын қорғау бағытында жұмыстарды күшейту жөніндегі тапсырмасы мен «Бизнесті қорғау экожүйесін дамыту және тартымды бизнес-ахуалды қалыптастырудың» жөніндегі іс-шаралар жоспарға сәйкес, Түркістан облысының прокуратурасымен бірлесе отырып «Бизнесті қорғау және қолдау» Форумы өткен болатын. Форум аясында алғаш рет Палата мен прокуратура бірлесіп Түркістан облысының аудандарындағы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Рейтинг әзірленіп, жарияланды. Аталған Рейтинг бизнес-климатты жақсарту, инвестицияны ұлғайту, кәсіпкерлердің құқығын бұзу фактілерін азайту және іскерлік белсенділікті дамыту бағытында 15 өлшемін қамтиды. Жиын соңында проблемалық мәселелер анықталып, кәсіпкерлерге қатысты заңдылықтың бұзылуына жол бермеу және одан әрі шешу алгоритмі әзірлену бойынша шешім қабылданды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында - Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау туралы айтқан болатын. Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024  жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет. Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет. Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр. Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді  несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар. Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек.  Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі  

Жүктелуде...