Тарихтағы ақтаңдақты түгендеген тұлға

Тарихтағы ақтаңдақты түгендеген тұлға

ашық дереккөзі

Сейдехан Алибек – полковник, Ресей әскери ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ануар Исмаилов туралы баяндады, деп newsroom.kz жазады.

27 - қараша күні білікті ғалым - ұстаз, полковник, Ресей әскери ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ануар Исмаиловтің туған күні.

Осындай үлкен тұлғаның кейінгі кездері уақыт өткен сайын ұмыт қала бастауы, әрине, көңілімізді алаңдатады. Сондықтан кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен тағы бір еске алуды жөн көріп отырмын.

Ұстазым туралы естелік мақалалар «Қазақстан жолы» (15.10.2016)       

«Южный Казахстан» (9 марта 2018 года) газеттерінде жарияланған болатын.

Ануар ағамен алғаш таныстығым өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында,  Қазақ  химия-технологиялық институтында басталған еді. Ол кезде мен жаңадан кандидаттық диссертациямды қорғап, өзім қызмет істеген кафедрада жұмысымды жалғастырып жүрген кезім. Әріптестерім бір күні «бізге институтқа әскери шені полковник, тарихшы профессор проректор болып келді» деп жаңалықтарымен бөлісіп жатыр. Содан қоғамдық ғылымдар кафедрасының кезекті бір отырысында Ануар Исмаилұлымен  жақынырақ танысуымыздың сәті түсті.  Мәжілісті жүргізіп отырған ол маған үлкен бір әсер қалдырған еді.  Сол күнгі таныстықтан бастап ағалы-інілі қарым-қатынасымыз үзілген емес. Жиырма жылдан астам уақыт көлемінде тонның ішкі бауындай етене араластық. Осыншама уақыт ішінде ол кісімен талай мәрте дидарласып, сырласып, пікір алысып жүрдік. Егер бір аптадай хабарласпай қалсам, міндетті түрде іздеп, телефон шалатын. Ол кісінің жанында жүру, бірге болу мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Осындай пайым-парасаты жоғары, терең ойлы, алып тұлғамен қатар жүріп, сыйлас-дос болғанымды тағдырдың берген бір сыйы деп білемін.

 width=

«Жақыннан таулардың биіктігі байқалмайды» демекші өмірден өткен соң осындай аяулы жандардың қадірі бұрынғыдан да арта түсетіні шындық қой. Ешкімге ұқсай бермейтін дара еді. Мен үшін орны бөлек жан еді. Өзі де, ары да таза адамдардың санатынан болатын. Әділ, шыншыл еді. Ақиқатты тіке айтуды ұнататын. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім, жаныма түйдім.

«Ұстазыңды өле-өлгенше мадақта, ұстазың ғой сені қосқан санатқа» демекші, ұстазың жөнінде қандай жақсы сөздер айтылып, жазылса да, артықтық етпес деп ойлаймын.

Ануар Исмаилұлының өмір жолымен, ғылымдағы жетістіктерімен кеңінен таныспын деп айта аламын. Ол құдай берген дарындылығының, қажырлығының, сабырлы мінезінің арқасында өз тағдырын өзі жасаған адам. Жастайынан білімге құштар, зерек болып өскен ол, Сарыағаш өңірінде мектепті алтын медальмен бітірген. 1957-1962 жылдары Латвия Республикасының  астанасы Рига қаласында жоғары әскери арнайы оқу орнында білім алған. Содан соң қазіргі «Байқоңыр» космодромында қызметте болған. 1968 жылдан бастап Семей өңірінде ядролық полигон территориясында әскери жұмыс атқарған. 1971-1973 жылдар аралығында Орта Азиялық әскери округте (САВО) дивизия штабында, ал 1973 жылдан бастап Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы саяси-әскери академияның адъюнктурасында білімін шыңдаған. 1984 жылы сол Мәскеу қаласында Жоғары академиялық жетілдіру курстарын бітіріп шыққан соң, кейінгі жылдардағы қызметі Түркістан әскери окуругінде (ТУРКВО) жалғасты, Ташкент Жоғары танк командирлерінің училищесінде қызмет етті. Бірнеше рет Түркменстан және Тәжікстан республикаларында орналасқан әскери гарнизондарында саяси-идеологиялық жұмыстарының бел ортасында жүрді. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтады.

 width=

1991 жылы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өзінің туған өлкесі Оңтүстікке оралып, Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтында кафедра меңгерушісі, тәрбие ісі жөніндегі проректор қызметінде, кейіннен кафедра профессоры болып еңбек етті. Профессор А.Исмаилов М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Халықаралық қатынастар және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі болып тұрғанда, университетте алғаш арнаулы білім беретін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша мамандар даярлана  бастады.

Әнуар Исмаилұлы 1989 жылы Мәскеуде тарих ғылымдарының докторлығына диссертация қорғап, 1990 жылы профессор атағына ие болған. Оның есімі өлкемізге ғана емес, бүкіл республикаға, шет елдерге де танымал еді.

Әнуар ағамыздың ғылымға қосқан үлесін аса қомақты деуге болады. Ол өмірінің соңына дейін ізденумен болды. 200-ден астам ғылыми еңбектері, оның ішінде бірнеше монографиялары, оқу құралдары, білім, ғылым саласын өркендетуге арналған өзекті мақалалары Мәскеу, Белгород, Воронеж, Санкт-Петербург, Ташкент, Баку, Астана, Алматы т.б. қалалардың басылымындарында  жиі жарық көретін. Ол кісінің қаншама архив ақтарып, шаң жұтып дайындаған ғылыми еңбектері төл тарихымыздың сан қырлы өзекті мәселелеріне, әскери-саяси тақырыптарына арналған. Солардың ішінде «1867-1917 жылдардағы Оңтүстік Қазақстан тарихының беттерінен», «ХІХ-ХХ ғасырлардың басындағы Қазақстан орыс зерттеулерінде», «Халқымыздың мәңгі мақтанышы», «Тұрар Рысқұлов тағдыры мен тағылымы», «Соғыс және Жеңіс» (2010) тағы да басқа бірқатар еңбектерін атап өтуге болады. Соңғы жылдары жарық көрген «Ерлікке толы ғұмыр» (2012) деген еңбегінде мұрағат деректері мен әдеби шығармалар негізінде Кеңес Одағының батыры, гвардия генерал-майоры Сабыр Рақымовтың өмірі мен әскери қызметіне жан-жақты тоқталған.

«Кісі қаншалық дарынды болса, соншалық табиғат құшағына жақын» деген екен бір данышпан. Сол айтпақшы, Сабыр Рақымов туралы кітапты жазу барысында, батырдың кіндік қаны тамған Қазығұрт баурайында болғанымызда  Әнуар ағамыздың сол сапардан алған әсері өте жоғары болды. Кейіннен ағамыз кітабында былай деп жазып еді: «Қазығұрт-Жаңабазар-Көкібел өңірінің тарихы мен көркі өзінше ерекше тау-жоталары жемісті өсімдіктерге бай жазық далалары мен сайларына әуесің келеді»...

Әнуар Исмаилұлы жоғары білікті мамандар даярлаумен қатар, көптеген ізденушілерге ғылыми жетекші болды. Профессор Исмаиловтың жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаттары мен бірнеше магистранттар дайындалды. Ол бірнеше жыл ғылыми кеңестердің мүшесі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы докторлық кеңес-төрғасының орынбасары болды. Әнуар аға 50 докторлық, кандидаттық диссертацияларға ресми оппонент болып, өзінің әділ пікірін білдіре отырып, ізденушілердің ерекше ықыласына бөленген еді.

Екінің бірінің бойында кездесе бермейтін жақсы қасиеттер Әнуар ағамыздың бойынан табылатын. Сондай қасиеттерімен дараланып тұратын. Қасында қанша жүрсем де ағамыздың біреуді лауазымына қарап бөлгенін немесе сыйлағанын ешқашан байқамаппын. Ол кімді болса да кісілігіне, адамгершілігіне қарай бағалайтын. «Маған досыңды көрсетші, мен саған сенің кім екеніңді айтайын» деген нақыл сөз бар ғой. Ол кісінің қатарлас, сыйлас, сырлас, дос-жолдастарының қатарында қазақтың нағыз нарқасқа, біртуар  азаматтарын атай аламыз. Солардың қатарында, Олжас Сүлейменов, Тастан Тоқсеитов, Ким Серікбаев, Ким Ізтілеуов ағаларымыз. Белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың өзі Әнекеңді өте қатты сыйлап, құрметтейтін. Сол кісінің мерейтойына шақырылған санаулы  азаматтардың қатарында Әнуар ағамыз да болған еді.

Мектепті бірге бітірген досы Тастан Тоқсеитов туралы дайындалған естелік кітапшада, Әнуар ағамыз былай деп ағынан ақтарылыпты: «Төкең туралы ой-пікір жазу оңай еместігін өзім де байқадым. Өйткені алғашқы әсеріңді ғана емес, оның бойындағы ізгі қасиеттерін, өткен өмір жолын, атқарған қызметтерін және отбасы жағдайын жақсы білетін болғандықтан, жиі кездесіп, сырласып-дидарласқаннан күш-қуат алып жүрген мен үшін қиын сияқты».

Әнуар Исмаилұлымен әр кез дидарласудың өзі бір ғанибет болатын. Бір әңгіме айта қалса, әр сөзін қаққан қазықтай нық та нақ дәлелмен, сенімді етіп айтатын. Түрлі басқосуларда Әнекең мінбеге шыға қалса, айтқан өткір пікірлері көпшілікті елең еткізбей қоймайтын. Қай тақырыпта болсын, мейлі тарихи, мейлі саяси, мейлі өнер мен әдебиет жайлы болсын қашанда өз пікірі болатын. Екі тілде  де қазақша, орысша, таза сөйлейтін. Әзілді де өз орнымен айтатын.

Жаз мезгілінде Әнуар аға саяжайда демалуды ұнатушы еді. Бізді де қасында болуға жиі шақырып тұрды. Біздің де ойымыз ол кісінің жанында көбірек болу, қасында көбірек жүру еді, өйткені ол кісімен кездескен әрбір сәт, әрбір уақыт тынысымызды ашып, жанымызды жадыратын.

Ол кісі өте қарапайым болды. Тұлғасы таудай болса да ешкімге жоғарыдан қарамайтын. Ешкіммен тіке-тіреспейтін. Ішкі мәдениеті биік, байсалды да байыпты болды. Қандай жағдай болмасын  сабырлық сақтайтын. Ұстамдылығымен көпшіліктің құрметіне бөлене білді ағамыз.

Өзінің негізгі атқаратын қызметімен қатар Әнуар Исмаилұлының қоғамдық-саяси жұмыстары да аз емес еді. Әр жылдары Республикалық халық конгрессі партиясының төрағасының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің тең төрағасы, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі,  облыстық тарихшылар мен саясаттанушылар қоғамының төрағасы болды.

Әнуар Исмаилұлының еңбегі ескеріліп, бұрынғы Кеңес Одағының «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен білім, ғылым саласындағы ерен еңбегі үшін «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» мәртебелі  атағына ие болды. Бұл оның көп жылғы еңбегінің жемісі екені де даусыз. Ол алғашқылардың бірі болып Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранттың иегері атанды. Бұл біздің университет үшін де айтарлықтай абырой еді. Сонымен бірге Әнуар аға облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығының лауреаты да болды. Өкініштісі, тек бүгін біздің арамызда ардақты ағамыз жоқ. Әрине, бәрі Алланың ісі.

Ешкімге бағынбайтын уақыт алға жылжып өтіп жатыр. Міне, Әнуар ағамыз  арамызда жоқ бір жыл да өте шықты. Бірақ Әнуар Исмаилұлының өзі болмаса да көзіндей болған достары, әріптестері, шәкірттері ол кісінің жарқын бейнесін ұмытпай, еске алып отырады. Уақыт өткен сайын қадірі айрықша сезіліп, бізге бұрынғыдан да арта түскендей.

Осындай үлкен тұлғаны кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен  осы естелік  мақала да жазылып отыр. Қазақта «Мың қайғыдан бір парыздың жүгі ауыр» дейді. Демек, ол кісінің атын тарихта қалдыру, ұлықтау, есте сақтау парызымыз деп білеміз. Әнуар ағамыздың ғылыми мұрасын зерттеп, насихаттау ендігі жердегі біздің міндетіміз. Өйткені ол келешек үшін қажет.

Сейдехан ӘЛІБЕК, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы

Жүктелуде...