«AMANAT» партиясы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформасын қолдауға арналған «Береке – бірлікте!» атты ашық аспан астындағы концерт ұйымдастырды. Концерт елордадағы ЭКСПО аумағында өтіп, оны 25 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады, деп newsroom.kz хабарлайды.
Өз кезегінде, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаты Елнұр Бейсенбаевпрезиденттік мандатты ұзақтығы 7 жыл бір мерзімге шектеу жөніндегі реформаның маңыздылығын атап өтті.
«Бұдан былай Мемлекет басшысы тек бір рет қана президент болу мүмкіндігіне ие болады. Ол қайта сайлана алмайды. Президент бір мерзімге, бір-ақ рет 7 жылға сайланатын болады. Заңнамадағы құқықтық коллизияны жою үшін, бұл өзгерісті, жаңашыл саяси реформаны биылдан бастаумыз қажет. Яғни, алдағы 20 жылдықта сіз бен біз, жаңадан сайланған ең кемі 3 президентті көретін боламыз», – деді халық қалаулысы.
Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының тағы бір депутаты Геннадий Шиповских Мемлекет басшысының Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа толғанға дейін балалардың шотына аудару бастамасына баса назар аударды.
«Естеріңізде болса, біз баяғыдан армандап келген дүниеміз іске асты. Бұл Араб елдеріндегідей әр бала өмірге келген кезде, арнайы шот ашылып, кәмелет жасқа толғанша ақша аударылады. Болашақта оны әрбір жас баспаналы болуы мен білім алуына қолдана алады. Бұл үшін Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы жұмсалады. Мемлекет басшысының бұл бастамасы әрбір отбасыға жасалған тікелей қамқорлық», – деп атап өтті Геннадий Шиповских
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтыңайтуынша, елімізде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын белсенді жастар жетіп артылады.
«Елімізде отаншыл әрі белсенді, мықты жастарымыз жетерлік. Соңғы 3 жылда болған Арыс, Мақтарал оқиғасы және пандемия кезінде еліміз бойынша «Жастар Рухы» ұйымы 10 мыңнан астам волонтерді топтастырды. Қостанай өңіріндегі өрт кезінде де біздің жастарымыз біріге білді. «АMANAT» партиясы барлық өңірде гуманитарлық көмек қабылдау пункттеріне 1 200 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс заттарын жинады. Бұл іске әрбір аймақтың жанашыр тұрғыны өз үлесін қосты. Елдің тапсырған аманатын, менің жас рухтастарым Тобыл-Торғай жұртына уақытылы табыстады. Мемлекет басшысы волонтерлеріміздің атқарған еңбегін жоғары бағалап, алғыс айтты», – деді Нұржан Жетпісбаев.
Сөйтіп, қала тұрғындары мен қонақтарының алдында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Олардың арасында Мирас Жүгінісов, Назима, Ninety One, Айқын Төлепберген, Ернар Айдар, Дильназ Ахмадиева, Yenlik, 2 RAR, De Lacure, Ұлықпан Жолдасов, Алтынай Жорабаева, Бейбіт Қорған, Қанат және Светлана Айтбаевтар, Айдын Жұмабаев, Зарина Омарова, Естай Мұқашев, Майра Ілиясова, Хайролда Мұратбек, Арайлым Рахым, сондай-ақ мемлекеттік академиялық филармонияның әртістері ән шырқады.