Оңтүстік өңірлердегі кәмпескелеу, ашаршылық, ауа көшудің өзіндік ерекшеліктері
Оңтүстік өңірлердегі кәмпескелеу, ашаршылық, ауа көшудің өзіндік ерекшеліктері
Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тарих кафедрасының оқытушысы, Қазақстан Республикасының «Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының» академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хазретәлі Маханұлымен ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі кәмпескелеу, ашаршылық және осылардың салдарынан көршілес елдерге ауа көшудің тарихын зерделеп зерттеу мәселелері жөнінде сұхбаттсақан болатынбыз.
- Қазақ халқы ХХ ғасырдың өне бойында небір жойқын қырғындарды, төңкерістер мен соғыстарды, екі бірдей нәубет аштықты, ядролық жарылыстар мен жер-судың құрғап, эрозиялық апаттарға ұшырауынан туындаған зардаптарды бастан кешірді. Соңғыларының зардабын күні бүгінге дейін тартып отыр. Мұның бәрі отандық, шетелдік тарихшылардың зерттеу нысаны ретінде қарастырылып келе жатқаны да рас. Әсіресе нәубет аштық жылдары ерекше зерттеуді қажет етеді. Осы кезеңді зерттеп жүрген тарихшы ғалымдарымыздың бірі ретінде тұрғысында қазіргі кезеңдегі зерттеулердің бағыты жайында айтып өтсеңіз?
- Иә, әр тарихи кезеңнің өзіндік ерекшелігі, зерттеу бағыттары бар. Ашаршылық жылдарына қатысты да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда таяу жылдарда ашаршылыққа қатысты Алматыда екі томдық құжаттар жинағы шықты. Олардың біреуін Орталық архив, келесісін Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бес томдық зерттеу еңбекті жарыққа шығарды. Бұлардың бәрі де ашаршылық жылдарына байланысты толымды еңбектер. Бір айта кетерлігі – кәсіби тарихшы мамандар болмаса, былайғы жұрт ауа көшушілік пен ашаршылық деген мәселелерді ажырата бермейтіні байқалады. Яғни өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ауа көшушілікті ашаршылықтың ішінде қарастырып қоя салатын жағдай қалыптасқан деуге болады. Шындығында біздің қазақстандық тарих ғылымында бұл тақырып әлі күнге дейін арнайы зерттелеген жоқ десек те болады. Әрине, ештеңе жоқ деуге болмайды, аздап болсын зерттеу еңбектер баршылық.
- Тәркілеу мен ашаршылық және олардың салдары ауа көшушілікке ұласып отыр ғой? Осы кезеңде Қазақстанның түкпір-түкпірінен шетелге ауа көшушілер болғанын білеміз. Бұл үдеріс оңтүстік өңірлерде қалай өтті және оны зерттеу жұмыстарының барысы қалай?
- Иә, алдыңғы екеуі жағдайдың түпкі салдары – ауа көшу болды. Бір атап өтерлігі, ауа көшушілік тұрғысындағы зерттеу материалдардың барлығы дерлік Қазақстанның шығыс өңірлерінен Қытайға жер ауған қазақтар жөнінде болып келеді. Ал осы тұрғыдан алғанда біздің мынау оңтүстік өңірден ауа көшкендер жайлы зерттеу еңбектер аздау. Отызыншы жылдарда Сырдария округі аталған бұл әкімшілік аумаққа қазіргі Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысы түгелдей, Жамбыл облысы мен Қызылорда облысының жартысы, Өзбекстанның біраз жерлері кірген. Өлке тарихын зерттеу жұмысы жүріліп жатыр. Біз қазіргі күнде Сырдария округі бойынша тәркілеудің (конфискация) тарихын жазып шықтық. Біраз материалдар әлі де дайындалып жатыр. Сырдария округінен Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға ауа көшкен қазақтар туралы біз былтырғы жылы бір ғылыми бағыт жасаған болатынбыз. ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың 2020 жыл соңында шыққан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы мемлекеттік комиссия құру туралы» деген Жарлығы бар. Осы Жарлық бойынша Түркістан облысында да Жұмыс комиссиясы құрылған. Аталған комиссияның мүшесі ретінде қазіргі күні бағдарлама бағыттары бойынша жұмыс істеудеміз. Мұнда жалпы он бір бағыт бар. Барлығы бойынша кеңінен тарқатып айта беруге болады. Комиссияға енген әр маман өзінің бейіміне қара бағыттарды таңдап жұмыс істеуде. Бұл – тиімді тәсіл деп білеміз. Мен осылардың ішінде «Туған өлкесінен еріксіз ауа көшкендер» деген бағытты таңдап алдым. Өйткені бұл тақырып менің жаныма жақын. Өзім де осы 20-30 жылдары туған жерінен еріксіз ауа көшушілердің ұрпағымын. Мен 1960 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысы Фархан деген аулында дүниеге келіппін. Фархан мен Ауғанстан шекарасының арасы – он сегіз-ақ шақырым жер. Біздің ата-анамыз 1930-жылы Жаңақорғаннан елмен бірге ауа көшіп сол араға барып мекендепті.
- Қазақстаннан, оның ішінде оңтүстік өңірлерден ауа көшушілердің саны туралы нақты деректер бар ма? Бұл тұрғысында қандай дереккөздерге сүйенуге болады?
- Жалпы ашаршылықтың салдарынан ауа көшушілердің санын нақты анықтау – күрделі мәселе екендігін атап өткен дұрыс. Мақаш Тәтімов марқұм бастаған демографтарымыз, тарихшыларымыз бен статистиктеріміз белгілеген сан бар ғой. Сол зерттеуші демографтардың көрсетуінше аштықтан қырылғандардың саны – 2 миллион 200 мың мен 2 миллион 600 мыңның аралығында.
Қытайға, Ресейге ауа көшкендер бар. Соның ішінде мынау оңтүстік өңірден, батыстан Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстанға көп көшкен. Бұлардың болжамды саны 600 мыңның төңірегінде деген тұжырым бар. Мен архивте көп отырамын. Сонда мынадай бір дерек кездестірген едім: 1933-жылдың қыркүйегінде Жаңақорған аудандық партия комитетінің конференциясы болады. Осы конференцияда әйгілі «Бесеудің хаты» деген ортақ хатты жазушылардың бірі Емберген Алтынбеков сол Жаңақорған ауданына бірінші хатшы болып келіп баяндама жасайды. Бұл – Голощекин кетіп, орнына Мирзоян келіп жатқан, алдыңғы басшының жасаған қателіктерін түзетіп жатқандай бағытқа бұрылған кез ғой. Сол конференциядағы Е.Алтынбековтің баяндамасында елдің және малдың 1928-жылғы саны айтылады. Сол 1928 жылғы кәмпеске алдында бүкіл малдың санағы алынған екен. «1928 жылы Жаңақорған ауданы бойынша 450 000 бас мал болды. Ал биыл, 1933-жылы осы 450 000 бастан қалғаны – 4500 ғана», - дейді. Сонда барлық малдың бір пайызы ғана қалған болып отыр. Және де 1928-жылы ауданда 10 000 шаңырақ бар еді дегенді айта келе, сол 10 000 шаңырақтан қалғаны – 3 000 түтін ғана дегенді де атап көрсетеді. Сонда ауданда 10 мың шаңырақ болғанда, шамамен 40 мыңнан астам адам болған. Солардың үштен бірі ғана қалып отыр ғой, елде. Архив құжаттарында осындай жан жабырқатар деректер өте көп. «Біздің елге ет салығы осыншама салынды, басқаша салықтар мұншама», - дегендей статистиканы айтады. Осыдан кейін: «Мұншама халық қайда кетті?» - деген сұрақ қояды.
- Ашаршылық, ауа көшудің салдарынан әр өңірлердегі қазақтар босып кетіп қойдай қырылған деген мәселе көп айтылады. Оңтүстік өңірлердегі ашаршылық пен ауа көшудің өзге өңірлерге қарағанда өзіндік ерекшелігі болды ма?
- Болды деп айтуға болады. Мен жалпы осы мәселеге байланысты көп зерттеулер жүргіздім. Сондағы бір аңғарғаным – мынау оңтүстік өңірлердегі, Сыр бойындағы тұрғындар да ашаршылыққа ұрынған. Бірақ айтып өтерлігі – өзге аймақтарға қарағанда ашаршылықтан соншалықты көптеп қырыла қоймаған. Сырдың бойында аштықтан қырылған кімдер сонда? Олар – кезінде үлкендер «Қарағанды-Қарсақпай» деп айтып отыратын елден, негізінен сол Арқа жақтан келген қазақтар екен. Түрлі салық, отырықшыландыру, т.б. зорлықтың салдарынан ата қонысынан ауа босқан ел Сыр бойына келген. Бұл кезде оңтүстіктегі, яғни Сырдың бойындағы әлді-қуатты адамдар ауа көшіп кеткен болатын. Ішетін-жейтін ештеңе жоқ болғандықтан көптеп қырылып жатқан – сол теріскей жақтан келген ел болатын деп айтатын.
Жоғарыда айтқанымдай біздің бір айқындап беріп кететін нәрсеміз – ауа көшушілер мен ашаршылықтың босқындар мәселесі. Осы екеуін көбінесе шатастырады. Бұл екеуі – екі бөлек категория. Ауа көшу деген – негізінен саяси, әкімшілік қысым көрген адамдар. Олар биліктің қысымымен бас сауғалап, малымен, мүлкімен өз мекенінен басқа жаққа, өзге елге ауып көшіп кетушілер. Мұны ауа көшушілер дейміз.
Ал ашаршылық босқындары – ішерге тамағы, аяқ артарға көлігі жоқ, істерге жұмыс жоқ болғандықтан амалсыз ақтабан шұбырындыға ұшыраған адамдар. Осы екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар. Біз қазіргі күнгі зерттеулерімізде осы мәселеге баса мән беріп жатырмыз. Тарихымыздағы тағы бір мәселе: осы ауа көшуге байланысты, яғни бұл үдеріс қашан басталды деген сұраққа нақты жауап беру. Осы тұрғысында аңдағанымыз: советтік реформалардың зардабынан туған жерінен ауа көшушіліктің алды 1927-жылдан басталады екен. Бұл – кәмпескенің алды. Кәмпескенің алдында Голощекиннің қолына ұстап отырған «бүкіл Қазақстан бойынша осыншама бай бар, оларда мынанша мал бар» деген дерегі болған. Ал сөйте тұра кәмпеске кезінде әлгі байларда жаңағы аталған мал жоқ болып шығады. Осы малға қатысты «сатып жіберді», «қырып жіберді» деп айтып жатады қазіргі орыс тарихшылары. Бұл жердегі мәселе – біздің халқымыздың енші бөлісу деген дәстүрінде үлкен мән ғой. Мысалы, 1928-жылдың қаңтарынан бастап малдың санағы алынған. Бұл – астыртын алынған санақ. Пәленше деген байдың қарамағында осыншама мал бар, жеті-сегіз баласы бар, мал бәріне ортақ болып келді ғой. Санақта бір бай пәлен малдың ортақ иесі болып шыға келген. Ал енді кәмпескеге ұшырауға жақындаған кезде ол малдың барлығын еншіге бөліп, балаларына, туысқандарына, басқаларына бөліп берген. Бұл –әдейі жасалғандық та емес, кәмпескеге ілінбеу үшін малын ірі қараға шаққанда көшпелі аудандарда елу мал, жартылай көшпелі аудандарда жүз елу мал болуы керек деген өлшемдер бар. Міне, алдыңғы көрсетілген малдың саны аз болып шығатыны осындай себептерден еді.
Сол алғашқы кәмпескеге мынау Сырдария округінен тоқсан екі бай ілінген. Бұл кезеңде кәмпескеге ұшырайтындарды бірінші және екінші категориялы деп бөлген. Біріншісі – ірі қараға шаққанда малы 350-ден асатын ауқаттылар, ал екінші категориядағыларға – Кеңес өкіметіне қарсы бас көтерген, кезінде болыс болған, би болған, саяси сенімсіз адамдарды енгізген. Сырдария округінде жалпы саны он жеті аудан бар десек, солардың әрқайсысынан 4-5-тен ірі байлар кәмпескеленді ғой. Олар кәмпескеленіп, мал-мүлкінен айырылып сонау Оралға жер аударылып кетті. Ал келер жылы отырықшыландыру науқаны басталды. Отырықшыландырумен бірге науқан салығы, ет салығы, астық салығы, жүн салығы, т.т. толып жатқан салықтар болды. Осы салықтардың кезінде кешегі кәмпескеленген байлардың туыстары – дәулеті орташалар қатты қысымға алынды. Осылайша кәмпескенің кезінде ауа көшу әсіресе 1928-жылдың аяғында өте қатты қарқын алды. Ал келесі 1929-жылы да жалғасып, 1930, 1931-жылдары ел жаппай ауа көшті. Ал отыз бірдің күзі, отыз екі, отыз үшінші жылдар – бұл ашаршылық жылдары. Сондықтан осы кездері кездері көшкендерді ашаршылықтың босқындары деп айтамыз.
- Кеңестік билік тарапынан жүргізілген отырықшыландыруға, өзге де ауылшаруашылық реформаларына қарсылық көтерілістері әр өңірде болғаны белгілі. Соның алғашқыларының бірі – Созақтағы көтеріліс. Созақ көтерілісінің күшпен жанышталуы да елдің ауа көшуіне себеп болды деуге бола ма?
- Әбден болады. Созақ көтерілісі осы Кеңестік ауылшаруашылық реформаларына наразылық, қарсылықтан туындады ғой. 1928-жылы кәмпеске өтті. 1929-жылы отырықшыландыру басталды. Ал осы кәмпескеден есін жия алмай отырған, әрі бұрыннан көшіп-қонып жүрген халықты бір жерге шоғырландырып, отырықшыландырып малын ортаға салу үрдісі 1929-жылы күшейді. Міне осы жылдың қыс мезгілінде басталып, 1930-жылдың ақпанында күшейе түскен Созақ көтерілісі жүрілді. Бұл Қазақстан бойынша екінші көтеріліс болды. Бірінші көтеріліс 1929-жылдың күзінде Ташкенттің жанындағы Бостандық ауданында болған еді. Ол кезде бұл аудан Қазақстанға қарайтын аумақ еді. Осылайша Созақта басталған көтеріліс бұдан соң Шұбартау, Қарақұм т.б. өңірлердегі қарсылық көтерілістеріне ұласты. Қазақ даласының әр түкпірінде бірінен-кейін бірі шыққан бұл үлкенді-кішілі көтерілістердің жалпы саны 300-ге дейін барған екен. Солардың ішінде мынау Созақ көтерілісінің үлкен бір маңызы – аз уақыт болса да жергілікті жерде қазақ даласындағы ежелгі дәстүрлі билікті қалпына келтіре алғандығы. Өздері арасынан Сұлтанбек Қожановты хан сайлады. Осы Созақтағы көтерілістің аяусыз басып-жаншылуы ауа көшуді тіптен күшейтіп жіберді. Өйткені коммунарлар келіп қарусыз, қарапайым сойылмен ғана қаруланған бейбіт халықты аяусыз қырып салды. Қырып салу өз алдына, көтеріліс басылғаннан кейін де үй-үйді аңдып, сәл сезік тудырарлықтай әрекет болса күдікті деп танылғандардың барлығын жауапқа тартып тергейтін болған. Міне бұл жағдай халықтың ауа көшуін өте қатты жылдамдатып жіберген әрекет болды. Созақ көтерілісі тек осы Созақ өңірін ғана қамтып қойған жоқ, мына жақтан Жаңақорған, мына тұсынан Шаян, Қызылқұм аудандарын да қамтып, Сыр бойындағы қалың елдің тұтастай ауып көшуіне әсер еткен.
- Сырдария округінің халқы ауа көшіп әуелі Өзбекстанға, одан әрі Тәжікстанға барды. Бұл республикалар да Кеңес Одағының құрамында болды ғой. Ол елдер босып барған қазақты сырт тебуге онша құштар болмағаны ма? Мұның себебі неде?
- Түсіндім. Біздің Сырдың бойындағы елде мынадай бір сөз бар: «Жоғарыға кеткен салмен келеді, төменге кеткен малмен келеді». Оңтүстіктің ұғымында «жоғары жақ» деп Сырдың басында отырған Өзбекстан, Тәжікстанды айтады. Енді осыдан кейін: «Жұрт Өзбекстанға неге жаппай ауа көшті?» - деген сұраққа келсек, мұның да өзіндік мәнісі бар. Жалпы 1924-жылға дейін Сырдария, Жетісу облыстары Түркістан өлкесіне қараған ғой. Түркістан өлкесі жеке республикаларға бөлініп кетті дегенмен олардың арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан байланыстар әлі үзілмеген кез. Мысалы, қазақтар Ақмешіттен, Тараздан, Шымкенттен кіре тартып Өзбекстан жеріне – Самарқан, Бұқараға қаншама керуен болып барып жататын болған. Міне ауа көшушілер қысылтаяң шақ туғанда осы үзілмеген дәстүрлі байланысты пайдаланып отыр ғой. Және бұл кіре тартып барып-келіп жүргендер – ортадағы ұзақ жолдың ұңғыл-шұңғылын тегіс білетін кәсіби керуенші адамдар болған.
Ауа көшудің де өзіндік психологиялық себебі бар. Оны былай деп айтуға болады. Ежелден бергі қалыптасқан дәстүрлі көшпелі қоғамда байлар мен басқалар ел билеушілерден зәбір, қағажу көрсе: «Мен сенің билігіңе бағынып тұра алмаймын!» - дейді де басқа жаққа көшіп кетіп, басқа билеушінің қарамағына барып қосылатын үрдіс бар. Бұл – сонау бағзы замандардан келе жатқан, көшпелі қоғамға тән психологиялық тип. Қазақтың бойындағы осы психологиялық модуль советтік саяси өктемдік туындаған кезде бірден іске қосылған. Бұл әсіресе біздің оңтүстік өңірлерде, Сыр бойында қатты күшейіп кетті ғой. Ал көршілес Өзбекстанда, отырықшылық жағдайында мұндай ауа көші мүлде болмаған. Қысқасы, қазақтардың Өзбекстанға қарай ауа көшуіне осындай бір психологиялық жағдай түрткі болды.
Бұл ауа көшушілер Өзбекстанға өздерінің малымен, ең құрығанда үш түйесімен барды. Анықтай айтқанда кіре тарту мәселесінде мынадай шарт болады екен: бір түйеге өзіңнің жүгіңді артасың, екі түйеңді кіре тартуға қосасың. Міне осы шартқа негіздей отырып кірекештікті кәсіп қылып күн көруге болады. Бір отбасын үш түйе асырайды деген есеп бар. Өзбекстанға ауа көшкен қазақтар да осы кәсіпті мықтап қолға алған. Ауып барған қазақтар малының жайылым жайымен көшіп жүріп сол кезде ұйымдастырыла бастаған колхозға, басқа ұжымдық құрылымдарға да кіре қоймаған. Тек кірекештікпен жиі шұғылданғаны байқалады. Өлкеде автомобиль, теміржол қатынастары мүлде жоқ немесе енді салынып жатқан кезеңде сонау алыс жатқан станцияға жүздеген шақырым жерден мақта, жеміс, тауар, құрылыс материалдарын, өзге де заттарды түйеге артып жеткізіп беріп жүрген ғой.
- Өзбекстан – қанша айтқанмен де бауырлас, тілдес мемлекет. «Өзбек – өз ағам» дейтін халықпыз. Өзбек пен қазақтың туыстығы тілінде-ақ тұр ғой. Ал тәжіктер турасында олай бірден кесіп-пішіп айтуға болмайды. Қазақтардың ашаршылық кезінде бұл елге көшіп барып орналасуына не себеп болды?
- Өзбекстанға қатысты айтқанда, әрине, бауырлас, тілдес ел. Тәжікстан – басқаша. Мен де көп жылғы зерттеу барысында Тәжікстанға қазақтар қалай барды деген сұрақтың жауабын таба алмай жүрген едім. Өйткені Тәжікстанда 1929-жылға дейін басмашылық өршіп тұрды ғой. Осы орайда айта кетерлігі: былтыр төрт адамдық құраммен Тәжікстанға барып Душанбенің ұлттық архивін он күн бойы ақтарған едік. Осы мерзімде көптеген құнды материалдар ала алдық. Сонда көзім жеткені мынадай нәрсе: басмашылық қозғалысы басылғаннан кейін Тәжікстан Республикасы үкіметі алдында үлкен мәселені шешу тұрған екен. Басмашылық кезінде елдің көбі Ауғанстанға, Иранға көшіп ауып кеткен, ал ел-жерін қимай тәжік жерінде қалғандардың өзі аңғарлар мен жазықтарды тастап биік таудың басына шығып кеткен екен. Сондықтан да босап қалған аңғарларды толтыру, оларда шаруашылық құрып игеру мәселесі қойылған. Осыған орай ел үкіметі «переселенческий комитет» (қоныс аударушылық комитеті) дегенді арнайы құрған екен. Сол қоныс аударушылық комитет көршілес Өзбекстанға арнайы вербовщиктерді (үгіттеп тартушыларды) жіберіп, адамдарды мұндағы бос жатқан жерге келіп қоныстануға үгіттеген. Осы кезде Өзбекстан жерінде ұшарын жел, қонарын сай білген қаңбақтай болып, ауыл-ауылымен ауа көшіп жүрген қазақтар сол үгітшілерге нағыз іздегенге сұраған болған. Тәжікстанның Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Абдурахим Ходжибаев деген кісі болған. Құжаттар арасынан А.Ходжибаевтың телеграммасын таптым. «Пәлен жерден мынанша адам табылды және осы кісілерге әрқайысына елу рубльден кредит босатыңдар және жол шығынын көтеріңдер», - деген мазмұндағы телеграмма аудандық партия комтетіне жолданған екен. Мұндай несие беретіні – «переселенческий комитеттің» іс-әрекет жүргізуге бағытталған арнайы қаржысы болған. Осы қаржымен Өзбекстанның, сонау Түркменстанның жеріне дейін барып, Тәжікстанға орналастыру үшін адамдарды тартқан. Осы бағдарлама аясында Тәжікстанға жақын жердегі оңтүстік аудандардан ғана емес, Маңғыстау, Гурьевтің қазақтары да көптеп көшіп келген. Және бір айта кетерлігі: Тәжікстанға баратын жолда үш жерде «перевалочный пункт» деп аталатын нүкте болған екен. Біреуі Қаршиде, екіншісі Ходжантта орналасқан. Үшіншісі қайда болғаны әзірге белгісіз. Адамдарды сол араға әкелгеннен кейін Тәжікстанның бос жатқан жерлеріне қажетті мүмкіндігіне қарай ертіп әкете бастаған. Міне сол кезеңде көшіп келген қазақтардың күшімен Тәжікстан Вахш аңғарындағы Вахш деген өзеннің бойын игеруді жүзеге асырған. Мінеки Тәжікстанның осындай мемлекеттік саясаты арқылы Өзбекстанда жүрген мыңдаған қазақтар осы елге арнайы шақырылып барып, ондағы халық шаруашылығының дамуына үлкен ықпал жасап, өз үлестерін қосқан.
- Тәжікстанның сол кезеңдегі адам ресурсына деген қажеттілігіне қазақтың ауа көшуі расымен де іздегенге сұраған болған екен. Түйелі, өзге де мал-дәулетті қазақтарың еңбегін ол ел тиміді пайдаланып отыр ғой. Сонда осы кезеңде Тәжікстанға шамамен қанша мың қазақ барған? Олар туралы Тәжікстан мұрағаттарында мәліметтер бар ма?
- Мен осы сұрақ бойынша біраз жыл бойы зерттеу жүргіздім. Нәтижесінде Тәжікстанға барған қазақтардың саны елу-алпыс мыңның төңірегінде деп болжамдаған едім. Бірақ кейінгі кездегі зерттеулер нәтижесі бұл санның әлі де болса барынша төмен екеніне көзім жетті. Осы бағытта материалдар іздеп жүріп Тәжікстанның ұлттық архивіндегі статистикалық басқарманың қағаздарын көрдім. Онда қазақтардан салық жиюдың мәліметі жоқ екен. 1926-жылы Бүкілодақтық әйгілі санақ өтті ғой. Сол санақтың нәтижесі бойында Тәжікстан аумағында 12 мың қазақ бар деп көрсетілген. Бұл – ресми мәлімет. Бұдан кейін 1937-жылы екінші санақ болды. Ол санақ бойынша көрсеткіштер біршама түзетілді. Көтеріліп көрсетілді дегенімізбен, бұл санақта да қазақтардың саны он екі мың деп белгілеген. Содан кейін 1959-жылғы санақты да қарастырдым. Мұнда да қазақтардың саны 12 мың деп көрсетілген. Осыдан кейін таңғалып: «Бұл қалай болды? Қазақстардың саны неге өзгеріссіз?» - деп сұрастырғанымда: «Бұл статистикада басшылардың қалауымен жасалатын сан-цифрлар болады. Соның нәтижесі ғой», - деген жауап алдым. Бұл да мүмкін әрі ойланарлық жағдай.
Сол ауа көшушілердің санын анықтау – біздің комиссияның басты міндеттерінің біреуі болып отыр. Тәжікстанда Әбдісаттар Нуралиев деген әріптесім болды. Өзі Жетісайдың тәжігі, сонда оқыған, КазГУ-дің журфагін бітірген, Қазақстанда да біраз жыл жұмыс жасаған, қазақ-тәжік әдеби байланыстарынан докторлық диссертация жазып қорғаған азамат. Мен 2019 жылы туған жерім Фарханға барып қайттым. Барған жолы 41, 42, 43, 45-жылғы ағаларымды алып бардым. «Ағаларым, ертең сендер жүре алмай қаласыңдар. Сол кезде мені кім алып барып ол жақты көрсетеді?», - деп біз бірге бардық. «Алматы ақшамында» журналист болып істейтін Әділбек Әуелбек деген жігіт бірге барды. Бәріміз бір өлкеде өсіп-өнгенбіз. Сол жолы Ә.Нұралиевпен кездесіп сұхбат құрған едік. Душанбеде «Бәйдібек» деген қазақ қауымдастығы бар. Сол қауымдастық мүшелерімен де кездесіп біраз әңгіме жасадық. Қазақ-тәжік байланыстары жөніндегі кеңестің төрағасы Ә.Нұралиев «Тәжікстандағы қазақтар» деген танымдық кітап жазған болатын. Сол кітапта Тәжікстанда қызмет жасаған қазақтар туралы біршама мағлұматтар берілген. Тәжікстанға ауа көшіп барған қазақтар жұмыс істеген өндіріс орындары болды. Душанбенің жанындағы Яван деген қыстақ (қазір қалаға айналып кетті) бар еді. Сол қыстақта үлкен химиялық зауыт бар болатын. Яван қаласындағы бейітте қазақтың ірі дәулескеркүйшісі Әлшекей Бектібайұлы жерленген. Күйшінің мазарын тауып, басына ескерткіш белгі қойып жүрген Әлшекей Бектібаевтың шөбересі Оңғар Дәнебеков деген жігіт бар. Ол Ә.Нұралиевтің кітабын өз қаржысымен аудартып, қазақ тілінде жариялаған азамат. Бір айта кетерлігі – бұл кітапта негізінен Қазақстанның батысынан көшіп барған ағайындар туралы көбірек жазылған екен. Ал мынау оңтүстіктен барған қазақтар аздау жазылыпты.
- Әлшекей күйші де осы ашаршылық жылдары Тәжікстанға ауып барған ба?
- Иә, Әлшекей күйші де Сыр бойынан, Жаңақорғаннан ауып барған. Әлшекей күйшінің ауатын себебі – екі інісі Жәнібек Тұрсынбаев, Жантөре Аралбаев екеуі 1928 жылы кәмпескеге ұшырайды. Олар кәмпескеге ұшырағаннан кейін байдың тұқымы, болыстың тұқымы деген мәселелермен қуғындалған соң Әлшекей күйші де 1929-жылы ауып кетеді ғой. Әлшекей күйшінің тағдыры – бөлек бір әңгіме. Әлшекей күйші туралы өнер зерттеуші, жазушы Ақселеу Сейдімбеков көп жазды. Мен де күйші туралы кезінде ол кісіге көп материалдар берген едім.
- Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін жылдары шетелге ауа көшіп кеткен қазақтар соңғы отыз бір жыл көлемінде атамекенге, ата-бабаларының сүйегі жатқан қасиетті жеріне оралуда. Тәжікстанға көшкен қазақтардың осы үдеріске атсалысу деңгейі қалай?
- Қазақтар аталған елден көптеп келді. Мен осы жоғарыда атап өткен комиссияның жұмысы бойынша докторанттарыма, магистранттарым мен студенттеріме зерттеу жұмысы тақырыптарын бере отырып, материалдар толықтыруды жүзеге асырудамын. Қазіргі күні Түркістан төңірегіне Тәжікстан, Түркия, Ираннан көшіп келіп орналасқан екі мыңның үстінде түтін бар. Солардың ұлы қарияларынан, сөз тыңдаған естияр адамдардан естеліктер жинаттырдым. Қазіргі күні шамамен 70-80 адамнан жиналған сол естелік сұхбаттардың өзі үлкен кітап көлеміне жетті. Ал осы естеліктерді сараптап-талдап қарайтын болсақ, Тәжікстанға, Ауғанстанға ауып көшкен қазақтардың ол жаққа баруы 1928-жылдардың алды ғана емес екен. Мысалы, Ауғанстаннан Сырым батырдың інісінің ұрпағы табылған болатын. Даттың Адамбай деген баласынан тарайтын бұл әулеттің адамдары Ауғанстанға көшіп барғанымызға 200 жылдың жүзі болды дейді. Сол кісілер де қазір Түркістан төңірегінде тұрады. Арғы аталары Сырым батыр көтерілісі кезінде Патшалық Ресей билігінің қысымымен ауып көшкен ғой.
Одан кейін мынау 1898 жылдары Маңғыстауда Жоламан көтерілісі болғаны белгілі. Осы көтеріліс кезінде де патша өкіметінің қысымынан қашқандар болған. Одан кейінгі 16-жылғы көтеріліс кезінде кеткендер Тәжікстан арқылы өтіп, Ауғанстанға барып орналаса берген екен. Ауғанстанда бір деректерде 10 мыңнан 15 мыңға дейін қазақ бар деген әңгімелер айтылады. Қазір олардың статистикасында қанша қазақ бар екендігі туралы мәлімет жоқ. Ал жаңағы естелікте: «Біздің аталарымыздың Ауғанстанға барғанына жүздеген жыл болды», - деп жазып отыр.
- Қазақтардың сол кәмпеске заманында Ауғанстанға бас сауғалап өтіп мекендегені туралы көп айтылады. Белгілі азаматтар да бар...
- Бұл да солай. Ауғанстанға өтіп кету – біздің әулетке де қатысты. Осы жөнінде айтайын. Біздің әулеттің он жеті түтіні Тәжікстан арқылы Ауғанстанға өткен екен. Ертеңінде біздің әкелеріміз де өтуге дайындалған. Сол кезде бір түнде шекарашылар басып қалып, қалған елді тыпыр еткізбей қойды дейді. Менің шешем мынадай естелік айтып отырушы еді. «Ағаларым Ауғанстанға қарай өтіп бара жатқан уақытында шешеміз екеуіміз оларға сырмалы шалбар тігіп беріп едік. Сол шалбарлардың ішіне кіреукелеп тілләларды салып тігіп тастадық. Төрт ағам арғы бетке барғанда шекарашылардың қолына түсіп қалып, жаңағы сырмалы шалбарларының ішіндегі барлық тілліларын алдырып алғанда бір ағамыз етіктің өкшесіне екі-үш тілләні жасырған екен. Сол тілләні пайдаланып бір-бір ат алып, ол жақта күн көре алмаған соң Ауғанстаннан бері қайтып өткен. Сонда алдынан кез болып қарсыласқан бір ауғандықты сойылмен басынан ұрдым, қайрылмадым, сонда ананың басы асқабақ сияқты жарылғанын сездім дейді. Сөйтіп өтіп құтылып кеттім ғой деп отыратын ағам». Сол нағашымыз бері келген кезінде шекарашылардың қолына түседі. Сөйтіп ұсталып Тәжікстанға келіп, сол жақтан Сахалинге жер аударылған. Сахалинде барлық жылын өтеп, 1959 жылы Жаңақорған ауданында Бірлік деген ауыл бар, сол жерге келіп жан сауғалайды ғой.
Ауған бетке біздің әулеттен он жеті отбасы өткен дедік қой. Солардан 1993-жылы үш-ақ отбасы келді. Ираннан келіп біреуі Мойынқұмға, екеуі Қызылордаға қоныстанды. Сөйтіп алпыс жылдан соң ағайын табысты. «Басқалар қайда?» - деп сұрасақ: «Олар жоқ, барымыз осы. Он жеті үйден қалғанымыз осы-ақ», - дейді. Ауғанстанға барғанда ол жақта «Ауған желі» деп айтады, сондай бір керімсал жел болады екен, сол жел елге жайсыз болып, адамдар іші өтіп шыбындай қырыла береді екен. Жаңағы кісінің аты-жөні Әбдірайым Киікші. Руының атын фамилия қылып алған ғой, сол кісінің айтуынша Вахш дариясының ар жағына қарай түнде атпен өтіп бара жатқанда керуенбасылар: «Балаларың жыласа суға атып жіберіңдер. Олардың дыбысы шықса шекарашылар сезіп қояды», - деп айтады екен. «Сонда аттың үстінде шешем мені аузыма емшек салған күйі тығып өткен екен. Ол кісі соңынан айтып еді», - деп отыратын. Бұл көкеміз: «Отызыншы жылы туылғанмын», - деп отыратын. Сонда Ауғанстанға өткені отызыншы немесе отыз бірінші жыл болып отыр ғой. Осындай естеліктер өте көп.
- Арнайы комиссия құрамында жұмыс істегендіктен бұл сіздерге отандық, шетелдік архивтердегі құпиялылығы басым құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді деуге бола ма?
- Солай. Бізге құпия құжаттармен жұмыс істеу туралы рұқсат қағаз берді. КГБ, НКВД, МГБ солардың құжаттарымен таныса береміз. Мынау Шымкент облыстық полиция департаментінің арнайы архиві деген бар. Сол архив биыл президент архивіне ауыстырылды. Осы архивте мен де болдым. Мұнда да ауа көшушілерге қатысты материалдар іздеп жүрмін ғой. Сонда менің қолыма екі папка түсті. Ол екеуі де «Дело о обвинение Серкула Алдабергенова и Жанадила Исаева» деп аталады. Енді Серқұл Алдабергенов кім, Жанаділ Исаев деген кім дегенге жауап берелік. Жанаділ Исаев – Созақ болысында үш жыл қатарынан болыс болған адам. Руы – қоңырат ішінде қоңыршұнақ. Әлгі іс қағазында Созақ көтерілісіне демеушілік жасаған, басқарған деген айыптары бар. Ал Серқұл Алдабергенов – Ташкентте ерлер гимназиясын Мұстафа Шоқаймен бірге бітірген зиялы. Сөйтіп Перовскіде жұмыс істеген. Ол да болыс болған, Орынбордағы Алаштың бірінші, екінші съездеріне қатысқан Алаштың белгілі қайраткері. «Алашорда» деген альбом бар, соның ішінде есімі тізімде тұр. Осы екеуі адамды 1934-жылы маусым-шілде айларында Тәжікстанда тұтқындап, Шымкентке әкеліп тергейді. Шілде айында тергеуге алған. Содан соң оларды 1935-жылдың наурызына дейін тергейді. Серқұл Алдабергеновке бес жыл кесіп, жазасын өтеуге Красноярскіге жібереді. Жанаділ Исаевты бес жылға кесіп Карлагке жібереді. Оларды не үшін айыптады? «Осы екеуі Қазақстанда ауа көшуді ұйымдастыру, Тәжікстанда бүлдіргіштік әрекеттер жасады» деген кінә тағылып айыпталады. Жалпы бұлармен бірге елу-алпыс аламның ісі қаралады. Бәрінің басшысы болып танылып осы екі қайраткер арнайы сотталаған. Басқаларға да тиісті жазалар жүктеген. Міне, НКВД-нің тергеу құжаттарын, айыптауларын, сот шешімі бар сол құжаттарды қарап танысып отырып менің көзімнің жеткені: ауа көшу ешқандай да стихиялы болмаған. Бұл өте жақсы ұйымдастырылған процесс деп қорытындыладым. Соған көзім жетті.
- Кәмпескелеу, ашаршылық салдарынан ауа көшу еліміздің, оның ішінде оңтүстік өңірлердің адами, экономикалық ресурсына орасан зор шығын әкелгені анық. Дегенмен аштан қырылу мен советтік түрмелер мен жазалау лагерьлерінде азап шегіп қаншама адамның өмірі зая кетер еді ғой. Осы тұрғыдан алғанда бұл ауа көшудің түпкі нәтижесі халқымыздың генефондын сақтауға, ұлттық демографиялық өсім қарқынына оң әсер етті деуге бола ма?
- Солай деуге болады. 1933-жылы Бегайдар Аралбаев, Иса Тоқтыбаев деген кісілер сотталады. Солармен бірге бес жүз адам істі болған. Иса Тоқтыбаев, Нығматуллаев деген кісі былай деп жазады: «Біз Ташкенде Сұлтанбек Қожановқа кездестік. Сұлтанбек Қожанов сол кезде, отыз үшінші жылдары «Союзхлопоктің» Өзбекстан бойынша өкілі болатын. Сол Сұлтанбек Қожанов жиында бізге: «Қазақтар үшін бас сауғалаудың ең тура жолы – ауа көшу. Халықты мүмкіндігінше Өзбекстанға көшіріп алыңдар», - деп айтты дейді. Мен айтып отырған НКВД-нің құжаттарында осылар ауа көшуді ұйымдастырды деген мағынада Сұлтанбек Қожановтың, Бегайдар Аралбаевтың аттары көп айтылады. Жоғарыда аталған «Союзхлопоктің» өкілі болғандықтан, Сұлтанбек Қожановтың қолында үлкен өкілеттілік бар еді. Сол өкілеттілікті пайдаланып ауа көшіп барған қазақтарды ол жақта кіре тартып жүре бермей, артельдер, колхоздар құруға бағыттап, жаңадан ұйымдастырылып жатқан жерлерге орнығуларына басшылық жасағандығы көрініп отыр. Елден көшіріп алу мәселелері тергеу хаттарында да кездеседі. Мысалы, Серқұл Алдабаргенов жайында, оларды «керуенбасы» деп айтады, сол керуенбасылардың жиыны болады, аталған жиында елден қанша адам көшіп келеді деген мәселе талқыланған деп жазылған. Соның ішінде олардың соңына ілескен түтіндер саны айтылады. Ол заман – рулық құрылым сақталған кез ғой, Мысалы, Серқұл Алдабергенов құйсықансыз руынан екі жүз шаңырақты көшіріп әкетті, ал Жанәділ Исаев қоңыршұнақ руынан елу үйді көшіріп әкетті дейді. Сөйтіп әр рудан шыққан керуенбасылардың қанша үйді көшіріп әкеткені жөнінде айтады. Енді бір деректе, мысалы Жаңақорған ауданына қатысты айтылғанда Серқұл Алдабергенов осы ауданнан он төрт мың бес жүз адамды көшіріп алуды ұйымдастырды дейді. Басында айтып өттік қой, қанша адам болғандығын, сол 14500 адамның бәрін Серқұл Алдабергенов алып кеткен жоқ қой. Әрине оларды әр рудың өзінің керуенбасы болып жүрген адамдары алып кетті. Міне осы мәселе қазақтың генефондын сақтап қалуда үлкен маңызға ие болды.
- Тәжікстанға ауа көшіп барған қазақтардың елге кері қарай көші қашан басталды және оған қандай жағдай ықпал етті?
- Мен бұл мәселені де зерттеп сараптап жатырмын. Жинақ әзірленуде. Сонда көптеген есімдер қамтылып айтылуы керек. «Александр Невский» орденін алған гвардия капитаны Өзбекстан мен Тәжікстанда екі бірдей ауданның бірінші хатшысы болған Тәжікстан КП (б) әкімшілік бөлім секторының меңгерушісі болып істеген Успеков деген кісі болды. Сол кісі 1954-жылы Шымкент обкомының арнайы шақыруымен екі жүз үйді Тәжікстаннан Оңтүстік Қазақстанға көшіріп алып келген.