Елордада AMANAT партиясы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы заң бұзушылықтар туралы мәселелер талқыланды.
Кеңес төрағасы Ерлан Саиров атап өткендей, жиынның мақсаты - халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың әлеуметтік деңгейін көтеру мәселелерін талқылау.
Сондықтан елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына теріс әсер ететін сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу және мемлекеттік органдардың немқұрайлылығы мен салғырттығын тоқтату партия жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің басты миссиясы болуы қажет. Осы тұрғыда біздің кеңес немқұрайлылық пен салғырттыққа жол бермеуі керек! - деді ол.
Кеңес мүшесі Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, партия алдында халыққа қолайлы жағдайды қалпына келтіру міндеті тұр, оны бұзатын факторлардың бірі - парақорлық.
Сонымен қатар, бүгінде жаңа Қазақстанда халықтың болашаққа деген сенімі мен үміті орасан зор. Сондай-ақ, қоғамда әлеуметтік әділеттілікке деген қажеттілік жоғары. Алайда, халықтың сеніміне нұқсан келтіретін факторлардың бірі-жемқорлық, - деп атап ол.
Осы себепті жұмыс тобы Шымкент қаласы мен Түркістан облысына барып, айтарлықтай заң бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, Шымкент қаласында 2019-2021 жылдары 266 қылмыс анықталды. Оның 214-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты болса, басым бөлігі яғни 154-і пара беруге қатысты. Жалпы шығын төрт миллиард теңгені құрады. Осы кезеңде Түркістан облысында 284 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды.
Облыстағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің негізгі бөлігін облыстық және аудандық деңгейдегі басшылар бюджет қаражатын игеру, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен мемлекеттік рұқсат беру функцияларын іске асыруы кезінде жасаған.
Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша әкімдіктердегі басқармалардың жұмысты атқару тәртібін жақсарту шараларын қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ, Кеңес мүшелері Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылы тұрғындарының ауылдық округтегі алтын өндіретін зауыттардың құрылысын тоқтату туралы өтінішін қабылдады. Кеңес мүшелері ауылға орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірге барып, сол жерде жұмыс кеңесін өткізу туралы шешім қабылдады.
Біздің кеңес үшін отандастарымыздың әлеуметтік және рухани әл-ауқатына қатысты мәселелер басты назарда. Біз қашан да немқұрайлылық пен бюрократиямен күресеміз. Ең өзекті тақырыптарды көтереміз! Барлықтарыңызды бірге жұмыс істеуге шақырамын. Тек осылай ғана біз қоғамымызда, елімізде әділдік пен теңдіктің жоқтығынан туындайтын терең мәселелерді шеше аламыз! - деп қорытындылады отырыс соңында төраға Ерлан Саиров.