Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, биыл Түркістан облысында мал азығынан тапшылық болмайды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, биыл ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты аймақты 1,5 жылға жететін мал азығы қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Бүгінгі күнге мал басына қажетті азық 4,1 млн. тонна мал азығы 100% жиналған. Атап айтсақ, 289,9 мың тонна сабан, 109 тонна пішендеме (сенаж), 1,8 млн. тонна табиғи шөп, 1,8 млн. тонна жоңышқа, 6,5 мың тонна сүрлем жиналып үлгерген. Оған қосымша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдіктеріне 1 млн. тонна азықтық қорды қалыптастыру жоспары ұсынылған. Жалпы қыстату науқанына дейін 5,1 млн. тонна мал азығы жиналатын болады.
Малазықтық шөптер биыл шаруаларға қол жетімді тиімді бағада сатылуда. Егістік алқап басынан табиғи шөптер прессі 350-400 теңге, жоңышқа 600-700 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр 1200-1500 теңге аралығында саудаланған болатын.
Облыстағы мал басына қажетті азықтық жем көлемі 784,9 мың тоннаны құрайды. Оның 82% (644,8 мың тонна) облыста өндірілген дақылдар есебінен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде: жүгері – 287,1 мың тонна, шитті мақта – 106,8 мың тонна, мақсары күнжарасы – 41,8 мың тонна, арпа мен бидай – 29,3 мың тонна. Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ы арқылы (8 ай бойы) облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылып жатыр. Бүгінде 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылған.
Айта кетейік,
Түркістан облысы – республикадағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, еңбек ресурстары жеткілікті аймақ. Облыс кәсіпорындары Қазақстандағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 5,9%-ын өндіреді. Елімізде шығарылатын трансформаторлардың 98,6%-ы, фармацевтикалық препараттардың 70,1%-ы, минералды және газды сулардың 51,5%-ы, мотор майының, бензиннің 38,9%-ы, рафинатты қорғасынның 23,6%-ы, сыраның 23,6%-ы, цементтің 19,7%-ы, экскаватор, мақта талшығы, мақта майының барлығы дерлік Түркістан облысында өндіріледі. Облыс тері шикізаты, жеміс, көкөніс, жүзім, бақша, макарон өнімдерінің ірі өндірушісі болып табылады. Облыстың өнеркәсіп мүмкіндіктерін негізінен мұнай өңдеуші және металлургия кәсіпорындары құрайды. Түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу, тамақ өнеркәсібі, әсіресе, Шымкент, Кентaу қалаларында жақсы дамуда. Облыс өнеркәсібінде 147 ірі және орта кәсіпорын бар. Мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындар: “ПетроКазахстанОйл Продактс” ААҚ (мұнай өңдеу) және “ИнтеркомШина” ААҚ (шина шығару). Металлургия өнеркәсібіндегі басты кәсіпорын “Южполиметалл” ЖАҚ (қорғасын, мырыш, т.б. өнімдер); машина жасау саласының жетекші кәсіпорындары: “Карданвал” ААҚ (автомобильдер мен тракторлар үшін кардан біліктерін шығаратын), “Южмаш-К” ЖАҚ (ұстаханалық-престеу машиналары мен қосалқы бөлшектерін шығару), “Экскаватор” ААҚ, “Кентау трансформатор зауыты” ААҚ, “Түркістан-насос” ААҚ; құрылыс өнеркәсібінен “Шымкентцемент” ААҚ; химия өнеркәсібінен – “Химфарм” ААҚ (дәрі-дәрмек өнімдерін шығару); жеңіл өнеркәсіптен “Восход” ААҚ, “Эластик” ААҚ, “Адал” ЖШС, т.б. жұмыс істеуде. Тамақ өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындарды “Шымкент-май”, “Қайнар”, “Шымкент сыра”, “Бахус-Деронсек” АҚ-дары, “Арай”, “Амангелді” ЖШС-тері, т.б. құрайды. Сарыағаштың минералды суын шығарумен “Әсем-ай”, “Алекс” ЖШС-тері айналысады. Темекі өнімдерін JTL “Central Asіa” ЖАҚ-ы шығарады. Облыстың ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 10,3 млн га, оның ішінде жыртылатын жер аумағы 0,8 млн га. Ауыл шаруашылығында 63,3 мың шаруа (фермер) қожалығы, 956 ӨК, 6 АҚ, 608 ЖШС жұмыс істейді. Олар жалпы респ. ауыл шаруашылығы өнімінің 12,2%-ын береді. Ауыл шаруашылығының басты саласына стратегиялық маңызы бар мақта өсіру мен өндіру жатады. Оның егіс көлемі 170 мың га-ға (егіс көлемінің 30%-ы) жетті. Шитті мақтаны өңдеумен жылдық қуаты 650 мың тонналық 19 мақта зауыты айналысады. Олар облыстың Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара ауданында және Түркістан қалалық әкімдігі жерінде орналасқан. Облыс әкімшілігі 2003 жылдың соңында мақта иіру фабрикаларының құрылысын бастады. Егіннің орташа жылдық өнімі: бидай – 400 мың т, күріш – 10 мың т, шитті мақта – 360 мың т, көкөніс – 400 мың т, бақша өнімдері – 291 мың т, картоп – 115 мың т. 2004 ж. мал саны: ірі қара – 603 мың, қой-ешкі – 3 млн., жылқы – 119 мың, түйе – 14 мың, құс – 1,8 млн., шошқа – 22 мың басқа жетті. Облыс экономикасының тұрақты дамуында темір жол тасымалының үлесі басым. Маңызды темір жол тармақтары: Орынбор – Ташкент, Түркістан – Сібір темір жол Темір жолдың жалпы ұзындығы 443 км-ден асады, қызмет ету шектері Шеңгелді – Арыс және Түркістан – Арыс – Түлкібас станцияларының аралықтары. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 5200 км, оның 800 км-ден астамы республикалық, 4470 км жергілікті маңызы бар жолдар. Облыс жеріндегі ірі автомагистралдар: Алматы – Ташкент, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Жуантөбе. Әуе көлігі жүйесінде “Шымкент әуежайы” ААҚ халықаралық тікелей және транзиттік авиарейстерді жүзеге асыруға қолайлы. Облыс жерінен Бұхара – Шымкент – Алматы газ құбыры, Омбы – Павлодар – Шымкент мұнай құбыры өтеді. Облыс экономикасын дамытуға 293,9 млрд теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,2 пайызға артты. Негізгі инвестициялық салымдарды шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі 144,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен 23,4 пайызға артты. Түркістан облысы – елдегі жылыжай шаруашылығын дамытуда сөзсіз көшбасшылық орынды иеленді. ОҚО ауылшаруашылық басқармасының деректері бойынша, ҚР-дағы жыл бойы көкөніс өндіруге бөлінген аудандардың 85 пайызы ОҚО-на тиесілі екен. Тамшылатып суғару әдісі 5 жылда 2,1 мың гектардан 33 мың гектарға жетті (16 есе). Республикадағы үлесі – 83%. Республика халқын жеміс-жидек өнімімен және жүзіммен толық қамтамасыз ету үшін облыста озық технологияларды енгізу, соның ішінде бақ егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта облыста “Бақ өсіру және жүзім шаруашылығын қарқынды дамыту шараларының 2014-2016 жылдарғы арналған кешенді жоспары” бекітілді.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі