Бүгінде ауылдағы әйелдерді жұмыспен қамту өте маңызды. Сондықтан біз оларға жасыл» бизнес жүргізудің негіздерін үйретіп жатырмыз. Бұл туралы Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы, мәжілістің бұрынғы депутаты Майра Айсина айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.
Аталған іс-шара шалғай ауылдардағы іскер әйелдердің білімін жетілдіріп, олардың өзі қалаған кәсібімен айналысуға мүмкіндік береді.
Онлайн форматта өткен форумда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан өңірлеріндегі ауыл әйелдерінің ахуалы баяндалды.
«Бүгінде жаңа Қазақстанды құрамыз, әділетті қоғам орнатамыз, халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасаймыз деген мақсат қойылды. Сондықтан Ауыл әйелдері форумының бізге берері мол деп ойлаймын. Қазақстан халқының 40%-ы ауылда тұратынын ескерсек, форумда ауыл әйелдерінің ортақ мүддесіне қатысты мәселелер көтеріліп қана қоймай, ол оң шешім қабылданатын алаңға айналды», - деді комитет төрайымы «Ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту тәсілдерін іздеу және іске асыру» тақырыбына арналған Қазақстан оңтүстік облыстарының өңірлік форумында.
Оның айтуынша, 2013 жылдан бері 50 мыңнан аса ауыл әйеліне «жасыл» технологияларды пайдалана отырып, бизнес құру және жүргізу бойынша қысқа мерзімді тренингтер өткізілген.
«Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Жыл басынан бері біздің ұжым ауылдағы әйелдерге «жасыл» бизнес жүргізудің негіздеріне үйрете бастады. Коалиция арнайы әзірлеген farmerschool.kz платформасы өткен жылдан бері ауылдағы бизнестің 17 түрі бойынша оқыту курстарын ұсынып келеді. Олар «Мал шаруашылығы», «Саңырауқұлақтарды жабық жерде өсіру», «Құс шаруашылығы». «Үйрек-қаз өсіру», «Омарта шаруашылығы», «Кондитер цехы» және тағы басқа», - деді Майра Айсина.
Сондай-ақ ол 4 жыл бойы ауыл әйелдері мен жастары арасында 2030 тұрақты даму мақсаттарының көшбасшыларын анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Біз ауыл әйелдері мен жастарына жоғары мотивация, ақпараттық, әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Жыл сайын «Ауыл әйелдерінің 100 жетістікке жеткен тарихы» жинағын шығарып, біз әр ауылдан өзімізді мақтан тұтатын және үлгі ететін халық батырларын қалыптастырамыз. Олардың есімдері табысты оқиғалардың келесі төртінші кітабына енеді», - деді комитет төрайымы.
Жасыл экономиканы қолдау коалициясы сарапшылары жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес, ауыл әйелдерінің басым бөлігі осы оңтүстік өңірлерде шоғырланған.
«Әйелдің мұңы – қоғамның мұңы деген қағиданы ұстанған форум ауыл әйелдерін алаңдататын басты сұрақты да анықтап үлгерді. Бұл ретте жұмыссыздық мәселесі өзекті. Оңтүстік бойынша әсіресе Алматы облысында әйелдер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші жоғары», - деді Майра Айсина.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
«Әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін соңғы жылдары ауылдағы шағын бизнеске басымдық бере бастадық. Алматы өңіріндегі кәсіпкер арулардың саны да жыл санап арта түскен. Қазір облыс бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 125 мың болса, оның 35%-ын әйелдер қауымы тізгіндеп отыр», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында көптеген әйел ауылда наубайхана, дүкен, жеке меншік балабақша, шағын тігін цехы сияқты кәсіп көзін ашып, өз нәсібін табуға мүмкіндік алған.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы да гендерлік саясатқа үлкен қолдау болды. Аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылған 1208 жобаның 247-сі немесе 20% кәсіпкер-әйелдер арқылы іске асқан. Мемлекеттік грант бойынша мақұлданған құны 734 млн теңге болатын 255 жобаның 135-і де осы ауыл әйелдері арқылы ұсынылған. Бұл жобаның – 54%-і», - деді Батыржан Байжұманов.
Биыл Алматы облысында 1 мың 70 әйел қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілсе, 6 мың 395 әйел қоғамдық жұмыспен қамтылған, 561 әйел әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылған, 375 адам жастар тәжірибесіне тартылған.
Сонымен қатар онлайн өткен форумда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев та сөз сөйлеп, өңірде ауыл әйелдерінің мәртебесін көтеру үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Облыстағы халықтың саны – 1 млн 149 мың 914 адам. Оның ішінде 689 мың 739 адам ауылда тұрады. Бұл көрсеткіштің 49%-ы әйелдер құрайды немесе 339 мың 769 адам. Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің де тең жартысына жуығы – әйелдер (47%). Басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 29%, олардың мәслихаттағы үлесі шамамен – 28%, ал мектеп басшысы қызметіндегі әйелдер үлесі – 64%», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ өңірде 4 мың 174 әйел шаруа қожалығын басқарып отыр әрі ірі кәсіпорынға жетекшілік ететін әйелдер де бар.
«Сондықтан қоғам ұйытқысына айналған әйелдер қауымын мемлекет те мейлінше назарда ұстайды. Мысалы, биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 86 әйел 105,4 млн теңге қайтарымсыз грант алды», - деді Батыржан Байжұманов.
Бүгінде Қызылорда облысында тұрғындардың 49%-ын әйелдер құрайды. Олардың 54,5%-ы ауылда тұрады.
Әйел педагогтердің үлесі – 73%, әйел медицина қызметкерлерінің үлесі – 87%. Қазіргі таңда өңірдегі кәсіпкер-әйелдердің 48,3% ауылда еңбек етуде.
2022 жылғы 6 айда 171 жобаға қаржылай қолдау шарасы көрсетілген болса, оның 31-і ауылдардағы кәсіпкер әйелдердің үлесінде.
«Атамекен» ҰКП директорының экономика бойынша орынбасары Жанна Тілеубаева Түркістан облысындағы жағдайды баяндады.
«Мұндағы тұрғындардың дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер әйелдердің де көпшілігі осы салада тер төгіп жүр. Оларды қолдау үшін алғаш рет облыста Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Орталықта әйелдер тегін оқиды. Оқытудың түрлері де бүгінгі қоғам сұранысына сай», - деді орынбасар.
Форумды Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ ұйымдастырды.
Айта кетейік, осыған дейін мұндай форумда Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Батыс өңірлердегі белсенді, іскер, кәсіпкер әйелдердің басын қосқан еді.