Жыл басынан бері суға батып бара жатқан 6 адамды ажалдан құтқардық. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ратбек Демеуберген айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.
Ол астаналықтар мен қала тұрғындарын суда қауіпсіздік ережесін сақтауға шақырды.
«Жаз әлі біткен жоқ. Сондықтан суда оқыс оқиғалар болуы мүмкін. Статистикаға сүйенсек, қайғылы оқиғаның 80%-ы мас күйде және рұқсат етілмеген жерде суға түсуден болады. Нұр-Сұлтанда суда шомылуға рұқсат етілген 3 аймақ бар. Бұған қаладағы орталық саяжай да кіреді», - деді Ратбек Демеуберген.
Оның айтуынша, қалада суда шомылуға рұқсат етілмеген 21 орын бар.
«Мысалы, Байқоңыр ауданында – 4 орын, Алматы ауданында – 8 орын, Есіл ауданында – 6 орын, Сарыарқа ауданында – 3 орын.
Барлық тыйым салынған учаскелерде тиісті белгілер, тақтайшалар, арнайы стендтер орнатылды», - деді басқарма басшысы.
Ол елордада күн сайын ТЖД-ның қызметкерлері су айдынында патрульдеу жүргізетінін атап өтті.
«Бүгінде басқарма қызметкерлері тұрғындарға 22 мыңнан аса парақша таратты. Жоспарланған іс-шара барысында полиция қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылық кодексін бұзған 189 адамға хаттама толтырды. Оның ішінде 28 дерек 364-бап бойынша және 161 дерек 440-бапқа сәйкес. Суға шомылу кезінде елордалық құтқарушылар су айдынында 6 адамды өлімнен құтқарды. Олар суда рұқсат етілмеген орындарда шомылған», - деді Ратбек Демеуберген.
Басқарма басшысының пікірінше, қайғылы оқиғаға жол бермес үшін төмендегі судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды.
1. Суға рұқсат етілмеген учаскелерде шомылмаңыздар;
2. Суға мас күйде түспеңіздер;
3. Егер сіз суда жүзе алмайтын болсаңыз, тек белгіленген жерге дейін барыңыз. Қауіпсіздік ережесін сақтаңыз.
4. Суда белгіленген аумақтан шықпаңыз.
5. Жалған апат сигналдарын бермеңіз.
6. Ата-аналар балаларын суға шомылуға әкелген кезде оларды көзден таса қылмай, бақылауы керек.
«Осы қарапайым ережелерді сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», - деп сөзін түйіндеді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы.
Фото: atr.kz