Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысы Сайрам ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп newsroom.kz хабарлайды.
Қазір оның үлесі 73,8 пайызға жетті. Тұрғындармен кездескен аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков газдандыру ісіне қарқын қосуды тапсырып, бұл аса маңызды жобаның жүзеге асырылуын тікелей қадағалап отыратынын айтты.
Ақбай ауылындағы Жаңақұрылыс аумағындағы 150-ге жуық тұрғын үйдің басым бөлігі табиғи отынмен қамтылған. Жергілікті бюджет есебінен нысан құрылысына 67721,26 мың теңге қаражат қаралып, игерілген. Жаңа аумақтағы көшелерге жалпы ұзындығы 4,86 шақырым газ құбыры тартылған. Нысанның құрылысы 2020 жылы басталып, былтыр қабылданған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан аумағындағы 42 елді мекендерінен 2021 жылдың қортындысымен 31 елді мекен (73,8 %) табиғи газбен қамтамасыз етілген. 5 жоба бойынша 7 елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жылы жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Аудан 2025 жылға дейін 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.
Egemen.kz дереккөздеріне сүйене айта кетейік, 2013 жылы Түркістан қаласының бір бөлігіне алғашқы рет табиғи газ берілді. «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали: «Осы сәтті Түркістан қаласының 240 мыңдай тұрғыны 50 жылдан астам уақыт күтті. Оңтүстік Қазақстан облысын газдандыру жұмыстары өткен ғасырдың 60-жылдарынан басталған екен. Бірақ Түркістан өңірін газдандыру ісі кеңестік кезеңнің өзінде де шешімін тапқан жоқ», деп атап өтті сол сәтте. Сонымен, еліміздің батысынан тартылған қазақстандық газды тұтына бастаған оңтүстіктегі алғашқы қала – киелі Түркістан. Бұл жерде көгілдір отынды тұтынудың болжам көлемі – жылына 92 млн. текше метрді құрап отыр. Жоба толық жүзеге асқан кезде жақын маңдағы елді мекендерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ іске асырған инвестициялық жоба бойынша 22 шақырым жоғары қысымды газ құбыры, 1 автоматты газ тарату стансасы мен 2 газ реттеу пункті салынды. Бұл құбырға газ қыркүйекте пайдалануға берілген «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральді газ құбырынан келеді. Түркістанда көгілдір отынның әлеуетті тұтынушылары санатына 40,2 мың тұрғын үй және көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер, 384 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар (дәріханалар, дүкендер және т.б.), 19 емхана, 19 балабақша, 60 мектеп, 215 мемлекеттік мекеме, 70 өнеркәсіптік кәсіпорын кіріп отыр. Түркістан қаласын газдандыру жөніндегі жобаны орындау үлкен экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызға ие. Қала тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ірі туристік және мінәжаттық орталық, рухани астана болып саналады. Түркістан туристерді көптеген тарихи орындарымен тартады. Киелі Түркістанға жыл сайын бір миллионнан астам адам тәу етіп, сапарлап қайтады.
«Аталған жоба газбен жабдықтаудың аймақтық схемасына қосылған және оны орындау кіші және орта бизнестің жергілікті кәсіпорындарын дамытуға қосымша мүмкіндік беретіні сөзсіз және түркістандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға үлкен үлес қосады», деп атап өтті Серік Сұлтанғалиұлы. Түркістан қаласын газдандыру жобасын оңтүстік жұртына ауқымды да тындырымды жұмыстарымен танымал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың бас директоры Қ.Шәріпбаев 2011 жылдың күзінде таныстырып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бастаған үкіметтік делегация жобаны қолдаған болатын. Енді түркістандықтарға сол кезде берілген уәде нақты іске айналып, үдеден шықты. Яғни, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бастамасымен жасалған жоба газбен жабдықтаудың аймақтық схемасына қосылып, «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральді газ құбыры іске қосылғаннан кейін нақты жүзеге асырылып отыр.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі