Бүгін бейнеконференция форматында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі суицидтің алдын алу, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан және жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардан қорғау болды.
Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Л.Рамазанова отырыстың ашылуында балалар мен әйелдер арасында суицидтің алдын алу мәселелері жоғары өзектілігін сақтап отырғанын атап өтті. Ұлттық комиссияның өткен отырысында аталған мәселе бойынша істің мән-жайы қаралып, жұмыстың басымдықтары айқындалған болатын. Ұлттық комиссияның уәкілетті органдары мен сарапшылық топтарына нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, қоғамды дүр сілкіндіретін суицид оқиғалары күн тәртібінде қала бермек.
Ішкі істер министрінің орынбасары Қ.Сүнтаев ағымдағы жағдай туралы баяндама жасады.
К.Сүнтаев «тәжірибе көрсеткендей, балалар мен жасөспірімдерге уақытылы психологиялық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдау керек. Осындай шараларды іске асыру «тәуекел тобындағы» балаларды ерте анықтауды қамтамасыз етуге және суицидтердің алдын алу бойынша уақтылы шаралар қабылдауға ықпал ететін болады», - деп атап өтті.
Сарапшылардың кең ауқымын тарта отырып, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды және суицидтің алдын алу бойынша нақты шаралар әзірленді. Жедел әрекет ету әдістеріне, оның ішінде жұмысына заңгерлер мен қорғаушыларды тарта отырып, Сенім телефондары желісін кеңейтуге, олардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге; коммуникативтік желілер арқылы хабарлау тетігін нығайтуға, сондай-ақ суицидтің алдын алу жүйесіне қосылуға қоғамдық ортаны кеңінен ынталандыруға баса назар аударылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан және жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардан қорғау міндеттерін талқылау болды. Сотқа дейінгі тергеу және жеке тұлғаға қарсы қылмыстық істер бойынша сот төрелігін іске асырудың проблемалық мәселелері қаралды.
Белгілі адвокат, құқық қорғаушы Айман Омарова мұндай істерді сотқа дейінгі тергеу кезеңдерінде құқық қорғау және сот органдарының жұмысында қиындықтар бар екенін атап өтті.
Сарапшылар жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстарды тергеуге бағдарлана отырып, полиция органдарындағы құрылымдық бөлімшелерді күшейтуді ұсынды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Л.Рамазанова отырысқа қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы заңнамалық бастамаларды ұсынды. Олар отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселелерін реттейтін ережелерді енгізуге, отбасы институтын іргелі әлеуметтік институт ретінде нығайтуға бағытталған. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреттерін, ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимыл тетігін нақтылау ұсынылады.
Ішкі істер министрінің орынбасары К.Сүнтаев әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық (жыныстық) қылмыстарды тергеу бойынша топтар құрылғанын, олардың құрамына республика бойынша 280 тергеуші-әйел кіргенін атап өтті. Республикада жұмыс істеп тұрған мамандандырылған орталықтар базасында жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды (пилоттық жоба елдің 15 өңірінде 25 орталықта іске асырылуда).
Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Е.Сағиев балаларға қатысты жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар бойынша істер әрбір факт тіркелген сәттен бастап түпкілікті процестік шешім қабылданғанға дейін Бас прокуратураның ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар мен ұсынымдар берілді. Атап айтқанда, отбасылар мен білім беру мекемелеріндегі жағдайға қоғамдық бақылау құралдарын кеңейту, бұқаралық коммуникация құралдары арқылы жедел ден қою және психологиялық көмек құралдарын енгізу, сенім қызметтерін психолог-мамандармен және заңгерлермен нығайту, құқық қорғау органдарындағы балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау процестерін мониторингтеу үшін өңірлердегі Ұлттық құқық қорғау орталығы өкілдіктерінің ресурстарын тарту және т. б. міндеттер белгіленді.