Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысында 5 маусымда өтетін референдумды насихаттау және Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру жұмыстары ерекше әрі түрлі форматта өтіп жатыр, деп newsroom.kz хабарлайды.
«Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанынан құрылған қоғамдық штаб мүшелері әдеттегідей мәжіліс залдарындағы жиналыстарға емес, халық жиі шоғырланған орындарға тікелей барып, диалог орнатты. Бұған дейін штаб өкілдері малшылармен, ауыл тұрғындарымен, тракторшылармен, диқандармен, базардағы сатушылармен, көше сыпырушылармен, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, ақсақалдармен және басқа да сала өкілдерімен жүздесті. Жылыжайларда, егістік басында, ашық аспан астында келелі пікір алмасулар өткізілді. Осы кездесулерде тұрғындар тарапынан 980-нен астам түрлі өтініш ұсыныстар түсті. Оның бәрі бақылауға алынып, бірқатары шешімін тауып жатыр.
Штаб құрамына 400-ден астам адам енгізілген. Олардың арасында қоғам және партия белсенділері, фракция мүшелері, зиялы қауым, БАҚ және түрлі сала өкілдері бар. Сонымен бірге республикалық штаб мүшелері де өңірге келіп, халықпен кездесуде.
Жалпы Түркістан облысында 1,1 млн. сайлаушы, 900-ден астам сайлау учаскесі бар. Сайлаушылардың саны жөнінен өңір республикада алдыңғы орында. Бұған дейін партия филиалы жанынан құрылған қоғамдық штаб мүшелері 600-дей кездесу өткізіп, елді мекендерді аралап шықты. Бір ерекшелігі, облыстағы үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары ерекше әрі түрлі форматта ұйымдастырылған. Мақсат – халықты мейлінше көбірек қамту.
«Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтің айтуынша, елдің саяси өзгерістерге ықыласы жақсы. Партия басшылығы тарапынан берілген тапсырмалар мен жоспарлар жүзеге асып жатыр.
– Партия филиалы жанынан құралған қоғамдық штаб бүкіл елді аудан, қаланы, елді мекендерді аралап жатыр. Кездесулерде елге Ата Заңға енгізілетін маңызды өзгерістер, референдумның мән-мағынасы кеңінен түсіндірілуде. 263 фракция мүшесі мен Парламент Мәжілісінің 4 депутаты, жалпы 400-ден астам азамат елге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ерекше форматтар таңдалып, еркін сұхбаттар өтті. Алдағы уақытта өңір жұртшылығы референдумда белсенділік танытады деген сенім мол, – дейді ол.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі