Алматы облысында 28 жастағы ер адам бір түнде үш көлікті бірінен соң бірін айдап әкеткен.
Олардың бірі жедел-жәрдем қызметінің машинасы, деп хабарлайды
ҚазАқпарат. Әлеуметтік желіде полицейлердің жедел жәрдем көлігін ұстаған видео тарады. Алматы полициясына, алдымен, 31 шілде күні кешкі сағат 21.45-те Құлжа тасжолының бойындағы тұрғын үй кешенінің аумағынан «BMW» көлігі ұрланғаны туралы хабарлама түскен.
Тұрғын үй кешенінен шыға бергенде көлік ұрлаушы «Ауди» көлігімен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен. Көп ұзамай Есік қаласында қарсы жолаққа шығып кетіп, «Toyota» көлігімен соқтығысқан. Ол жерде көлікті тастап, жаяу бой тасалауға тырысқан. Көп ұзамай күдікті бір бойжеткенің «Nissan» көлігін тартып алып қашпақ болғанда, аударылып қалды. Оқиғаға куә болғандар жедел жәрдем шақырған кезде ер адам медициналық бригада көлігін де ұрлап кеткен. «Облыстық жедел жәрдем қызметіне тиесілі «Jac Sunray» көлігімен ол қалаға қайта келгенде патрульдік полиция экипажы қолға түсірді. Күдікті – 1994 жылы туған ер адам, медициналық куәландыру барысында есірткі тұтынғаны анықталды», - деп хабарлады полициядан. Медеу аудандық полиция басқармасында, сондай-ақ Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімшесінде бөтен көліктерді заңсыз басып алу деректері бойынша үш қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар үш жол көлік оқиғасы бойынша ресми іс қозғалды.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.