1) Сұлулығымды сақтаймын деп бала тумадым;
2) Ұсталатынын біліп, кетіп бара жатқанда: «мен сені аяймын» дегенін түсінбедім;
3) Ұсталған соң, түрмеде жолығуға рұқсат берілгенде «халық жауының әйелі» деген атқа намыстанып, бармадым.
Қоғам қайраткері Т.Жүргеновке 1987 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында ескерткіш қойылатын болып, соған Алматыдан халық мұраларының жанашыры Мардан Байділдаев, сол кезде қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында халық әні кафедрасының меңгерушісі мен және Т.Жүргеновтің зайыбы Дәмеш Әмірханқызы Ермекова апай - үшеуміз жолға шықтық, - деп бастады әңгімесін Алмас. - Мамандығы дәрігер болғандықтан ба, апай көп сөйлемей, көбірек тыңдағанды жақсы көреді екен. Десе-дағы сапарымыздың мақсаты Т.Жүргенов есіміне байланысты болғандықтан және қысқа өмірінде қазақтың болашағы үшін қыруар тірлік жасап кеткен тарихи тұлғаны оның зайыбынан артық ешкім білмейтінін алға тарта отырып, апайды екеулеп әңгімеге тарттық. Зулап келе жатқан жүйрік пойыздың терезесіне қадалып отырған апай дала айшықтарын Темірбек ағамен аз уақыт болса да бірге өткізген мәнді өмірінің көзді ашып-жұмғанша қас-қағым сәтте өтіп кеткенімен салыстырып отырғандай сезіндік. Ойын әруақытта тез жеткізуге асығып отыратын Мардан ағаның шыдамы таусылған болуы керек: Дәмеш жеңгей, Темірбек аға жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Жазыла да бермек. Ол кісімен бірге өткізген жұбайлық өміріңізден мына кейінгі жастарға үлгі болатындай бір сәттерді еске ала отырсаңыз, - деді. - Ол кісінің (Дәмеш апай Темірбек ағаның атын атамай, әр кезде "ол кісі" дейді екен) басшы ретінде атқарған қызметіне ешқашан араласқан емеспін. Өйткені, дәрігер ретінде менің өз шаруам өзіме жетіп жатты. Себебі, сол жылдары жоғары білімді дәрігерлер Қазақстанда саусақпен санарлықтай еді ғой. Содан да біздің де атқарған, арқалаған жүгіміз жеңіл болған жоқ. Ал оның зайыбы ретінде осы уақытқа дейін өзімді өзім кешірмейтін, өксікке толы үш өкінішім алдымды кескестей береді. Ұмыта алмаймын, бұл имандай сырым, шырағым. Бірақ, тіс жарып ешкімге айтқан да емеспін, - деп әңгімесін бастап кетті. Мардан аға екеумізді үнсіздік басып, бар назарымызды Дәмеш апаға аудардық. Дәмеш апай толқыды. - Адам жас кезінде көп нәрселерді бағдарлап, бағамдай бермейді ғой. Ол кісімен қосылғаным, сөз жоқ, өмірімнің бақытты бастауы болды. Жаңа айтқандай, екеуміздің де тыныс-тірлігіміз бірыңғай өз қызметтерімізге бағышталды. Сөйтіп жүріп Шора атты ұлымызды өмірге әкелдім. Бұған Темірбек балаша қуанып, бұл есім үш түрлі мағына береді деп отыратын. Қолы қалт еткенде үйге жетуге асығатын. Тіптен жұмыста отырып, телефонмен оның жағдайын жиі сұрап тұратын. Бірақ, тұңғышымыздың өмірі өте қысқа болып, 1933 жылы Ташкентте қайтыс болды. Бір күні Темірбек жұмыстан келіп күндегідей дастархан басында отырғанымызда: - Дәмеш, Құдай өзі бергенін өзі алды. Алла күпірлікке жазбасын. Біздің өмірімізді жалғастыратын перзенттің болғанын қалар едім, аржағын өз қалауыңа салдым, - дегені есімде. Бұл мәселеге кейін оралған да жоқ. Мен бір жағы дәрігермін. Өмірге перзент әкелудің қуанышы мен қиындығын жақсы білемін. Енді айтып отырмын ғой. Темірбектің ұлым болса деген қалауын орындауға менің жастық сезімімнің жібермегеніне, өзімнің тәндік сұлулығымды сақтап қалсам ғана деген қате пайымдауыма өкінемін. Өмірінің қысқа болатынын сезгендей, маған қиыла айтқан өтінішін орындай алмағаныма осы уақытқа дейін қиналамын. Болашақ аналарға табиғаттың өзі сыйлаған ана болу мүмкіндігін ешқашан тежемей, барынша пайдаланса деген тілегім бар. Бұл менің бірінші өкінішім. - Ол кісі министр кезінде біз көбіне қала шетіндегі саяжайда тұрдық. Кейде жұмысқа да сол жерден қатынайтынбыз. Бір күні, ұмытпасам 1937 жылдың тамыз айының 2-күні, "Эмка" мәшинесімен келген ол кісі маған тез жиналуымды өтінді. Неге, қайда баратынымызды сұрамайтын әдетіммен тез киініп сыртқа шықтым. Мәшинесінің артқы есігін ашып, маған отыруға ишарат білдірді. Ол кісі бұған дейін жүргізушімен қатар отыратын. Мен жайғасқаннан кейін артқы отырғышқа өзі де отырды. Мәшине қозғалғаннан кейін сол қолын менің иығыма салып, өзіне тарта түскенін сезінген мен жүргізушіден қысылып: Сізге не болған дегендей ыңғайсыздана қарадым. - Дәмеш, мен сені аяймын, - деді де одан әрі ештеңе айтпады. Қаладағы Шевченко мен Фурманов көшесінің қиылысындағы Фурманов, 120-үйдегі 4 бөлмелі пәтеріміздің алдына келгеннен кейін, өзі есікті ашып мені мәшинеден түсіріп, қашан үйге кіргенше артымнан қиыла қарап тұрды. Сол күні-ақ ол кісіні НКВД-нің үш-төрт қызметкері кабинетінде тұтқындап, тінту жасағанда үстелінің суырмасынан Тұрмағамбет Ізтілеуовке "Шахнаманы" аударғаны үшін, айдаудан келген Ахмет Байтұрсыновқа қазақ тілі ғылымының тарихын жазғаны үшін, Петербург университетін бітірген Бақытжан Қаратаевқа Қазақстанның Ресейге қосылу тарихын жазғаны үшін төлеген ақшалардың чектері - түбіртектері табылыпты. Бұлардың барлығын сол кезде кеңседе кезекшілікте тұрған, тінту кезінде куә болған Рахым Момыновтан білдім. Күнде бірге болып жүрген құдай қосқан қосағымның ұсталатын сол күнгі мінезіндегі өзгерісті - бір жамандықты сезініп тұрған көзқарасын менің сезінбегенім, мені неге аяйтындығын сұрамағаным жүрегімнің түкпірінен орын алған менің екінші өкінішім. Қолдан ұйымдастырылған айғақтар негізінде Темірбек Қараұлы Жүргенов КСРО прокуроры Вышинскийдің санкциясымен 1937 жылдың 3 тамызында қапасқа түседі. РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-статьясының 10-11-тармақтарымен айыпталып, оған Қазақстанды КСРО-дан бөлуге ұмтылған, диверсиялық ұйымға басшылық етіп, оған мүшелер тартқан, Кеңес Одағына қарсы соғыс жариялануына мүмкіндік жасауға әрекет еткен деген ауыр айыптар тағылған. Оларды Т.Жүргенов мойындамағанмен, тергеу орындарының зорлық-зомбылықтары оны мойындауға мәжбүр етеді. Сөйтіп, Темекең өзімен ұсталғандармен бірге (23 адам) 1938 жылдың 25 ақпанында Талғар ауданындағы "Жаңалық", Боралдай елді мекенінде (бұрынғы Диқан қыстауында) атылған деген дерек бар. - Енді үшінші әңгімені бастайын, - деді Дәмеш апай. - Ол кісі қамауға алынған күннен бастап, бүкіл ақпарат құралдары оның осы уақытқа дейінгі халқына жасаған елеулі еңбегін жоққа шығарып, оны қауіпті "халық жауы" ретінде суреттеп дабыра қақты, - деп сабақтады сөзін Дәмеш апай. - "Халық жауының" әйелі атану маған оңай болған жоқ. Бұрын Наркомпрос Жүргеновтің зайыбы ретінде асқақтап жүрген көңіл шіркін құрдымға кетті. Несін жасырайын, бір жағынан, ел-жұрттың жамырай айтып жатқандарына қарағанда, кейде, япыр-ай, осы бір шудың ар жағында шыңыраудағы шындықтың лебі сезілмесе нетті деген дүдәмал ой да мазалайтындай сезімде жүрдім. Содан да бұрын кім едім, қазір кіммін деген пендешіліктің күрмеуінде болғаным да рас. Ол кісімен бірге түрмеге жабылғандардың ішінде қазақтың біртуар азаматтары - Есқараев Сүлеймен мен Құлымбетов Ұзақбай болған-ды. Қамауға алынғаннан кейін біршама уақыт өткеннен соң жоғарыда аталған Алаш арыстарының әйелдерінің түрмедегі күйеулерімен кездесулеріне мүмкіндік туды. Бірақ әлде де болса екі жақты ой құрсауында жүрген, әрі "халық жауының әйелі" аталғаныма намыстанғаным соншалықты, мен сол кездесуге бармай қалдым. Түрмедегі кездесу бөлмесінде отырған Сүлеймен мен Ұзақбай ағалардың әйелдерінің айтуынша, ол кісі тор есіктің ар жағынан бірінші шығады. Менің жоқ екеніме көз жеткеннен кейін: - Е, Дәмештің де осылай ойлағаны ма? - депті де кедергі жасамайын дегендей уақытынан бұрын камерасына бұрылып кетіпті. Темекеңнің сол сәттегі жан азабы мен тебіренісі есіме түссе өзегім өртенеді. Өзімді өзім өмір-бақи кешпейтіндей күй кешемін. Бұл менің өксікке толы үшінші өкінішім. Жоғарыда айтқанымдай, ол кісі тағылған айыптауларды бірден мойындамаған. Бірақ шектен тыс зорлық-зомбылық пен азаптау темір комиссардың сағын сындырды ғой. Біздің соңғы кездесуіміз осы уақытқа дәл келді. Кездесуге алып келгенде мен оны зорға таныдым. Зілді, ауыр соққыдан әбден жараланған, бет-аузы даладай болған, оның соңғы сөзі: "Ел-жұрт аман ба? Сталин орнында ма?" болды. Соған қарағанда ол кісі өзін өлімге кесіп отырған билікке құдайдай сенсе керек. Кеңес өкіметіне деген шүбәсіз сенімімді өзімнің ізіме түсе бастаған НКВД қызметкерлерінің іс-әрекеттері мен негізсіз қоқан-лоққылары жоғалттырды. Ақырында, 1938 жылы "Темір комиссарға" жар болғаным үшін 8 жылға сотталып, Қарағандыдан бір-ақ шықтым. Біреудің көрген жан азабы мен тозағы екінші біреуге керісінше болатындығы туралы тұжырымға осы жерде көзім жетті. Жазықсыздан жазықсыз жазаланып, жапа шегіп жатқандарға күн-түн демей қолымнан келген дәрігерлік көмегімді бердім. Ол өзінше бір бөлек хикая. Сотталған мерзімімді өтеп, 1946 жылы Алматыға келгенімде қуанышымда шек болған жоқ. Бірақ, бұл ұзаққа бармай, мені Көкшетауға жер аударып жіберді. Сірә, "Темір комиссардың" әйелінен әлде де қалтырап тұратындар "көмектессе" керек. Қойшы, кейін Алматыға келдік қой, - деп аяқтады сөзін Дәмеш апай. Иә, Дәмеш апай құдай қосқан қосағы Т.Жүргеновтің заңды ақталғанын да, оның туған халқы алдында марапатталғанын да көріп кетті. Ал өзімен бірге ала кетуге тас түйіндей шешімге келген осы бір өксікке толы өкінішін де халыққа жеткізудің айыбы болмас деген оймен "Егеменге" жолдадық. Тәуелсіздікті аңсаған арыстардың алдында болған Т.Жүргеновтің туғанына биыл 110 жыл толғалы тұр. Осы тұлға жайлы мағлұматтарды толықтыруға аз да болса мына мақаланың септігі тиер деген сенімдемін.Авторы: Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры.
"Егемен Қазақстан" газеті
Өмір сырлары.