Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
11 шілде, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістанға іссапармен келді

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістанға іссапармен келді

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістанға іссапармен келді
ашық дереккөзі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, 8 шілде күні ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді деп newsroom.kz хабарлайды. Министрлер есептерінің жаңа форматы аясында халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Сонымен қатар бірқатар ауданның білім беру ұйымдарын аралап, білім бөлімдерінің басшыларымен кеңес құрды. Жиынға облыстың 500-ге жуық тұрғыны қатысты. Үш сағатқа жуық уақыт бойы ата-аналар қауымы, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, білім саласының қызметкерлері мен журналистер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. ҚР Оқу-ағарту министрі өз кезегінде барлық қойылған сұраққа жан-жақты және нақты жауап берді. Атап айтсақ, мектеп директорларын ротациялау, білікті педагогтарды еліміздің 4 облысына тарту, балабақшаларды лицензиялау, білім беру ұйымдарындағы штат, инклюзивті білім беру, білім беру үрдісіндегі тәрбие сияқты түрлі тақырыптарға қатысты мәселелер көтерілді. Халықпен есеп беру кездесуінен кейін министр бірқатар тұрғындарды жеке қабылдады. Азаматтарды қабылдаудан кейін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының өкілдерімен, сондай-ақ облыстағы колледж басшыларымен кездесу өткізді.
— Әр кездесу сайын әріптестерімнің сұрақтарының мазмұны мен бағыты өзгеріп жатқанын байқап жүрмін. Мәселен, кеше ғана білім басқармаларының бұрынғыдай аудан әкімдіктеріне емес, облыстың білім басқармаларына бағынатынының оң әсерін атап өтті. Бұл бірден ауқымды проблемаларды шешуге мүмкіндік берді. Мысалы, мұғалімдердің тікелей міндетінен тыс функцияларға жиі араласуы. Әріптестер бұрын өздерінің түрлі іс-шараларға қатысып, негізгі жұмыстарынан алшақтап қалатын кездерін еске алды. Қазір жағдай мүлде басқаша, себебі педагогтер заң бұзылған жағдайда құқықтары қорғалатынын біледі. Өйткені білім бөлімдері қазір білім беру мәселелерімен тікелей айналысады, — деді министр.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы тамақтану және баға саясатын қалыптастыру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары, әдістемелік кабинеттердің жұмысы, колледж студенттерінің жатақханасын күтіп ұстау, арнайы пәндерді оқыту, оқу жүктемесі мәселелері талқыланды. Нормативті құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін ұсыныстар да айтылды. Жиын соңында Асхат Қанатұлы кездесуге қатысқан барша тұрғындарға уақыт бөліп, білім саласына бей-жай қарамағандары үшін алғысын білдірді. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі