Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, жыл басынан бері рухани астанаға 1000-ға жуық шет елдік турист келді деп newsroom.kz хабарлайды. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. «Бизнесті қолдау және туризм» бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері қалаға 385 мыңнан астам турист келген. Сонымен қатар баяндамашы шаһардағы инвестиция көлемі артқанын мәлімдеді.
Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда инвестиция көлемі 100,2 млрд. теңгеден 115,1 млрд. теңгеге артқан. Өңдеу өнеркәсібі 6,31 млрд. теңгеден 6,62 млрд. теңгеге көбейген. Шағын орта бизнеспен айналысатын 2327 тұрғын тіркеліп, 1719 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Баға тұрақтылығын сақтау үшін 30 әмбебап дүкенде әлеуметтік бұрыш ашылды. Одан бөлек туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да атқарылған. Туризм саласында оқитын студенттерге арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, қаладағы орналасу орындарының қызмет көрсетуі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы. Түркістан облысының туристік әлеуеті жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, споттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар баршылық деген сөз.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Облыстағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қо-рықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі