Түркістан: Балаларға табиғат аясында ұлттық құндылықтар насихатталды

Түркістан: Балаларға табиғат аясында ұлттық құндылықтар насихатталды

ашық дереккөзі

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясында, Төлеби ауданының демалыс аймағында «Жусан» әскери-гуманитарлық операциясы арқылы елге қайтарылған 5 отбасы мүшелерінің қатысуымен 2 күндік тимбилдинг ұйымдастырылды деп жазады newsroom.kz. Тимбилдинг аясында оларды қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу, теологиялық-психологиялық көмек көрсету мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Іс-шара қазақ халқының діни-рухани тұтастығын сақтау, өскелең ұрпаққа халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрлерін насихаттау, жасөспірімдердің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Тимбилдингтің бағдарламасында террористтік белсенді аймақтардан қайтарылған 5 отбасының балаларына анимациялық кейіпкерлердің қатысуымен түрлі көңілді іс-шаралар өткізіліп, табиғат аясында психологиялық ой сергітер ойындар ұйымдастыру арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеу курстары жүргізілді. Білікті дінтанушы, теолог, психолог мамандар тарапынан «Салт-дәстүр тағылымы», «Ханафи мазхабындағы діни үкім шығару мәселесі», «Дін мен дәстүр – тәрбие діңгегі» тақырыптарында қазақ халқының діни-рухани мұрасы кеңінен түсіндірілген теологиялық дәрістер өткізілді. Сонымен қатар «Толағай» отбасылық-спорттық сайысы ұйымдастырылып, жүлделі орындар табысталды. Тәлімі мен тағлымы мол тимбилдингке қатысушылар облыс басшылығына, осы іс-шараны ұйымдастырушы облыстық дін істері басқармасына алғыстарын білдіріп, жақсы көңіл-күйде тарқасты.

Жүктелуде...