Хұсам ад-Дин Лашынның туған жылы белгісіз, бірақ ол қазіргі Түркияның Изник көлінің жағалауындағы Никея шағын қаласында туып-өскені белгілі.
Мәмлүктер мемлекетінің бірінші Билеушісі болған Сұлтан Айбектің он бес жасар ұлы Нураддин Али Дамаскіде қаңғырып жүрген Лашынды аяп, қол астына алады. Қыпшақ мәмлүктері Лашынға «шақыр» (тақыр кедей) деп лақап ат қояды. 1257 жылы ұлты түрікмен Сұлтан Айбек қаза тапқаннан кейін Сұлтан Қалауын Лашынды өз қарамағына алып, «кішкентай Лашын» деп атайды.
1280 жылы Сұлтан Қалауын Хұсам ад-Дин Лашынға сенім білдіріп, Дамаскідегі әскери бекіністі басқаруды тапсырады. Сол кезде өзін Дамаскінің сұлтаны деп жариялаған Сұңқар әл-Ашқар бүлік шығарғанда, Әмір Лашын Каирден келген қыпшақ жауынгерлерімен бірге бүлікшілерді басып тастайды.
Осыдан кейін Сұлтан Қалауын Әмір Лашынды Дамаск қаласындағы өкілі ретінде тағайындайды.
Сұлтан Қалауын Әмір Лашынға қанша жақсылық жасаса да, ішімдікке әуес екіжүзді Лашын Сұлтан Қалауынның ұлы Сұлтан әл-Ашрафты жауыздықпен өлтіруге қатысады, кенже ұлы Сұлтан ан-Насырды биліктен тайдырады.
1297 жылы Мәмлүктер мемлекетінде билік басына өрмелеп шыққан Хұсам ад-Дин Лашын Мысыр мен Шам елінің он бірінші Билеушісі атанады. Кетбұға кезінде Сұлтанның орынбасары болған Лашын тағы да ешнәрсе жарытпайды. Қолынан шаруашылық іс келмейтін Лашын мысырлықтарға жалған уәделерін үйіп-төгіп бергенімен, елдің жағдайы күннен күнге нашарлай береді. 1299 жылдың 16 қаңтарында Әмір Сейф ад-Дин Қаршы (Қазіргі Өзбекстанның Қашқадыр өңірінің әкімшілік орталығы болып саналатын Қаршы шаһарында дүниеге келген) билік басында екі жыл екі ай болған Хұсам ад-Дин Лашынды өлтіріп, өзі билік басына келгісі келеді. Алайда, Сұлтан Қалауынның антына берік Сұлтан әл-Ашраф Салах ад-Дин Халилдің мәмлүктері Әмір Бейбарыс әл-Жашынкырмен ақылдасып, басқа шешім қабылдайды. Әмір Бадр ад-Дин Бектас пен Әмір ас-Салах Иорданиядағы Карак қамалына барып, Сұлтан Қалауынның 16 жасқа толған кенже ұлы ан-Насырға анасы Ашлон ханыммен Мысыр мен Шам елінің астанасы Каирге оралу туралы мәмлүктер мен жергілікті халықтың тілектерін жеткізеді.