Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
31 мамыр, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Бақсы сиқыры» тыңдармандарын баурап жатыр

«Бақсы сиқыры» тыңдармандарын баурап жатыр

«Бақсы сиқыры» тыңдармандарын баурап жатыр
ашық дереккөзі
«Астана кештерi» ХI халықаралық өнер фестивалінің алғашқы концертінде ерекше музыкалық туындының премьерасы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Француз композиторы Пьер Тиллуа жазған қобыз бен скрипкаға арналған «Бақсы сиқыры» атты жаңа музыкалық шығарма барша өнер сүйер қауымды тәнті етті. Екі ішекті аспап – қылқобыз бен скрипканың қайталанбас дуэтін тыңдармандар жоғары бағалады. Әлемдік премьераны Франциядан келген қобызшы Айгерим Ерсаинова-Шустер мен скрипкашы Квентин Фогель орындады. Сондай-ақ бұл кеште белгілі қазақстандық және шетелдік өнер жұлдыздары француз композиторының фортепианолық және ансамбльдік туындыларын шырқады. Белгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев, альт аспабында ойнаған Анна Серова (Италия), скрипкашы Шолпан Манкеева, виолончелист Мұрат Нарбеков  пен пианист Дина Мирманованың шеберлігі зор ықыласқа бөленді. Музыканттар Пьер Тиллуа шығармаларының әуені мен көркемдік алуан түрлілігі ерекше екендігін атап өтті. в Пьер Тиллуа – 8 үлкен симфонияның, 20 симфониялық поэманың, 3 оркестр, 3 хор және 7 солист үшін жазылған ораторияның авторы. Көптеген ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері. Композитор әлемді аралап, Орталық Азия мен Орталық Шығыс елдеріне жиі саяхаттаған. Бірнеше жыл Әзербайжан мен Өзбекстанда өмір сүріп, осы елдердің мәдениетін терең зерттегені композитордың музыкасында да айқын көрініс тапқан. Қазіргі кезде Тиллуаны әлем музыканты деп атайды. Француз авторы қазақ музыкасы негізінде ұлттық аспаптарда орындалатын көптеген композицияларды жазды. Автордың айтуынша, қобыздың үні оған ерекше әсер еткен.
«Қобыздың үні мені бірден баурап алды. Оның қайталанбас әуендері «Бақсы сиқыры» атты қобыз бен скрипкаға арналған шығарманың жазылуына шабыт берді. Бұл – менің Қазақстан еліне деген құрметімді білдіретін арнайы тартуым. Қазақстанға алғаш рет келіп, осы керемет елдің астанасында шығармашылық кешімді өткізу – мен үшін үлкен мәртебе», деп жеткізді Пьер Тиллуа.
Ол фестивальдің ұйымдастырушысы – «Дегдар» гуманитарлық қорына алғысын білдірді. Француз композиторының музыкасы өнерде шекара болмайтынын тағы бір дәлелдей түсті. Бұл туралы өз пікірін «Дегдар» қорының директоры Лаура Ахметова жеткізді. «Пьер Тиллуаның шығармашылығы көп қырлы. Оның Франция төрінде туған әуендерінде Азия үні естіледі. Композитор қазақ музыкасын өте жақын қабылдады. Жалпы, жыл сайын фестиваль аясында сан түрлі мемлекеттің музыкалық өнерін өзара жақындастыратын ерекше концерттер өтеді. Демек, музыка өнері айналамызды жарқын етіп, бірлігімізді арттыра түсетін алып күшке ие», деді Лаура Ахметова. Еске салсақ, алдағы уақытта «Астана кештері» өнер фестивалінің тағы 3 концерті «Астана балет» театрында өтеді және көрермендер оларды тегін тамашалай алады.