Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
21 мамыр, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Ең жас вице-министр: қарапайым шаруаларға жер алу мүмкіндігі көбейеді

Ең жас вице-министр: қарапайым шаруаларға жер алу мүмкіндігі көбейеді

Ең жас вице-министр: қарапайым шаруаларға жер алу мүмкіндігі көбейеді
ашық дереккөзі

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді конкурсқа салғанда енді тек салынатын инвестиция көлеміне ғана назар аударылмай, шаруалардың жеке жағдайы егжей-тегжейлі сарапталады .

«Бұл бойынша Ереже 2018 жылы қабылданған, оған дейін де ережелер болған. Оған сәйкес жер алу үшін ақша, инвестиция құйғаныңа байланысты бал беріледі. Яғни, кім ақша көбірек құяды, жерді сол алып кетеді. Конкурсқа қатысқанда  техникасы, қаражаты бар азаматтардың мүмкіндігі жоғары. Сондықтан 2022 жылдың басында келесідей норма енгіздік: мысалы, бір ауылдық округте бір жер конкурсқа шықты дейік, ауыл азаматы мен басқа жердің тұрғыны конкурсқа түссе, ауыл азаматына басымдық беріледі. Оған қосымша 10 балл беріледі. Енді біз осы ережеге тағы да қосымша жаңа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Егер де өмірінде бірде бір рет ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін мемлекеттен конкурс арқылы алмаған немесе кезінде әділетсіздікпен жерінен айырылып қалған адам конкурсқа түсетін болса, бірінші басымдық сол азаматта болады»,- деп түсіндірді вице-министр.

«Бұл жерде бірақ азамат бірден 100 гектар, 200 гектар алып аламын деп ойламауы керек. Бірінші біз оған суармалы жерден 5 гектар, тәлім егістіктен 20 гектар, жайылымнан 100 гектар мүмкіндігіне қарай береміз.  Егер әрі қарай жерді игеріп жатса, қаражат жинап, жағдайын түзеп жатса қосымша тағы жер алуына мүмкіндігі болады. Біз жер инспекторларының тарапынан бақылауды осы үшін күшейтіп жатырмыз. Бір жылда берілген жерді игермесе келесі жылы оған нұсқама беру арқылы қайтарып аламыз. Сөйтіп ол азамат 3 немесе 5 жыл қатарынан жер алу құқығынан айырылады», - деп түсіндірді ол.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы бөлуде әділетсіздіктің алдын алу – қазір министрлік алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін айтып отыр АШМ министрінің орынбасары.