Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, бір жылда қазақ ұлтының үлесі 0,6 пайызға (80 мың адам) өсіп, 2022 жылдың басында 69,59 пайызға жеткен. Бұл елімізде қазақтардың жалпы саны 13,3 млн адам болды дегенді білдіреді деп хабарлады newsroom.kz порталы.
Бюллетендегі ақпаратқа қарағанда, елімізде қазақтардың саны соңғы 30 жылда 2 есе өсіп (1989 жылғы халық санағы бойынша қазақтар саны небары 39,7% болған), 69,59%-ға жеткен.
Бүгінде 5 өңірде қазақтар үлесі 80%-дан артық. Мысалы, Нұр-Сұлтанда - 81,08%, Ақтөбе облысында - 84,29%, Маңғыстау облысында - 91,57%, Атырау облысында - 93,01% және Қызылорда облысында - 96,54% қазақ тұрады. Солтүстік Қазақстанда орыстардың үлесі 49 % болса, қазақтар небары 35%-ды құрап отыр. Ал басқа аймақтарда қазақтардың үлесі басым.
Былтыр қазақ ұлтынан басқа тағы бірнеше ұлт диаспораларының үлесі артты. Нақты айтқанда, бір жылда өзбектер 17,6 мыңға көбейіп, жалпы есебі бойынша 637,9 мыңға жеткен. Сондықтан еліміздегі өзбектер саны жағынан 3-орында тұр. Олардың көбісі Түркістан облысы мен Шымкент қаласына және соның маңайындағы аудандарға шоғырланған.
Ұйғырлар бір жылда 4,2 мыңға көбейіп, жалпы саны 283,1 мыңға жеткен. Әзербайжан - 116,7 мың, түрік - 116,2 мың, дүнген - 78,2 мың, тәжіктер - 53,4 мың болып, олардың да үлес салмағы артқан.
Ал еліміздегі орыстар саны бір жылда 48,5 мыңға азайған. Қазір Қазақстанда 3 млн 430 мың орыс тұрып жатыр. Олардың үлесі - жалпы халықтың 17,94 пайызы.
Қазақстанда соңғы жылда украиндардың саны да азайған. Қазір елде небары 247 мың украин бар.
Былтыр 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19 169 550 адам болып, қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткені айтылған еді.
2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлесі 63,1 пайыз болған.