Қазақстанда енді мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты «мүгедек» емес, «мүгедектігі бар адам» термині қолданылады. Сондай-ақ Мәжіліс мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлады newsroom.kz порталы.
Заң жобасына Сенат пен Мәжілістің бір топ депутаты бастамашылық жасады. Заң жобасы бойынша 75 заңнамалық актіге, яғни 11 кодекс және 64 заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
«Жобада мүгедек адамдарға қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар енгізіліп отыр. Оның ішінде, «мүгедек», «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен ауыстырылады», – деді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде «рeople-first language» деген түсінік бар. Яғни бірінші кезекте оның адам баласы екеніне мән беріліп, кейін ауру-сырқауы жөнінде айтылуы қажет.
Сондай-ақ заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар «соқыр», «саңырау», «мылқау» деген терминдерді «көру қабілетінен толық айырылған адамдарға», «есту қабілетінен толық айырылған адамдарға», «сөйлеу қабілетінен толық айырылған адамдарға», «мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы» деген терминді «мүгедектігі бар адамның абилитациясы және оны оңалтудың жеке бағдарламасына» өзгерту жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізді.
Сонымен қатар оңалту, мүгедектіктің алдын алу және осы бағыттағы атқарылып жатқан қызметтерді біріздендіру мақсатында «абилитация» түсінігі енгізілді.
Абилитация – медициналық реабилитациядағы ем-домның сапасын едәуір көтеретін әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмек.
Аталған норма БҰҰ конвенциясына сәйкестендірілді.