Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін партияның кезектен тыс XXIII съезінде айтты деп хабарлады newsroom.kz порталы.
«Бүгіннен бастап AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда, Президент партия төрағалығына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты ұсынды.
«Мен партия төрағасы лауазымына Ерлан Жақанұлы Қошановты ұсынамын. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Ерлан Жақанұлының ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат», - деді Мемлекет басшысы.
Осыдан кейін делегаттар дауыс беріп, Ерлан Қошановтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізге және әріптестеріме сенім білдіргендеріңіз үшін тағы да рахмет айтамын», - деді жаңа төраға.