- Мемлекет басшысы ауыл айналасындағы жерлер ортақ пайдалануға қайтарылатынын айтты. Бүгін сіздермен мәселенің анық-қанығына жету үшін кездесіп отырмыз. Халықтың талабын орындауда қандай кедергілер орын алуда деген сұрақпен жергілікті атқарушы биліктен де ақпарат алып, жан-жақты сараптаймын. Ауданның жер қорына қайтарылған жерлер жеке меншікке ешқашан өтпейді. Ол қоғамдық ортақ пайдалануға беріледі. Оған арнайы Жер Кодексі мен заң нормалары бар. Одан бөлек біз жайылым мен егістіктегі жерлерді айналдыру мәселесін де көтерудеміз. Алда Министрлікпен бірлесе бұл мәселенің де шешу жолдарын қарастырамыз. Түркістан облысына қатысты кез келген сұрақтар мен ұсыныстарды қабылдауға дайынмын. Талаптарыңызды тиісті министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдаймын. Сіздермен шілде айында қайта кездесуді жоспарлаудамын, - деген халық қалаулысына ауыл тұрғындары өтініштер аяқсыз қалмай, нәтиже күтетіндерін жеткізді.Ал 306380 гектарды құрайтын Төлеби ауданының жер көлемінде, ауыл шарушылығы алқаптарының жиынтығы 93223 гектар. Былтыр аудан әкімдігі халықтың мұқтаждығына байланысты есепті кезеңге 8708,9 мың гектар ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Алайда Қасқасу ауылдық округінде жайылым жер көлемі тым аз. Өйткені Қасқасуда 5500 тұрғын болса, жайылым жерлер небәрі 400 гектар ғана. 2019 жылы 1558 гектар жер «Сайрам-Өгем» ұлттық парктің теңгеріміне еніп кеткен. Кездесуде көтерілген басты мәселе - аталған жер телімін халықтың мұқтаждығына байланысты ортақ пайдалануға қайтару. Оны шешу жолы қаулы мен мемлекеттік актіні Үкімет тарапынан қайта қарап, күшін жою дейді шаруалар. Депутат Қ.Абасов аталған мәселе тек 3 ауылға ғана емес бүкіл өңірде кездесетін жағдай екенін атап өтті. Кездесуде айтылған өтініштерді топтастырып, Парламент отырыстарында тиісті Министрлікке депутаттық сауал жолдайтынын хабарлады. Ал, аймақтық филиалдың Атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев мәселелер саяси ұйымның бақылауында болатынын мәлімдеді. Жалпы Түркістан облысы бойынша жайылым жерлерді ортақ пайдалануға қайтару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Өңір басшысы Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен барлық аудан, қала әкімдері назарға алып, заңдылығына сәйкес жұмыстар атқарып келеді. 2021 жылы 132 мың гектар жер қайтарылса, биыл 1 млн 12 мың гектарға арттыру жоспарланған. Бірақ жауапты сала мамандарының айтуынша көзделген көлемнің жартысы ірі жер пайдаланушыларына берілсе, қалғаны меморандум арқылы жүзеге асырылады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі