Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 сәуір, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Рухтың айнасы

Рухтың айнасы

Рухтың айнасы
ашық дереккөзі
Адамның жаны жақұттай жарқырап, рухы салтанат құрар болса, сыртқы дүниесі де сәулеленіп, ізгілік пен мейірімге малынып тұрары анық деп жазады newsroom.kz порталы egemen.kz сайтына сілтеме жасап. Ежелгі Қытай аңызының желісін бақсақ, қайсыбір заманда бір елді айдаһар жайлапты. Жан-жағын жайпап, жұрттың малын, мүлкін талғамай жұтса да тоя алмай, кең дүниені тарылтып, топалаң жасапты. Төтеннен төнген тажалға төтеп бере алмай қара халық торығыпты. Қаншама қайратты ерлер бес қаруын сайлап, басын ажалға байлап, айдаһарға беттеп барса да қайран қыла алмай қабырғасы қақырап, жеңіліпті. Халық болған соң, алып та тумай тұрмайды. Ақылына айласы сай бір арыстан жүректі жігіт мекеніне жетіп, күркіреп шыққан құбыжықпен алысып, айдаһардың осал тұсына ойсырата найзасын сұғыпты. Ғайыптың ісіне ғақыл жүре ме, тажалды жеңдім деген әлгі сәтте ер жігіттің өзі айдаһарға айналып кетіпті. Аңыздың аңысын аңдағанда, оның пессимизммен аяқталатынын көреміз. Әдетте, біздің халықтың аңызы басқаша түйінделетін, ақырында қаһарман мұратына жететін. Батыс ойшылдары осы сарындас аңыздарды өзгеше тәпсірлейді. Мәселен, Фридрих Ницше «Ізгілік пен зұлымдықтың арғы беті» еңбегінде «Құбыжықпен күрескен әрбір кісі өзі де құбыжыққа айналып кетуден сақтану керек. Құрдымға ұзақ үңілер болсаң, бір мезетте құрдым да саған қарайды» дейді. Демек құбыжықпен күресте құбыжыққа айналып кетуден басқа жол жоқ болғаны ма? Біздіңше, бар. Қасиетті кітапта перғауынның сиқыр­шылары Мұса пайғамбардың алдына ысыл­даған ынсапсыз ырғын жыланды жіберетіні жайлы оқиға бар. Құдайдың құдіретіне шек келтірмеген Мұса пайғамбардың қолындағы киелі асатаяғы бір демде әбжыланға айналып, алапасын асыратын. Осыны тәпсірлеген Жәләладдин Руми «Мәснәуи» кітабында аждаһаны іштегі нәпсіге теңейді. Шектеуді білмес, шегендеу көрмеген тойымсыз нәпсіні дүниеауи қалауларыңды тежемей, тойындыра берсең, түптің түбінде ол араны ашылған алып аждаһаға айналады деген ой айтады әулие ақын. Әр адамның ішінде бас көтерген бармақтай құртты бастықтырмаудың соңы басыңды жұтар байлаусыз аждаһамен бетпе-бет қалуға алып келеді екен. Демек әр адамның ішінде бір айдаһар өмір сүреді. Әуелі ішке құрт боп түсетін ол адаммен бірге өсіп, кісінің нәпсісімен қоректенетін болса керек. Ал адам оны өзінің құмарлық-құштарлықтарымен, қалау-аңсауларымен асырайды. Ісініп, тоят таба алмаған ол кейде кісінің өзін жұтып тынады. Адам баласы сол іштегі айдаһарды құрт кезінен құрықтап, тежеп ұстап, жеңе білсе, сырттан жау алмасы анық. Кез келген күрес әуелі іштен басталады. Сондықтан Абайдың «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең» деп айтқанындай, нәпсіні ты­йып, рухты шыңдау – толық адамның жолы, кемелділіктің кілті болса керек. Дана халқымыздың бұл қағидатты ежелден жақсы білгенін Аяз би туралы ертегіден айқын аңғарамыз. Мадан ханның Сүлейменнің жүзігіндей, Мұсаның асасындай, Дәуіттің қоржынындай қасиетке ие гауһар тасы болушы еді ғой. Сол тасты сынаған Аяз би «Сіздің тасыңыз, рас, қасиетті тас екен. Бірақ тастың ішінде екі қарабас құрт бар. Тасыңыздың пышақ сырты қалыңдығы қалыпты. Сол құрт аз уақыттан соң тесіп шығады; тесіп шыққан соң тасыңыз пайдаға аспайды. Тастың қасиетіндей салмағы да болу керек. Тас жеңілденген екен. Құрт бар екенін сонан білдім» дейтін. Тасты жарып көргенде, шынында да ішінен кеулеп тесіп келе жатқан екі құрт шыққан еді. Осы тастың мысалы – адамның өзі емес пе. Өзі болғанда, оның арғы жағынан біз айтып отырған рух мәселесін аңдауға болады. Шын мәнінде, әр адам – бір асыл тас. Ішкі дүниесі таза болса, шаңы сүртілген асыл тастай әр кісі күн болып, рух болып жарқырайды. Бұл жайында хакім Абай «Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» дейді. Осы тазалық, осы хикмет – рухтың айнасы. Міне, қасиетті Рамазан айының алғашқы он күні өтті. Исі мұсылманның ораза ұстауы – парыз, игілік, абзал амал. Қастерлі рахым айында, арылу, тазару, ағару, ыждағат айында іштегі құртты өсірмей, өркен жайдырмай, ырқына бойсұнып, ындынның ыңғайына көнбей дер шағында байлап-матап ұстау – адамдықтың бір шарты болса керек. Сонда ғана рух салтанат құрады. Сонда сырттан айдаһар іздеудің де қажеті жоқ. Өйткені ол – ішіміздегі тоғайған, тежелмеген тоқтаусыз тажалдың тысымыздағы көрінісі ғана. Әр адамның ішіндегі тізгінделмеген тажал оның сыртына шығып тұрады. Жеңістің ең ұлысы – өзіңді жеңу болатыны да сондықтан.  

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ